Облысымыздың әкімі Марат Сұлтанғазиев Қоян жылындағы өңірлерге сапарының бірін Кеген ауданына арнады. Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде алғашқы сөздің басын бастап, осы ауданның тізгінін 2018 жылдан бері қарай қолына бекем ұстап, ел мен жердің игілігін қалауда жап-жақсы жұмыс жүргізген аудан әкімі Талғат Байедиловтың облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен облыстық мәслихаттың төрағасы болып сайланғанын, бұл жұмысты да өз деңгейінде жүргізетіненіне үлкен сенім артылып отырғанын тілге тиек етті. Бұдан кейін Кеген ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Кеңес Қабылбеков ауданның өткен жылғы әлеуметтік және экономикалық жағдайы туралы әңгімеледі. Облыс әкімінің былтыр Кеген ауданы тұрғындарымен есепті кездесуінде айтылған өтініштердің орындалуы барысына тоқталып өтті.
Рас, тыныс-тіршілігі, ырысы мен құты ауылшаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына негізделген ауданның әлеуетін туризм саласы көтеріп жүр. Көрікті Көлсай арқылы Кеген өңірі туризмнің бір отанына айналуда. Гауһар көлдердің ауданға тигізіп отырған шапағаты баршылық. Әйгілі Шарын шатқалының бас жағына тұрғызылған Мойнақ СЭС-ның да өңір үшін игілігі бар. Тарихи құндылыққа толы Қарқараның қасиетті жері, Үш Меркінің өңірі арқылы көпке таныс Кеген ауданында отыз мыңнан аса халық тұрады. 12 ауылдық округ аумағындағы ірілі-ұсақты отыздан аса ауылда көктемгі төл алу науқанын сәтімен жүргізіп, аса маңызды егістің басын бастап жатқан еңбеккер ағайынды көруге болады.
Президент Жарлығымен қайта қалпына келгеніне биыл сәуір айында 5 жыл толған ауданда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жоқ емес. Өткен жылы басты сала – ауылшаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемі 37 млрд. 756 миллион теңгені құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 24 млрд. 373 миллион теңгеге жетті. Өңірдегі кәсіпкерлік субьектілер 15 млрд. 400 миллион теңгенің қызметін көрсетіп, ауданның бюджет қоржынына 3 млрд. 100 миллион теңгенің салығын құйды. Өткен жылдың ауқымында ауданда 6 млрд. 171 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 7 млрд. 183 миллион теңгені құрып, нақты көлем индексі 145,1 пайызға орындалды. Көлсайдың, аудандағы туризмнің арқасында өткен жылы таулы аймаққа 200 мыңнан аса туристер келіп, бюджетке 65,7 миллион теңге қаражат түскен. 2018 жылдың сәуір айынан бастап Кеген ауданының әкімі болып тағайындалып, жұмыс істеген Талғат Байедилов жақындағы ғана облыстық мәслихаттың төрағасы болып сайланып, үлкен сенімге ие болды.
Ел мен жерге жасалып жатқан игіліктерді айта кеткен жөн. Өткен жылы Қарқара ауылынан 30 адамға арналған дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді. Мұндай жақсы дүниенің құрылыс жұмыстары Ақай Нүсіпбеков атындағы ауылда да сәтімен жалғасып жатыр. Кеген, Саты ауылдарында ауылдық әкімдіктің жаңа кеңсе ғимараттары салынды. Аудан орталығы Кеген ауылының іргесі жыл өткен сайын кеңіп келеді. Өткен жылы 36 тұрғын үй пайдалануға берілсе, қазіргі уақытта 20 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Биылдан бастап жалға берілетін 30 үйдің құрылысы басталады. Аудандағы Қарқара, Бөлексаз, Жалаңаш ауылдарынан заманға лайық жаңа мәдениет үйлерінің құрылыс жұмыстары жалғасып келеді. Былтырғы жылдың ауқымында аудандағы екі мектептің, 1 балалар бақшасының, аудандық аурухананың, Жалаңаш ауылдық ауруханасының, Тоғызбұлақ дәрігерлік шаңырағының ғимарттары күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңғырып, жайнады. Кеген ауылдық округінің аумағынан ет өңдейтін комбинаттың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл нысан пайдалануға берілсе, Кеген, Райымбек аудандарының малшыларына, төрт түлік мал өсірумен айналысатын тұрғындарына шапағатын тигізетін болады. Былтыр облыстық әкімдіктің қолдауымен Қарқара ауылдық округінен игерілмей, пайдаланылмай келе жатқан жерлерді игеруге негізделген сервистік дайындау орталығы құрылып, 299 миллион теңгенің трактор, техникаларымен қамтамасыз етіліп, іске кірісті. Аталған сервистік орталық былтырғы жылдың өзінде шаруа қожалықтарындағы игерілмей жатқан 500 гектар жерді жыртып, көктем егісіне дайындап қойды.
Кеген ауданының халқымен есепті кездесуінде облыс әкімі М. Сұлтанғазиев облыстың өткен жылғы экономикалық және әлеуметік даму көрсеткіштеріне тоқталды. Атап айтқанда, өнеркісіп өнімінің көлемі 8,9 пайызға, құрылыс жұмыстары 28,4 пайызға, сауда 8,4 пайызға ұлғайып отыр. Облыс аумағына тартылған инвестицияың өсімі 14,1 пайызды құрап, 609 миллиард теңгеге жетті. Өткен жылы облыс бойынша жалпы 26,3 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Өңір басшысы Қонаев қаласының бас жоспары әзірленгенін сөз етті. Жоба барлық мүдделі органдармен келісілгеннен кейін Үкімет қаулысымен бекітілетін болады. Болашақта облыстың орталығы – Қонаев қаласы дамыған инфрақұрылымы, жаңа әлеуметтік нысандары, көптеген саябақтар мен демалыс орындары бар, халық саны 200 мыңға жететін заманауи сәулетті қалаға айналатын болады. Президенттің тапсырмасына сәйкес биылғы және алдағы жылдар ауылдық аумақтарды дамытумен ерекшеленетін болады. Ауылшаруашылық саласы Отандық экономиканың жаңа қозғалтқышына айналады. Облыс әкімі жаңадан қабылданған «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған» тұжырымдаманың ауыл экономикасын дамытуға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанын, облыс халқының 84 пайызы ауылдық жерде тұратынын атап айтты.
Облыс әкімі М. Сұлтанғазив Кеген ауданы тұрғындарымен есепті кездесуінде ауданның жағдайына тоқталып өтті. Қол жеткізілген жетістіктерге, жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан әлі де болса ескеретін мәселелердің барын ортаға салды. Облыстағы егістік жерлердің көлемі 462 мың гектарға жетсе, оның 7 пайызы 30,9 мың гектары Кеген ауданына тиесілі. Оның 65 пайызын жем-шөп, 26 пайызын дәнді дақылдар, 8,1 пайызын картоп құрайды. Алайда, ауданда сыйымдылығы 800 тонна болатын бір ғана көкөніс қоймасы бар. Бұл жиналған өнімнің тек 1,5 пайызын ғана сақтауды қамтамасыз етеді. Тағы бір өзекті мәселенің бірі ауданда төрт түлік малдың жайылымдық жерлері жетіспей отыр. Мониторинг барысында 12 мың гектар пайдаланылмай отырған ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің бары анықталды. Оның 10 мың гектардан астамы мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмысты одан әрі жалғастыра беру керек. Рас, ауданда мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Жылқының саны бойынша Кеген ауданы облыста 3 орынды, қой-ешкінің саны бойынша 5 орынды алады. Бірақ, өткен жылы ет өндіру 6,2 пайызға, сүт өндіру 0,6 пайызға азайып кеткен. Соның салдарынан ауылшаруашылығы бойынша өнім көлемінің төмендеуіне жол берілді. Сонымен қатар ауданда қуаттылығы 6,3 мың басқа арналған 4 мал бордақылау алаңы және 400 басқа арналған 1 тауарлы сүт фермасы бар. Бірақ, бүгінгі күнге онда мал басы жоқ. Мал басының облыс бойынша үлес салмағы жоғары болғанымен ауданда сапалы ет өнімдерін дайындайтын, 6 мың бас «Ангус Абердин» атты ет бағытындағы асыл тұқымды іріқарасы бар, толықықтай жоғары технологиялық қуаттағы «Қазмясо» компаниясынан басқа құрылым жоқ.
Облыс әкімі биыл мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталғанын, оның басты мақсаты – ауылдық жердегі халықтың табысын арттыру екенін айта келе аталған жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 8,3 млрд теңге қарастырылғанан, оның ішінде Кеген ауданына 3,8 млрд теңгеге 418 өтінім қанағаттандырылатынын алға тартты. Фермерлерге айтарлықтай мемлекеттік қолдау көрсетіледі, соған орай жұмсалған әрбір теңгеден еселенген қайтарымы болуы қажет. Облыс әкімінің орынбасары Р. Т. Рақымбековке, облыстық ауылшаруашылығы, жер қатынастары басқармаларына аудан әкімімен бірлесіп, инвесторларды тарта отырып, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндірістер ашуды, өңдеу кәсіпорындарының толыққанды жұмысын қамтамасыз ету үшін облыстағы шаруа қожалықтарымен шикізат өткізу жұмысын күшейтуді, заманауи технологиямен жабдықталған көкөніс қоймаларын салуды, пайдаланылмай жүрген ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару әрі жерді ұтымды пайдалану жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Кеген ауданында небары 10 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Өңірге инвестициялар тарту бойынша аудан 1,2 пайыз үлесімен облыста 9 орынды тұр. Осы орайда, облыс бойынша 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын 104 жобаның тоғызы Кеген ауданына тиесілі екенін атап көрсетті. Алайда, ауданға тиесілі 9 жобаның сегізін іске асыру жұмыстары тоқтап тұр. Оның ішінде қуаты жыл сайын 150 мың тонна тұз өндіретін «ТұздыБасТау» кәсіпорнын ашу, Бестөбе су қоймасында және Жіңішке өзенінде форель өсіретін шаруашылықтар құру, мал бордақылайтын шаруашылықтар ашу секілді жобалар бар. Бұдан шығатын қорытынды, аудан әкімі өңірге инвестиция тарту жұмысын өз деңгейінде ұйымдастырмай отыр. Облыс әкімі алдағы уақытта облыс әкімінің орынбасары А. М. Дәндібаевқа, облыстық кәсіпкерлік басқармасына аудан әкімімен бірлесіп, инвесторлармен кездесу өткізіп, іске асырылмай тұрған жобалардың себебін анықтап, қолдау көрсету арқылы шаралар қабылдауды, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын жаңа кәсіпорындар ашуды тапсырды. Облыс әкімі Кеген ауданында үш мыңға тарта шағын және орта бизнес субьектілерінің барын, олардың шығарған өнім, көрсеткен қызмет көлемінің өткен жылдың 9 айында 28,8 миллиард теңгені құрып, 10 пайызға төмендегенін айтты. Ағымдағы жылы 2 жобаны субсидиялау жоспарлануда. 74 адам жалпы көлемі 102,2 миллион теңгенің грантын алмақ. Бұл көрсеткіш өте аз. Негізгі міндеттердің бірі халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Биыл облыста 811 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.Облыс бойынша тұрғын үйдің кезегінде 37,1 мың адам тұрса, Кеген ауданында 533 адам кезекте тұр. Былтыр әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін осал әрі көп балалы санаттан ауданда 11 отбасы үй алған. Бұл өте аз. Облыстық құрылыс басқармасына аудан әкімімен бірлесіп, тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтуды, жеке тұрғын үй құрылысы үшіні қажетті инженерлік инфрақұрылымы бар алаңдарды дайындауды тапсырды.
Облыс әкімі М. Сұлтанғазиев халықен кездесуінде таулы өлке тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін Кеген және Райымбек аудандарын қамтитын ұзындығы 229 шақырыым «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырын салуға жобалау-сметалық құжаттарының әзірленіп жатқанын, құжат жұмыстарының биылғы жылдың алғашқы жартысында аяқталатынын айтты. Соның нәтижесінде 47,4 мың тұрғыны бар 23 елдімекен көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Рас, мемлекеттік шекара шетіндегі аудандарды газдандыру кәсіпорындар мен обьектілерін үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге, жайлы өмір сүру үшін халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін болады. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Көкпек-Кеген-Түп» автожолын жөндеуге байланысты көп жылдарғы түйінді мәселелер жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырғаны белгілі. 2022 жылы маусым айында аталған нысанның конкурс қорытындылары шығып, жаңа мердігер жұмыс істеп жатыр. Олар жұмысын биыл қазан айына дейін аяқтап шықпақ.
Есеп беру кездесуінде Жалаңаш ауылының қадірменді қарияларының бірі Мұхтар Тоқтыманов сөз алып, Президент жарлығымен қайта қалпына келгеніне 5 жыл болған ауданда өңір басшысы болған Талғат Байедиловтың жетелі басшылығымен он жылға татыр игіліктердің қаланғанын, көп жұмыстардың жүргізілгенін орнымен алға тартты. Кадр мәселесіне де лайықты назар аударылығанын, соның жемісіндей бірнеше жауапты мемлекеттік қызметкерлердің облыстық басқармалардың басшысы болғанын тілге тиек етіп, бұл орайда қолдауын көрсеткен облыс әкіміне алғысын білдірді. Білім саласы кәсіподағы Кеген аудандық филиалының төрағасы Көпжасар Нұрлыбай соңғы жылдар аумағында білім саласында орындалған игі істерге тоқталды. Бес жыл көлемінде өңір бойынша он мектеп, екі балалар бақшасы күрделі жөндеуден өткен. Биылдың өзінде аудан орталығындағы екі мектеп күрделі жөндеуден өткізілмек. Ауданда 2 гимназия, 2 лицей ашылды. Алдағы уақытта аудан орталығынан робототехника орталығы ашылса, физика пәні бойынша мұғалімдердің білімін жетілдіруге назар аударылса деген ұсыныстарын ортаға салды. Облыс әкімі бұл тұрғыда жұмыс атқарылып жатқанын айтты. Білім сапасын арттыру, мұғалімдердің білімін жетілдіру – күн тәртібіндегі маңызды мәселердің бірі. Қала мен ауыл мектебінің арасындағы айырмашылық ретке келтіріледі. Алдағы уақытта облыстағы 50 мектеп лайықты жабдықталатын болады деді.
Кездесуде Бөлексаз ауылындағы жұмысы бітпей тұрған ауыз судың жайы сөз болды. Облыс әкімі Бөлексаз ауылында ауыз су жүйелеріне 2020 жылы басталған күрделі жөндеу жұмыстары 2021 жылдың қазан айында аяқталуы керек болған. Алайда, мердігерлік серіктестік өз міндеттерін орындай алмады. Бұл іс сотқа берілген. Сот шешімімен аталған мердігер жұмысты 2023 жылдың 30 маусымына дейін бітіруі керек. Бүгінгі күнге дейін жұмыстың 95 пайыз аяқталғанын айтты. Басқосуда Тасашы орта мектебін күрделі жөндеуден өткізудің қажетті құжаттарының жасалғаны, тек қаражат мәселесіне қарап тұрғаны айтылды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қажетті қаражатқа өтінім берілгенін, алдағы уақытта тиісті шешімін табатынын алға тартты. Осы күні былтырдан бері қолға алынған Алғабас ауылдық дәрігерлік амбулатоиясына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының бітпей тұрғаны алға тартылды. Бұған 136 миллион теңге қосымша қаражат бөлініп отырғаны, келесі аптада мәселе оңды шешімін табатыны белгілі болды. «Құмтекей»» шаруа қожалығының төрағасы Қанат Молдасанов аудандағы әсіресе, мал шаруашылығымен, оның ішінде асыл тұқымды арқар-меринос қойын өсіретін қожалықтардың түйінді мәселесін көтерді. Жүн бағасы төмен, тері алатын, ет алатын жер жоқ. Осы мәселеге назар аударылса деген орынды ұсынысын жасады. Облыс әкімі бұл тұрғыда жұмыстардың жүргізіліп жатқанын, облыс аумағынан жүн-тері өңдейтін кәсіпорындар ашудың жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Халық Зықаев Кеген ауылындағы ауыз судың жайын, «Балауса» балалар бақшасының түйінді мәселесін көтерді. Облыстық білім басқармасының басшысы «Балауса» бөбекжай балалар бақшасының түйінді жайы назарда екенін, қажетті қаражаты қарастырылып жатқанын, жұмыс қолға алынатынын айтты. Ауыз су мәселесіне де назар аударылатын болады. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков қасиетті рамазан айының шапағаты мол болсын дей келе көпшілікке ақ батасын берді. Осы күні «Жерұйық Кеген жастары» қоғамдық ұйымының атынан Еркебұлан Нұрбайұлы Кеген ауданын жемісті басқарған, облыстық мәслихаттың төрағасы болып сайланған Талғат Байедиовтың иығына шапан жауып, жұмысына сәттілік тіледі. Кеген ауылының тұрғыны, кәсіпкер ана Фарида Тұрықбаева аудандағы аналардың, кәсіпкерлердің атынан алғысын айтты. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауылында тұратын қарт ана, Кеген халық театрының режиссері, Қазақстанның мәдениет саласына еңбегі сіңген қайраткері Нағима Таласбаеваға немересі Аяулым Жұмаштың С. Ж. Асфендияров атындағы медицина университетінде оқуына білім грантын салтантты түрде табыс етті.
Қанат БІРЖАНСАЛ,
Кеген ауданы