Елімізде бензин мен дизель отыны қымбаттап жатыр. Әрине, бұл жағымды жаңалық емес. Бірақ бұл шара ішкі нарықты қорғау, жанар-жағармайымыздың елден тыс жерлерге жылыстап кетуіне жол бермеу үшін қажет. Байқауымызша, тұтыну көлемінің үнемі артуының негізгі факторлары транзиттік көліктер мен көршілес елдерге бензиннің қитұрқы жолдармен экспортталуы болып тұр екен. Өткен жылы Қазақстаннан транзиттік көлікпен 150 мың тоннадай дизель отыны, «астыртын» экспортпен 200 мың тоннадай дизель отыны сыртқа шығарылған. Бұл жағдай, ең алдымен, айтарлықтай баға айырмашылығынан туындап отыр. Себебі, бізде көршілес елдерге қарағанда жанармайдың бағасы едәуір төмен. Мысалы, Өзбекстанда дизель отынының құны біздегі бағадан екі есе қымбат, Ресейде дизель отынының құны біздегіден 45 пайызға қымбат, Қырғызстанда литрі 64 пайызға қымбат. Бұл көршілес елдердің тұрғындарына қазақстандық бензинді сатып алып, экспорттау тиімдірек болады деген сөз. Сондықтан бензин мен дизель отынының қымбаттауы – мәжбүрлі шара. Ол өзін ақтап, еліміздің жанармай нарығындағы жағдайды жақсы жаққа өзгертеді деп сенеміз.
Айгүл Бақытқызы,
Райымбек ауданы