Сәуірдің 6-13 аралығында Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастамасымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлескен «Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің апталығы» өтіп жатыр.
Акция аясында Қонаев қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ғимаратында колонияларда жасалған бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге түрмеде жазасын өтеп жатқан азаматтар жасаған әртүрлі өндіріс тауарлары қойылған. Эксклюзивті өнімдерді көпшілікке ұсынудағы мақсат – өндіруші шеберлердің кәсібіне инвесторлар тартып, қаржы көзін табу. Көрмеден киімдер мен аяқ киімдерді, ағаштан, былғарыдан, металдан жасалған түрлі бұйымдарды көруге болады.
Қазіргі таңда Алматы және Жетісу облыстары бойынша жалпы саны 43 жеке кәсіпкерлік заңдастырылып, жұмыс істеп тұр. Аталған облыстар бойынша 1300-ге жуық сотталушы жұмыспен қамтылған. Мұндай кәсіп иелері өздері өмір сүріп жатқан колонияның арнайы өндіріс аймағында жұмыс істейді. Оларға еңбек кітапшасы мен еңбек келісім-шарты рәсімделіп, еңбек өтілі де жүреді екен. Колонияға келген адамдар арнайы 9 айлық техникалық колледжді оқып, сұранысқа ие мамандықтарды игеріп шыға алады. Одан соң қолынан келген кәсіпті дөңгелетіп табыс табуға мүмкіндік жасалған.
“Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – сотталған азаматтарды жұмыспен қамту”, – деді Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің сотталғандарлың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Сандуғаш Ереулиева.
Баян МҰРАТБЕКҚЫЗЫ,
Қонаев қаласы