Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай фестиваль ұйымдастырылды. Қаланың Орталық саябағында еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін жиналды. Ұлттық киімдерін киіп келген тұрғындар бірін-бірі мамырдың жайма шуақ мерекесімен құттықтады. Жастар ресурстық орталығы ұйытқы болған шарада қазақтың ұлттық тағамдары, яғни бауырсақ, қымыз, шұбат таратылды. Орталық басшысы Мақсат Кенешев жиылғандарды ел үшін аса маңызды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
«Түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, іргелі мемлекет атандық. Татулық пен тұтастықта, ынтымақта күн кешіп, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Ел келешегі – жастардың қолында. Сондықтан, бірлігі бекем Отанымыз үшін жаңа белестерді бағындыру жолында еңбек етедi деп сенемін», – деді жастар ресурстық орталығының басшысы Мақсат Құлтайұлы.
Кеште жастар жанынан құрылған «Шаңырақ» әншілер клубының тұсауы кесілді. Олар концерттік бағдарламасын ұсынып, кеш бойы көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұнымен қоса, жас буын арқан тартыс, қашықтыққа жүгіру сынды спорттық ойындардан сынға түсіп, өзара бақ сынады. Жарыс жеңімпаздары алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Кенгуру жарысына қатысып, жүлделі бірінші орынды иелендім. Жастар үшін осындай шаралардың жиі өтуі маңызды деп ойлаймын. Алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Барша жерлестерімді бірлік күнімен құттықтағымк еледі», – деді қала тұрғыны Ильназ Төлеген.
Alatau News