Алматы облысындағы саяжай алаптарында қордаланған мәселелерді жүйелі шешу үшін саяжай ұжымдары өкілдерінің жұмыс топтары өкілетті органдармен жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы бүгін Алматы облыстық мәслихатының алғашқы сессиясында сөйлеген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев айтты. Ол облыстағы саяжай алаптарындағы мәселелерді тізді.
– Қазіргі таңда облыста 674 саяжай алабы бар, онда 183 мың адам тұрады. Саяжай алаптарының негізгі мәселелері – елді мекен ретінде мәртебесі жоқ, әлеуметтік нысандар – мектептер, ауруханалар, балабақшалар және тағы басқалары салынбаған, жер учаскелері ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне арналған, саяжайлар тұрақты тұруға қарастырылмаған, көшелер мен жолдардың ені нормативтерге сәйкес келмейді, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толық көлемде қамтамасыз етілмеген, – деді өңір басшысы.
Марат Сұлтанғазиев осыған байланысты барлық аудандарда саяжай ұжымдары өкілдерінің қатысуымен тұрақты жұмыс топтары құрылғанын, олар саяжай алаптарының мәселелерін шешу бойынша уәкілетті органдармен жұмыс жүргізіп жатқанын айтып, мәслихат депутаттарын осы жұмысқа белсене араласуға шақырды.
Облыстағы саяжай алаптарының 200-і Қарасай, 157-сі Іле, 152-сі Талғар, 135-і Еңбекшіқазақ, 21-і Жамбыл ауданында, 9-ы Қонаев қаласында орналасқан. Саяжай қауымдастықтарының жалпы ауданы
10 мың га, саяжай учаскелерінің саны – 83 578, оның ішінде иесіз – 1367.