Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Парламентінің бірінші сессиясында сайлау алдындағы уәделер мен бағдарламаларды орындаудың маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекетті басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру қажет. Сайлау алдындағы бағдарламалар және уәделер ретімен орындалуы керек. Сонда азаматтардың билікке және шынайы өзгеріске деген сенімі артады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, реформаларды әзірлеу және жүзеге асыру ісінде мемлекеттік қызметшілер маңызды рөл атқарады.
«Сол себепті, жұмысқа ынтасы бар және жоғары білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту керек. Жеке секторда жүрген кәсіби және дарынды басқарушылар үшін жол ашық болуға тиіс. Бізге мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу қажет. Орталыққа жалтақтамай, жергілікті жерде мәселені шешуге дағдылану керек. Мемлекеттік органдардағы жұмысты ұйымдастыру мәдениетін де толық жаңғыртқан жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Астанада жаңадан сайланған Парламенттің алғашқы сессиясы өтіп жатыр.