Биыл жыл басынан бері Үкіметке азаматтар байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша 5 мыңға жуық өтініш пен шағым келіп түсірді. Олардың басым бөлігі интернеттің жылдамдығы мен сапасына қатысты. Елді-мекендерде, тіпті ірі қалалардың өзінде мобильді интернет жоқ немесе сапасы нашар. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты.
Үкімет басшысының сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының жүйелі жұмысы нәтиже бермей отыр.
«Мұндай шағымдар, әсіресе Алматы мен Астанада көп. Мобильді интернетке қызмет көрсету байланыс операторларының міндетіне неге кірмейтіні мүлдем түсініксіз. Интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшейтін құралдар жоқ. Инспекцияның өзі жол бойындағы және елді мекендердегі интернет жылдамдығын өлшей алмайды. Бұл проблемаларды шешу керек. Қазіргі таңда адамдар бірінші кезекте интернеттің сапасына қарайды. Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр тұтынушылар тарифтердің ақысын толығымен төлеп отырғанын алға тартып, олардың сапалы қызметті талап етуі орынды екенін айтты.
«Соңғы 3 жылда байланыс операторлары бұл салаға тартылған инвестицияларды шамамен 60%-ға дейін төмендетіп жібергенін айтқым келеді. Операторларға қымбат инфрақұрылымға қаржы салғаннан көрі, анықталған заң бұзушылықтар үшін айыппұл төлей салған тиімді. Мұндай жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Ұсынылып отырған ұлттық жоба дәл осы мәселелерді шешуге бағытталған. Оның негізгі мақсаты – халық пен кәсіпкерлік субъектілерін ең кемі секундына 100 Мбит болатын интернетпен қамтамасыз ету. Талшықты-оптикалық байланыс желілерімен 3 мыңға жуық ауыл қамтылуы тиіс» – деді Премьер-министр.
Жоспар бойынша, 2027-ші жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75 пайызы және облыс орталықтарының 60 пайызы 5G технологиясымен қамтамасыз етілуі керек. Бұл ретте, қала ішінде ұялы байланыс жабдықтарын орналастыру қажеттігі туралы халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.
«Ол ең алдымен, байланыс сапасын жақсарту және тұрғындар арасында радиофобияны азайту үшін керек. Сондай-ақ, деректерді беру деңгейі секундына 4-6 терабитке дейін болатын желілердің транзиттік мүмкіндіктерін ұлғайтуға басымдық беру қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан қуатты деректер орталықтары мен трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдары бар Цифрлық хабқа айналуы тиіс», – деді Смайылов.
Белгілі болғандай, Ұлттық жобаның осы мақсаттарына бюджеттен 5 жыл ішінде шамамен 560 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
«Жалпы, Цифрлық даму министрлігі мен байланыс операторларының назарын мына мәселелерге аударғым келеді: Біріншіден, байланыс операторлары міндеттемелерінің сақталуын ескере отырып, барлық жерде байланыс сапасы мен интернет жылдамдығының мониторингін күшейту қажет. Халық пен бизнестің көптеген проблемаларының жедел шешілуі осыған байланысты. Екіншіден, республика аумағындағы әрбір елді мекенге дейін тартылатын кең жолақты интернет инфрақұрылымының экспозициясын айқындау қажет. Онда трафиктің жылдамдығы нақты көрсетілуі тиіс. Үшіншіден, қысқа мерзімде Ұлттық жобаны пысықтап, Президент әкімшілігіне енгізу қажет. Халықтың пікірін ескере отырып, барлық проблема мұқият пысықталуы тиіс. Бұл мәселені мен өз бақылауымда ұстаймын», – деді Әлихан Смайылов.