Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында кохлеарлық имплантация бойынша жоғары технологиялық ота жасалды. Мұндай ота екі жақты саңыраулық немесе 4-дәрежелі есту қабілеті жоғалған адамдарға жасалады. Кохлеарлық имплантация кезінде ішкі құлаққа электродтық жүйелер енгізіліп, есту жүйкесі электр арқылы қалпына келтіріледі. Бұл отаның түрі еліміздің кейбір медициналық мекемелерінде ғана жасалады.
«Алматы облысындағы клиникаға келіп шеберлік сағатын өткіздім. Тәжірибе алмасу кезінде 8 операция жасалды, олардың арасында кохлеарлық имплантация, эндолимфа қапшығын дренаждау, тимпанопластика және оссикулопластикамен санитарлық оталар болды. Енді облыс тұрғындары облыстық көпсалалы аурухана базасында есту қабілетін қалпына келтіруге арналған отаны жасатуға мүмкіндіктері бар», – деді ауруханада шеберлік сағатын өткізген профессор Диаб Хасан.
Айта кетейік, облыста есту қабілетін жоғалтқан 1000-нан астам адам тіркелген.