Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев VIII сайланған мәслихаттың алғашқы сессияның күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша сөз сөйледі. Әкім өткен шақырылым депутаттарының жұмысына алғыс білдіріп, жаңа сайланған депутаттарды зор міндеттер мен ауқымды істер күтіп тұрғанын айтты.
– Ең алдымен өткен шақырылымның депутаттарына ойдағыдай қызмет атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін. VII шақырылымдағы Алматы облыстық мәслихатының депутаттары 34 сессия өткізіп, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды 160 шешім қабылдаған. Сіздер алдыңғы әріптестеріңіздің қарқынын сақтай отырып, одан да жемісті жұмыс атқарады деп ойлаймын. Себебі, бәрімізді зор міндеттер мен ауқымды істер күтіп тұр. Облысымыздың гүлденуі жергілікті атқару органдары мен өкілді органның тығыз жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Ең басты мәселе – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, – деген облыс басшысы өңіріміздегі өзекті мәселелерге де тоқталып өтті.
– Алматы агломерациясы аймағында 52 үшауысымды мектеп бар, денсаулық сақтау нысандарының 239 немесе 70%-ы жалға алынған және бейімделген үй-жайларда орналасқан. 125 дәрігер кадр тапшы. Тұрғын үй кезегінде 35,3 мың адам тұр. 39 елді мекеннің аудан орталықтарымен көлік қатынасы жоқ, – деген әкім Алматы агломерациясы аумағында орналасқан елді-мекендерден күн сайын қалаға 500 мыңға дейін адам қатынайтынын, бұл Алматы қаласының инженерлік-коммуникациялық және әлеуметтік инфрақұрылымына үлкен салмақ түсіретінін айтты.
Облыс басшысының мәліметінше, халықтың табысы төмен деңгейде қалып отыр: 2022 жылы жан басына шаққандағы орташа табыс 106,3 мың теңгені құрап, республикада 16 орында болған. Республика бойынша орташа көрсеткіш 3,4 болса, Алматы облысының көрсеткіші тек 2,3-пен ең төменгі күнкөріс деңгейін құрайды.
Алма ЕСЕНБАЙ