Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыстық мәслихаттың VIII шақырылымының I кезекті сессиясы өтті. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Сессия жұмысын облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрамгүл Айтова ашып, сайлау қорытындысымен таныстырды.
– Жуырда өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауында бірмандаттық округтер бойынша Мәжіліске Алматы облысынан 2 депутат, облыстағы барлық деңгейдегі мәслихаттарға 228 депутат, оның ішінде облыстық мәслихатқа – 38, аудан, қала мәслихаттарына 190 депутат сайланды. Сайлаушылар тізіміне енгізілген 966 304 сайлаушының 580 072-сі дауыс берді, ол 60,03 пайызды құрап отыр.
Партиялық тізім бойынша дауыс беру нәтижелері төменгідей болды: «Аманат» партиясы 403950 дауыс жинады. Бұл сайлаушылар даусының 71,28%-ын құрайды. «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 78726 дауыс жинап, сайлаушылар даусының 13,89%-на, «Respublica» партиясы 10038 дауыс жинап, сайлаушылар даусының 1,77%-на, Қазақстан Халық партиясы 12583 дауыс жинап, сайлаушылар даусының 2,22%-на, «Байтақ» жасылдар партиясы 9662 дауыс жинап, сайлаушылар даусының 1,70%-на, «Ақ жол» демократиялық партиясы 19511 дауыс жинап, сайлаушылар даусының 3,44%-на ие болды, – деді Мейрамгүл Қазбекқызы.
Бұдан ары сессияның күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, облыстық мәслихаттың төрағасын сайлау, тұрақты комиссиялар құру, тұрақты комиссиялардың сан құрамын белгілеу және құрамын сайлау, облыстық мәслихат аппаратының құрылымын және штат кестесін бекіту жайы талқыланды.
Мәслихат төрағасы лауазымына кандидатураны ұсыну үшін сөз «Аманат» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаевқа берілді. Ол кандидат ретінде Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділовті ұсынды. Ашық дауыс беру нәтижесінде Талғат Байеділов облыстық мәслихаттың төрағасы болып сайланды.
Бұдан ары сессия жұмысын жаңа сайланған төраға жүргізіп, облыстық мәслихат 38 депутаттан қалыптасқанын негізге ала отырып, 6 тұрақты комиссия құруды ұсынды. Тұрақты комиссиялардың сан құрамы айқындалып, төрағалары мен мүшелері сайланды.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселеге сай «Қазақстан Республикасындағы Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес облыстық мәслихат аппаратының құрылымы мен штат кестесі бекітілді.
Сессияның күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қорытынды сөз сөйлеп, VIII шақырылымдағы Алматы облыстық мәслихатының бірінші сессиясының өткізілуімен және мәслихат хатшысының, комиссиялардың төрағаларының сайлануымен құттықтады.
Алма ЕСЕНБАЙ