Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев облыстың белсенді жастарымен кездесті. Ол жастардың жаңа буыны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп берген Әділетті Қазақстан құру бағдарын әрі қарай жалғастыратынына сенім білдіріп: «Әділетті қоғам – әрбір азаматтың жауапкершілігі», – деді.
– Өздеріңізге белгілі, 2019 және 2020 жылдары Жастар және еріктілер жылы болып жарияланды. Білікті жастарды елдік істерге тарту үшін Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды. Мемлекет қашан да сіздердің ой-пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды тыңдауға дайын. Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің де негізгі мақсаттарының бірі осы. Сіздерді аталған жобаларға белсенді қатысуға шақырамыз. Еліміздің болашағы жастарға тікелей байланысты. Осы жауапкершілікті сезініп, әрқайсыңыз өз салаңызда еліміздің дамуына зор үлес қосасыздар деп сенеміз, – деген Палата Спикері әр адам бойына рухани құндылықтарды қалыптастыру үшін терең білім мен кәсіби қабілет қажет екенін айтты.
Жаңа жоспарлар мен ірі жобаларға байланысты облыс жастарының мүмкіндігі мол екенін тілге тиек еткен Сенат төрағасының айтуынша, халыққа, өз мемлекетіңе қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Жастарға білім алуда алғыр да табанды болуды, даму қарқыны жылдам заманда бәсекеге қабілеттілікті арттыруды кеңес еткен Мәулен Сағатханұлы ұлы Абайдың «Толық адам» концепциясын талдап, жастарды ізденуден жалықпауға шақырды. Кездесу соңында жастар өз сұрақтарына жауап алып, еркін сұхбат құрды.
Баян Мұратбекқызы,
Қонаев қаласы