Аға-іні болып сыйласып, сырласып келе жатқалы да ширек ғасырға жақындап қалыпты. Тіпті, ағайынды екі бауырдың балалары сияқтымыз. Сол үшін де Жұмахмет, Жұматай деп атымызды ұқсастырып қойғандай. Алғашқы танысқан сәтімізден бүгінге дейін аға мен ініге тән сыйластыққа көлеңке түсірген емеспіз. Осы жылдар ішінде сіздің болмысыңыздан ағаның алды ақ жайлау екенін ғана көріп келе жатырмын
ТРАКТОРИСТІҢ БАЛАСЫ
Бұл сөз Жұмағам үшін «Президенттің баласы» дегеннен де биік, «Байдың баласы» дегеннен де құнды. Бұғанасы қатпаған ойын баласы кезінен-ақ әкесімен бірге еңбекке араласып, шынжыр табан трактордың тізгініне жағаласып өсті. Өз құлағыммен естіген бір үзік сыр осылай басталған. Ол кездегі балалардың бәрі 6-7-сынып оқып жүргенде-ақ ұжымшар мен кеңшардың жұмысына жегілетін. Яғни, бала жасынан еңбекке баулу – сол уақыттың аға буынға тигізген пайдасы, берген жемісі. Бүгінгі таңдағы жалындаған 20 мен орда бұзар 30-ға жақындаса да ақсаусақ болып, қолына кетпен-күрек ұстамақ түгілі, қисық шегені түзетіп көрмеген жастармен салыстырғанда Жұмағам жарты ғасырдың ар жағында ауыл еңбеккерлерінің бірі болған. Ол туған бұрынғы Тельман ауылының барлық баласы басынан кешкен қызылша теру науқанындағы күн қақтап, жел қаққан сәттер әлі есінде. Күн ұясынан көтерілмей жатып, таңмен бірге таласа тұрып, есіктің алдындағы тракторды «дыррр» еткізіп оталдырып, Құдай қосқан қосағы құйған қою шайдан қуат алып, ауыл басшысы жүктеген тапсырманы орындауға кетіп бара жататын әке бейнесі жадынан бір сәт өшкен емес. Бай болып, асып-тасымаған, қара жұмыстан қашып-жасымаған әке баласының көз алдында аласармас асқар таудай болып тұра берген. Бірде сабақтан, бірде егіс алқабынан шұрқырасып келген шиеттей бала-шағаны буы бұрқыраған қазан толы дәмді асымен қарсы алатын аяулы ана дидары да бәз-баяғы қалпында есінде қалған. Кейде қызылша теру науқаны қажытқанда үйде кезекшілікке қалады. Ондағы міндеті – түскі асқа араны ашылып келген әпкеқарындастарына анасы сияқты дәмділеп ас пісіру. Сөйтіп жүріп аспаздықты да оқушы кезінде меңгеріп, анасына қолғанат бала болып шыға келген. Міне, бүгін сол күндердің бәрі сағымға оранған сағынышқа айналған. Өзі зейнет жасына келсе де, өмірі бейнетпен өткен, өмірден ерте кеткен әке мен ана келбеті осылайша жадында мәңгі сақталып тұр.
ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ
Трактордың гүрілі мен тіршіліктің дүбіріне ілесіп, зеректігі мен оқу-білімнің керектігін сезініп, қалаға жолға шыққан бозбала сол қоғамның қазақ ұлтына деген көзқарасынан біраз шетқақпай да көрді. Мектеп бітірген алғашқы жылы оқуға жолы түспегенімен жұмыс істесем деген ниетпен талды қала – Талдықорғанға келді. Тас қабырғалы үй мен тас көшенің тұрғынына айналдырған 50 жылға жуық уақытты кері айналдырса, 16 жасында жасындай жарқ еткен кезі көз алдына келе қалады. Ол кезде бүгінгі тілмен айтсақ, бірнеше кәсіп тұрғындар тұтынатын орталыққа қарайтын. Соның ішінде фотосалон да бар еді. Басшылыққа сөзі өтімді бір туысына суретке түсірумен айналысқысы келетінін айтады. Өйткені мектепте жүргенде жездесі туған күніне фотоаппарат сыйлап, соны біраз жыл ермек қылып, суретке түсіруге едәуір машықтанып қалған. Жүзі күнге күйіп, жел қаққан ауылдың қарадомалақ баласына бір қараған тұтынушылар орталығының басшысы: «Біз бұл баланы жұмысқа ала алмаймыз. Фотосалон қазақтың қолынан келетін шаруа емес» дегенде меселі қайтып, келген ізімен кері қайтқысы келген сәтте іштей бір күш бұл ойынан бірден айнытып тастады. Жаңа ғана жүні жығылып тұрған бозбаланың жанарынан намыс оты найзағайдың жасынындай жарқ етті. «Қазақтың қолынан келмейді!» деген кекесінге толы бір ауыз сөзден қаққан қазықша бір орнында қасқайып тұрып алды. «Қолымнан келеді. Мен де істей аламын!» деген сөзі қолтығынан демеп келген туысына да әсер етіп, ақыры фотосалонға жұмысқа тұрды. Бұл күндерді Жұмағам былайша еске алады: «Фотосалонға келсем, кілең орыс ұлтының өкілдері. Маған бір де біреуі көңіл бөлмеді. Қазақы тәмсілмен айтқанда «Кісімісің – итпісің» демейді. Өйткені сол ортадағы жалғыз қазақпын. Ақтамберді бабамыздың: «Жағама қолдың тигенін, жалғыздық, сенен көремін», – дегенін бастан кешірген күндерім де болды. Суретке түсіруге орталық саябаққа барамыз. Маған адам аз жүретін жерді беріп, өздері жұрттың көп өтетін жолында тұрады. Сол кездегі «қазақтың қолынан келмейді» деген кереғар пікір өзге ұлттың ғана емес, өз қандастарымыздың да санасына сартап болып сіңіп қалған екен. Қазақтар келе жатқанда маған суретке түседі-ау деп үміттеніп тұрғанда көпе-көрнеу: «Жүріңдер, орыстар жақсы түсіреді», – деп кері бұрылғанын көргенде намыстан жарыла жаздайтынмын. Осының бәрі маған қамшы болды. Өзімді дәлелдеу үшін барымды салдым. Сөйтіп арада 3 ай өткенде қасымдағылар атымның кім екенін сұрады. Есімімнің «Жұмахмет» екенін естігенде «Тіліміз келмейді, Женя болып жүре бер» деді. Кейін әскерге барғанда да «Женя» атандым. Сөйтіп бұл атты тәуелсіздік алғанға дейін арқалап жүрдім ғой». Осы мысалдан-ақ кеңестік идеологияның кесірінен талай қазақ сыбағасынан қағылғанын көруге болады. Жұмағаңдай қайсарлық танытқандар ғана «берсе қолынан, бермесе жолынан» алып, ағысқа қарсы жүзсе керек.
ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСТ
Тәуелсіздіктің оныншы жылынан асқанда сол кездегі Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшірілді. Ел көңіліндегі күдік сейіліп, үміт оты жан дүниені жылыта бастаған сәт. Жұмағам осы кезде облыстық телеарнаға оператор болып қабылданды. Бір иығына іле салып, жүре беретін фотоаппараты аз уақыттың ішінде иығыңды талдыратын салмағы батпандай видео-камераға ауысты. Облыс орталығы келген соң қызу тіршілік басталған. Біріне үлгерсе, біріне жете алмай қалатын сәттер де кездесетін. Ауыр камераны арқалап алып, қайда бармады Жұмағам. Бірде әкімнің жиынында, бірде құрылыс алаңында, енді бірде егіс алқабында, айта берсем таусылмайтын қылшылдаған 40 жастағы Жұмахмет Жанахметұлының операторлық дәуірі басталып кеткен. Сол кездегі облыс әкімі Шалбай Құлмахановпен бірге миллиардтар елі болған Қытайдың шекара маңында ғана емес, нақ төріне дейін барып қайтты. Мысырға да сапарлады, Анадолы жұртын да көрді. Қазір технологияның дамыған заманы. Сол уақыттағыдай иығыңа салғанда беліңді иіп жіберетін ауырлық жоқ. Ауыр аппаратты арқалап жүріп, операторлықтың қыр-сырын меңгерген Жұмахмет ағам енді журналистика әлеміне түрен салды. Оған ең бірінші жетелеген өзінің оқып-тоқығаны мен көңілге түйгені. Оқымағаны, санасына тоқымағаны жоқ екеніне әңгімелесе қалсаңыз бірден көзіңіз жетеді. Қазақ даналары мен ойшылдарын ғана емес, әлем деңгейіндегі философтар мен ақын-жазушылардың тағылымды ойларын орнымен пайдалана біледі. Орталық әмбебап кітапхананың тұрақты оқырманы. Сөреде самсап тұрған сан түрлі кітаптың ішінде Жұмағам оқымаған кітап кемде-кем шығар. Асыра мақтау емес, ақиқатында көзім көрген шындық мұның бәрі. Осы ізденіс пен білім «Жетісу» телеарнасынан «Иманашар» хабарын жүргізуге алып келді. Асыл дінімізді сан түрлі ағымға бөліп, жастарымыз қай бағытты ұстанып, кімге ерерін білмей, дағдарып тұрған сәтте Жұмахмет Жанахметұлының редакторлығымен жарыққа шыққан «Иманашардың» талайымызға бағдаршам болғаны ақиқат. Бағдарлама барысында білімді имамдармен сұқбат жүргізіп, білім иелерімен тең дәрежеде сөйлесе алуы үшін өзі де ізденіп, аят-хадистерді парақтап, даналардың ойын ортаға салып, елдің иманын тура бағыттауға зор үлес қосты. Әлеуметтің санасындағы сан сауалға жауап іздеген «Шаңырақ», «Ой-толғақ», «Ғибрат» сынды бірнеше бағдарламасы «Жұмахмет Жанахметұлы» деген тележурналистің болмысын қалыптастырды. Осы тынымсыз еңбегі телеарнаның бас продюсері болуға жеткізді. Білімі мен біліктілігі «Жетісу» телеарнасы бас директорының орынбасарлығына дейін көтерді. Нәтижесінде «Қазақстанның Құрметті журналисі» атандырды.
ГАЗЕТ СӨЗІ – МЫҢ КҮНДІК
С о ң ғ ы 5 ж ы л д ы ң б е д е р і н д е Жұмағамның жұмысы басылым саласына қарай ауысты. Бұл салаға да орынсыз келе салған жоқ. Қазақ баспасөзінің атасы саналатын «Жетісу» газетінде сан түрлі тақырыпты қозғаған, оқырманға ой салар мақалалары жарық көріп тұрды. Өзінің «Фейсбуктегі» парақшасына да қысқа-нұсқа оймаздақтарын жазып, қаламгерлік қуатын да көрсетті. Осылайша газет әлеміне де жақындай түсті. Осы қабілетін байқағаннан болар, «Өлке тынысы» ЖШС басшылығы Жұмағамды газет жұмысын жандандырып, жарнамасын жүйелі жасап тұруы үшін басылымға қызметке алды. Одан бері де жылжып жылдар өтіпті. Өзіне жүктелген қандай жұмыс болсын аса жауапкершілікпен атқаратын Жұмағам, Жұмахмет Жанахметұлы Жайлаубаев бейнетінің зейнетін көретін жасқа да келіпті. 60-қа алқынбай жеткен ақжайлау пейіл жан ағам 63-те де алысқа баратынын байқатып отыр. 3 жыл бұрын асқаралы жасқа толғанда «Жетісу» газеті мен әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған ой-толғамдарын топтастырып, «Ойсарай» деген кітап шығарды. Таралымы аздау болғанмен оқырманы көп кітапқа айналды. Осы кітаптың төңірегінде қаншама кездесуге шақырды. Сондай басқосуларға қасынан тастамай ертіп алады. Мұғалімдер, студенттер, оқушылар «Ойсарайда» айтылған ойларды ортаға салып, Жұмағамды сұрақтың астына алып, соңында «тағы бір ой салар кітабыңызды шығарыңыз» деген ізгі ілтипатын білдіріп жатады. Кешегі шынжыр табан тракторшының баласы осылайша жақсылар жиналған ортада төрден алар орны бар, сыбағалы жерде үлесі бар, айтар ойы, берер өнегесі мол алдыңғы толқын ағаның біріне айналып шыға келді. Аяулы жары Гүлнар жеңешеміз екеуі – қызы Тахмина мен ұлы Тахирден немере көріп отырған ақылшы ата, мейірімді әже, тамыры терең қос бәйтерек. Өмір белесіңіздің осындай бір шұғылалы сәтінде ізіңізден келе жатқан ініңіз ретінде көңіл толқынысымды білдіргім келді. Ағалықтың үлгісін көрсетіп, алдымызда аман-сау ғибратты ғұмыр кешіңіз. Өзіңіз батаңызда жиі айтатын жыр алыбы ЖамбылЖәкемнің жасына жетіңіз, Жұмағам!
Жұматай ОСПАНҰЛЫ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі