Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде отандық ғалымдар мен зерттеушілердің қатысуымен «Қожеке Назарұлының тарихи-заманалық тұлғасы» атты ғылыми-практикалық «дөңгелек үстел» өтті. Алқасөздің басты мақсаты – қайраткер тұлға, көрнекті күйші Қожеке Назарұлының тарихи болмысын айқындап, біртуар азаматтың 200 жылдық мерейтойын өткізу шараларына қатысты ұсыныстар мен қарарларды талқылау.
Қожеке Назарұлы қазіргі Кеген ауданында, қасиетті Қарқара жайлауында дүниеге келген. Ғұмыры дәл «тар жол, тайғақ кешу» кезеңімен тұспа-тұс келген қайраткердің туған жылы өзі шыққан Албан руының шежіресінде «1823-1881 жылдар» деп жазылса, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы «1828-1881» деген нұсқаны береді. Ол уақытта Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліс бүкіл қазақ даласын қамтыған еді. Дәл осы сын сағатта жергілікті халықтың рухын оятқан Қожеке Кенесары көтерілісінің трагедиямен аяқталғанына қарамастан Ресейдің отарлық езгісіне қарсы шығып, қайсарлық танытады. Оған қоса Іле бойын қалмақтардан азат ету жорықтарына белсене қатысады. 1856-1857 жылдары М.Перемышельскийдің отаршыл отряды Кеген, Нарынқол өңірлеріне алғаш келген кезден-ақ патшалық Ресей билігіне бағынудан бас тартып, осы ісі үшін қуғынға ұшыраған ол өмірінің соңына дейін өз жері мен халқының еркіндігі үшін күресіп өтеді. Шарада баяндама жасаған тарих ғылымдарының докторы Т.Төлебаев: «Тарихшы Ертай Жомарт пен журналист, этнограф Ақселеу Сейдімбектің зерттеулерінен қайтпас мінезімен көзге түскен Қожекені отарлаушы күш сыйғызбай, сергелдеңге салғанын көреміз. 1858 жылы 25 түтінді бастап солтүстік-шығысты бетке алған Қожеке Қытай асып Бұратал жеріне қоныстануға мәжбүр болады. Қалың халық ірге тепкен Үрімші, Тарбағатай бауырына бірнеше түтін ел сыйғанымен, арттағы Албан ағайынға тарлық боларын бағамдаған Қожеке ақыры 400 түтін қазақпен Іле, Текес өзендерінің бойына келіп табан тірейді», – деп тың деректерді алға тартты.
Тарихшылардың айтуынша, қайраткер тұлғаның тарихи болмысын ашу мақсатында әлі де зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Р.Оразовтың сөзінше, зерттеу барысында отандық және орыс архивтеріндегі мүмкін ақпараттың бәрі жинақталған. Алайда Қытай архивтеріндегі деректерге қол жеткізу әзірге мүмкін болмай тұр. «Қытайдың қол астында болған мұсылман халықтарына қатысты деректер жинақталып, Бейжіңге жолданған. Ал аталған дереккөзбен тек ұлты қытай азаматтар ғана жұмыс жасай алады. Сол себепті Қожеке Назарұлы туралы деректерге қол жеткізе алмай отырмыз», – дейді ғалым.
Ал күй өнерінің өкілдері Қожеке Назарұлының ғұмырбаянынан бұрын шығармашылық мұрасы терең зерттелуі керек деген пікірде. Заманынан озып туған Қожеке – Алматы өңіріндегі күй мектебінің негізін қалаушы, XIX ғасырдағы қазақ күйшілік өнерінің көрнекті өкілі. Күйлерінің атынан-ақ аңыз естіледі. Мысалы, «Қожекенің шертпесі», «Қолға алынар алдында», «Елді сағыну», «Қинау», «Құлпенде», «Тас көмір шоғын басқандағы күй», 2022 жылы Базаралы Мүптекеевтің «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» монографиясында азды-көпті әңгіме-аңызымен, күйлердің тарихымен қоса жарияланған. Композитор Ермұрат Үсенов конференцияда: «Қожеке Назарұлының барлық белгілі күйі сауатты түрде нотаға түсіріліп, жинақталуы керек. Мұндай мәртебелі де күрделі жұмысты өз мойныма алуға дайынмын», – деп ұсыныс білдірді. Бұл ойға қосылған күйші Біләл Ысқақов: «Қожекеңнің есімі құрдасы Құрманғазы, Дәулеткерей, Динамен қатар айтылатын жөні бар. Күйлерінің тереңдігі мен әсерлілігі, рухани мұрасының салмағы сол күйшілерден кем түспейді. Тек зерттеу мен насихат аз», – деп дабыл қақты. Жиын соңында Қожеке Назарұлын тарихи тұлға ретінде таныту ісінің басы-қасында жүрген ғалым-ұстаз Сағатбек Медеубекұлы ортаға салынған ойларды тұжырымдай келіп, қарар ұсынды. Ұсыныс бойынша 200 жылдық мерейтой қарсаңында күйшінің шығармашылық мұрасы толық зерттеліп, соның негізінде үлкен күйшілер байқауы өткізілмек. Жиналған тарихи деректер мен зерттеулер негізінде жинақ кітап дайындалып, халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылмақ. «Аталған ұсыныстарды тиісті мекемелерге жолдайтын боламыз», – деп алқасөзді қорытындылады ұйымдастырушы, саяси ғылымдардың докторы Ж.Құдайбергенұлы. Болмысы бөлек батыр, ұлт-азаттық көтерілістердің қаһарманы, аса дарынды күйші Қожеке Назарұлының азаттықты аңсаған асқақ рухы мен қайсар мінезі, шығармашылық мұрасы көпке мәңгілік үлгі-өнеге болары сөзсіз. Осындай тарихи тұлғалардың есімі ұмытылмай, ұлықталса игі.
Баян МҰРАТБЕКҚЫЗЫ