Бүгін Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Астаналық мейман алдымен аймақтағы бірқатар әлеуметтік нысандар мен ауылшаруашылық секторларын аралады. Қонаев қаласының Бас жоспарымен танысып, туризм саласын дамытуға арналған жобаларға назар аударды. Қордаланған мәселелерге мән беріп, жұртшылық өкілдерінің өтініш-тілектеріне ден қойды. Сондай-ақ, үкімет тарапынан ауылдық жерлерді дамытуға арналған ауқымды бағдарламалар жүзеге асып жатқанынан хабардар етті.
Премьер-министрдің орынбасары сапар аясында Еңбекшіқазақ ауданына атбасын бұрды. Онда Рахат ауылдық округіне қарасты №1 орта мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Кездесуде үш ауысыммен оқудың қиындығы талқыланып, түйінді шешудің жолдары қарастырылды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева Рахат ауылындағы мектеп туралы баяндады. Аталған білім шаңырағы 2017 жылы 600 балаға арналып жасалған. Содан бергі алты жылдық кезеңде оң өзгеріс көп. Атап айтқанда, кешегі саяжайлар көсілген көшелері бар елдімекенге айналған. Есесіне мектеп тарылып, амалсыз үш ауысымға көшкен. Қазір мұнда 1640 бала оқып жатыр. Ал бастауыш сыныпта білім алатын 800 бала қаладағы мектептерге қатынайды.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев үш ауысымға мәжбүрлеген себептердің бірі – ішкі урбанизация екенін айтты. Алыс ауылдан қалаға және қала маңындағы өңірлерге қоныс аудару үрдісі жиілеген. Соның әсерінен облыста 52 мектеп үш ауысымға айналған. Сондықтан алдағы уақытта аймақта «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 63 мектеп құрылысы бой көтермекші. Мұндай жұмыстар Еңбекшіқазақ ауданына да қатысты. Биыл аталған 28 мектептің құрылысы басталады. Қалғандары кезең-кезеңімен жоспарлы түрде жүзеге асатын болады. Осы жұмыстар белгіленген межеде аяқталса, тағы 3000 мұғалім қажет болмақ.
Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов елімізде үш ауысыммен оқитын 142 мектеп болса, соның басым бөлігі Алматы облысының үлесінде екенін тілге тиек етті. Бұл мәселені шешу үшін жүйелі жұмыстар қолға алынып жатқанын атап көрсетті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жайлы мектеп» жөніндегі Ұлттық жобаны қабылдады. Үкіметке нақты тапсырма берді. Қаражат бекітілді. Қазір «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске қосылды. Жайлы мектептер жас ұрпаққа есігін айқара ашып қана қоймайды, әлемдік стандартпен жабдықталады. Жобаның басты мақсаты – үш ауысымдық қиындықтарды түбегейлі жою және апатты жағдайда тұрған ғимараттардан арылу. Сонымен қатар, жас мамандардың ауылға келуіне толық жағдай жасалады. Оның қарымтасы ретінде мұғалімдерден біліктілік пен жауапкершілік қатаң талап етіледі, – деді Алтай Көлгінов.
Алтай Көлгінов келесі кезекте Есік қаласындағы көпсалалы аудандық ауруханада болды. Ұжымда 300 дәрігердің қызмет ететініне қарамастан қажетті мамандарға мұнда да сұраныс аз емес. Аурухананың бас дәрігері Жәмила Әбеуова Алматыдағы Қазақ ұлттық медициналық университетімен тығыз байланыс орнатып, меморандумға қол қойғандарын айтты. Сол арқылы кадр тапшылығы мәселесі шешілмек. Ал үкімет тарапынан көрсетілетін көмектер көбеймесе азаймақ емес.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Ләйла Серікбаеваның мәліметінше, аймақта 398 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Оның 58-і жеке меншік. Алайда олардың 43,5 пайызы бейімделген немесе жалға алынған ғимараттарда орналасқан.
Премьер-министрдің орынбасары дәрігерлер қызметінің сапалық деңгейіне, олардың әлеуметтік жайына көңіл аударды. Ауруханадағы заманауи медициналық құрал-жабдықтардың тиімділігімен танысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мұнда алғашқы жедел жәрдем көмегін көрсететін тәжірибелік алаң қалыптастырғанын құптады. Оның жергілікті жерге қандай жақсы ықпал жасағанына ден қойды. Дәрігерлермен пікірлесіп, мемлекеттің адам игілігіне бағытталған саясатын түсіндірді.
Вице-премьер Еңбекшіқазақ ауданындағы іссапарын Жаңашар ауылдық округіндегі «Адал» агроөнеркәсіп кешенінде қорытындылады. Онда жергілікті шаруа қожалық иелерімен кездесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігі жөнінде әңгіме өрбітті.
– Президент сайлауынан кейін Мемлекет басшысының бірінші қолға алған Жарлығы «Ауыл аманаты» бағдарламасы еді. Республика тұрғындарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Осы бағдарлама арқылы мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіп, ауыл азаматтарының кәсіп ашуына жәрдемдесу керек. Сол үшін шаруа қожалықтарына бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. Аталған қаржының 8 млрд 300 млн теңгесі Алматы облысының азаматтарына тиесілі, – деді Алтай Көлгінов.
Сапар аясында қойылған сұрақтарға нақты жауаптар қайтарылды. Үкімет басшысы орынбасарының бұдан кейінгі жұмыс сапары Қонаев қаласында жалғасты.
Болат МӘЖИТ,
Еңбекшіқазақ ауданы