Еліміздің 5 өңірінде сұйытылған газ бағасын қымбаттату туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бұйрығы күшіне енді. Құжатқа сай, енді Алматы облысында сұйытылған газ 70 теңгеден 75 теңгеге дейін, ал облыс орталығынан 200 шақырым қашықтағы елді мекендерде 75 теңгеден 80 теңгеге дейін қымбаттайды.
Шығыс Қазақстан облысында сұйытылған газ 60 теңгеден 70 теңгеге дейін, облыс орталығынан 200 шақырым қашықтағы елді мекендерде 65 теңгеден 75 теңгеге дейін қымбаттайды. Ал Солтүстік Қазақстан облысында баға 70 теңгеден 75 теңгеге дейін, облыс орталығынан 200 шақырым қашықтағы елді мекендерде 75 теңгеден 80 теңгеге дейін көтеріледі.
Абай облысында сұйытылған газ 60 теңгеден 65 теңгеге дейін, облыс орталығынан 200 шақырым қашықтағы елді мекендерде 65 теңгеден 70 теңгеге дейін қымбаттайды.
Алматы қаласы баға 65 теңгеден 75 теңгеге дейін өседі.
«Қазақстандық отын қауымдастығының және нарық субъектілерінің көлік қызметтеріне шығындардың ұлғаюы, сұйытылған мұнай газын бірқатар облыстарда өткізу кезінде шекті бағаны көтеру қажеттігі туралы (5-тен 10 теңге шегінде) өтінішін ескере отырып, Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сату бағасын өзгерту ұсынылады. Бұл ретте, Қазақстанның қалған өңірлерінде сұйытылған мұнай газының бөлшек саудадағы шекті бағаларын өзгерту жоспарда жоқ», – делінген түсіндірме бұйрықта.