Сәуірдің 12-нен бастап елімізде бензин мен дизель құнының қымбаттауы халықты алаңдатып отыр. Себебі, өзі де шегінен шыққан ас атасы – нан бағасының өсуінен бастап, қымбатшылық тырнағына ілікпеген зат қалмағаны ащы да болса ақиқат. Бұл мәселе жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелердің де мазасын қашырған. Соның бірі, «Тұлпар-Экспресс» ЖШС. Талғар қаласы мен ауылдар арасында әлеуметтік маңызы бар 11 маршрут бойынша 37 автобус тұрақты жолаушылар тасымалымен айналысады.
– Біздегі автобустардың барлығы дизельмен жүреді. Оның құны онсыз да арзан емес. Мемлекеттен әр жолаушыға субсидия төленеді. Өткен жылы 4 айға бюджеттен 100 млн. теңге бөлініп, игерілсе, биыл бұл бағытқа 564 млн. теңге қарастырылған. Қоғамдық көліктер қаламен қоса, шалғайдағы Туғанбай, Нұра, Орман ауылдарына жолаушы тасымалдайды. Жолақы құны – 80 теңге болса, оқушыларға 50 пайыз жеңілдік бекітілген. Жағармай бағасының қымбаттауына орай, жолаушылар билетінің құнын өсірмей, бұрынғы қалыпта ұстап тұру ойымызда бар, – дейді ЖК «Тұлпар-Экспрестің» иесі Бауыржан Әукенов.
Ұлбосын ИСАБЕК,
Талғар ауданы