БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері Ұйғыр ауданындағы орман шаруашылығына өрт сөндіруге арналған киімдер, сексеуіл егуге арналған техника және қосымша құрал-жабдықтар табыстады.
Шарада облыстық табиғи ресурстар басқармасының басшысы Қанат Ақылұлы өңірде орман алқаптарын кеңейту және өртке қауіпті кезеңде сақтану мақсатында атқарылып жатқан істер жайлы айтты.
«Алматы облысында 7 орман шаруашылығында 9 өрт сөндіру стансасы бар. Қазіргі таңда өңір басшысының қолдауымен қосымша құралдар сатып алынып, шаруашылықтар жабдықталып жатыр», – деді Қанат Ақылұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев биылғы жылдың 1 наурызынан бастап бұл салаға 59 штаттық орын бөлген. Аталған шешім өрт сөндіру стансаларының және орман күзеті мамандарының артуына, олардың сапалы қызмет етуіне өз септігін тигізбек.
«Тиісті министрліктің Жарлығына сәйкес, наурыздың аяғында облыста өртке қауіпті маусым басталады. Осы маусым өткенше 14 өрт сөндіру техникасы жұмыс жасайды. Жалпы Алматы облысы техникамен 80% қамтылған. Бұл басқа аймақтармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Ал облыстағы орман өртіне қауіпті үш аудан бар. Олар: Балқаш, Іле, Ұйғыр аудандары», – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол облыста егілетін ағаштар мен тұқымдардың 70-75 пайызы жерсініп, жайқалып, өсіп-өніп кететінін де тілге тиек етті.
БҰҰДБ өкілдерімен тілдескен Қанат Ақылұлы оларға білдірген қолдауы үшін алғысын айтып, облыс әкімдігінің әрдайым әріптестікке дайын екенін жеткізді.
Alatau News