Қонаев қаласында биыл жазда туристер тарту мақсатында «Konaev International Ballon Festival» (KIBF) өтеді. Алматы облыстық туризм басқармасының хабарлауынша, халықаралық фестиваль шілденің 29 және 30-ы күндеріне жоспарланып отыр.
Ауқымды фестиваль ойын-сауық және танымдық бағытта өткізіледі. Оған өңірден, сондай-ақ шетелдерден туристер келеді деп күтіліп отыр. Екі күндік шараның бағдарламасы тартымды етіп ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, онда фотоаймақтар, шеберлер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, театр, цирк әртістері түрлі қойылымдар қояды, спорт жарыстары, концерттер өтеді.
Фестивальдің танымдық мәнін арттыру үшін түрлі мастер-кластар өткізіледі. Шара аясында телескоп және басқа да аспан денелерін бақылау аспаптары бар жұлдызды «қалашық» құрылады. Оның жұмысына астрономия мамандары шақырылады, олар қонақтарды аспан денелерін қалай бақылауды үйретеді және қызықты пікір алмасу болады.
Фестивальдің ең тартымды тұсы әлемнің түрлі елінен әкелінген әуе шарларын ұшыру болайын деп тұр. Қонақтар олардың ұшырылуын қызықтап қана қоймай, нұсқаушының көмегімен шарларға отырып серуен де құра алады. Алматы облысының өзінде екі миллионға тарта халық тұратынын ескерсек, фестиваль ең алдымен тұрғындардың өздерін қызықтырады деген үміт бар.
Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы Айбар Теменовтің айтуынша, фестиваль сияқты осындай түрлі тартымды іс-шараларға негізделген туризмнің бұл жаңа түрінен қонақтар демалып қана қоймай, шабыт пен ұмытылмас әсер алады. Ал фестиваль қазақстандық және шетелдік туристерге еліміздің туристік әл-ауқаты мен ресурстарын паш етеді.
“Алматы Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы ретінде таңдалған бүгінгі күні Алматы облысында 2023 және 2024 жылдардың өзінде ауқымды 14 халықаралық фестиваль мен марафон өткізіледі”, – дейді Айбар Теменов.