Алматыдағы Менеджмент Университетінде “Қонаев қаласын қалай қолжетімді және креативті етуге болады?” атты workshop өтті.
Басқосуда сарапшылар облыс орталығын қандай бағыттарда дамыту керектігі туралы өз ойларымен бөлісті. Көздеген мақсаты – жаңаша танымдағы ғылыми-зерттеулермен оқу-әдістемелік жобалар арқылы қоғамның дамуына жүйелі түрде үлес қосу. Сонымен қатар жиында Қонаев қаласының бас жоспарын толықтыратын қосымша ұсыныстар да айтылды.
«Біз бизнес университеті ретінде Қонаев қаласының дамуына үлес қосқымыз келеді. Бізге бұл тақырып өте қызық. Урбанистика орталығының студенттері Қонаев қаласына барып арнайы зерттеу жүргізіп келді», – деді университеттегі креативті индустрия орталығының директоры Айгүл Маратқызы.
Айта кетсек, жаңа облыс орталығына оң жақ жағалаудан 11 мың гектар жер телімі бекітілген. Ал қала архитектурасына қызығушылық танытқан мамандар тараптан ұсынылып жатқан әр түрлі жобалар да жетерлік. Десе де, ең ұтымды ұсыныстарды қаперге алып, кәдеге жаратамыз дейді әкімдік өкілдері.
«Бүгінгі жұмыстың барысында ұсынылған халықаралық озық тәжірибелер болса, кейін талқылап кәдеге жаратамыз», – деді Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет.
Жыл соңына дейін барлық құжаттама жұмыстары аяқталса, келесі жылы көктемде жаңа қаланың іргетасы қалана бастайды.
Alatau News