Кең даланы жырымен тербеген түрлі ақындар мен найза ұстаған батырлар әр ғасырды өзінше ғаламат етті. Иә, қазақ халқының танымалдығы паң даланың кереметін паш ететін әдебиет айдынындағы азаматтар арқылы жүзеге асқанын тарихтың том-том беттері талай дәлелдеді. Еліміздің ерекшелігін сүбелі жырларына қосып, бабалар ерлігін ерекше бейнелеп, жақсылық жайын жүрегімен жарқыратып, жамандық атаулыны өлеңмен өртеген бүгінгі ақын-жазушылар да ұлт қасиетін дәріптеуде. Ол, ол ма, тіпті, таудан құлаған сарқырамадай дара дарындылығымен, шешендікке шынайы дендеген қабілет-қарымымен, бойына жиған біліктілік, дарынымен, қадірі артып, орны бөлек жырларын жазып, түрлі тамаша туындылары арқылы қазақтың бар қазынасын түгендеп, тектілік-тазалығымен ұлт тағдырын көрсетіп, дәстүрін дәуірлеткен азаматтар жетерлік. Солардың бірі де бірегейі филолог, ақын, аудармашы жүрегінің әр дүрсілінен Отанға деген махаббат айрықша сезілетін дара болмыс иесі – Дүкен Мәсімханұлы.
Шеберлік шыңына шыққан Дүкен Мәсімханұлы – әлемге әйгілі әдеби жазбалардың авторы. Оның ғылыми еңбектерін дүниежүзі біледі десек артық айтпағанымыз. Жұртымыздың мол мұрасын алтын арқау етіп, адамзат атаулыға таныта білген тіл маманы, ақын ағамыз биыл 60-ты алқымдады. Біз де біртуар азаматтың, жүзінен Отанға деген сүйіспеншіліктің белгісі жалаулаған жігерлі жанның айтулы жасқа толуына орай толғана қалам тарттық. Жоғарыда нұсқағанымыздай, өмір ағысында шыңдалып, шығармашылығын мығым еткен жанның ғылыми қалпын, өнердегі салтын бар қазақ біледі.
Бүгінде Қазақстан территориясынан тыс біраз елде қазақ баласы тіршілігін қамдап, дәстүрін жалғап өмір сүруде. Сол шетелдегі қазақтың ең ауқымды бөлігі ҚХР-ның Шыңжаң өлкесін мекен етіп, салт-санасын елге, жерге деген ерекше махаббатымен қалыптастыруда. Жүрегі қазақ, білегі азат қандастарымыздың Қытай өлкесін паналауын көпшілік қауым бұрмалап әкетіп, басқаша түсінікте қабылдап үлгерген. Ақиқатында, Қытайдағы Алтай, Тарбағатай маңайындағы жердің бәрі қазақтың тарихи территориясы екендігін кейбір ақпарат көздері нақты дәлелдеп көрсеткен еді. Қазақ хандығы жойылып, қазақ даласы тұтастай Ресей империясының темір шеңгеліне бір-ақ өтіп, содан кейін орыстар жерімізге дендеп кіріп, бекіністер салып, Қазақ хандығының байтақ өлкесін барынша иемденіп алды. Патшалы Ресейдің пәрменімен дәрмені таусылып, келесі беттен шың патшалығы шыдас бермегенде қазақ даласы қауқарсыздықтан пышақ үстінен бөлінді. Шығыс Түркістан, Алтай, Тарбағатай, Іле сынды сұлулыққа толы табиғат аялары шекараның арғы бетінде қалды. Міне, шеттегі қазақтардың басым бөлігі осы уақытта өзге ұлтқа кеткен кең даланың бір пұшпағымен ілініп, шекарадан шығып кеткен болатын.
Кейіннен XX ғасырдың басында Кеңес одағы құрылып, ұжымдастыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп, бай-кулактарды жаныштау әрекеті жүзеге асқанда малы ғана емес, жанына да қауіп төнген талай қазақ жер аударылып, ату алаңында оққа ұшып, өлім жазасына кесілді. Осындай нәубет төнгенде балаларының болашағын қамдап, өмірін жақсылыққа жалғауды қалаған кейбірі бой тасалап, Қытайдағы ағайындарға барып қосылған. Тарих дәптерлерінде 1932 жылы қолдан жасалған аштық кезінде де біршама қазақтың Қытай асқандығы дәріптеліп, 1916 жылы Қарқарадағы Ұлт-азаттық көтерілісте де көшкендер жайлы ақпарат толымды. Ресейдің құлауға шақ қалған заманының өзінде қазақтардан әскерге бала алуына қарсы шыққан Қарқара көтерілісінде қарулы күшті тойтаруға дәрменсіз қалған бірқауым ел Қытайға көшкен.
Аталмыш уақытта Шалкөде аймағында, Қожбанбеттерге болыс болған Нақысбек Жалпыетекұлының батырлығы мен батылдығын бірі білсе, бірі білмейді. Қарқарада Албандар көтеріліп, орыстармен айқасып жатыр дегенді естіген Нақысбек атамыз қоластына Қожбанбеттің 100 шақты жігітін жинап, Шалкөдеден сойыл, шоқпар, мылтықтарын асынып, Қарқараны бетке алып, опасыздық ойлағандарды ойрандауға жолға шығады. Кезінде, болыстыққа сайланғанда жолы болмаған сатқынның бірі Подгорное стансысы, бүгінгі Қырғызсайдағы бекініске барып, қол жинап, Қарқараға аттанған батыр жайлы мәлімет таратады. Батылдығы бөлек болыс Кетпен тауын асып түсіп, Қисық, Ақтасқа жеткенде орыс әскерлері пулемет жаудырып, қарсы алады. Соғыса жүріп, бірнеше жігіттері өлім құшқан Нақысбек атамыз жеңіліс тауып, қаша жүріп, Шалкөденің басына барып, Кетпеннің ну орманын паналайды. Артынша Қарқарадағы көтерілісте қазақтар жеңіліс тауып, көтеріліс көсемдерінің бәрін тұтқындапты, кейбірін жолда өлтіріпті деген хабарларды естіген ол өзі болыстық еткен елдің қамын ойлап, бостан-бос қарап отырып өлудің жөнін бағамдап, жігіттер арқылы әйел бала-шағасын, көшем дегендерді алып, Кетпен тауын аралап отырып шекарадан асып кетеді.
Таудан асқан бағытта Шыңжаң өлкесінің Текес ауданын паналаған батырдың ол жақта да ерлігіне тамсанып, 1917 жылы Қытайдағы қазақтардың болысы етіп қайта сайлайды. Қырғыздың Бұғы руы мен қазақтың Албан руы қоян-қолтық араласып, берік достық қатынаста болған. Нақысбек атамызбен де аралас-құралас өскен Бұғы руының манабы адам жіберіп, 1919 жылы «Қызыл Өкімет келе жатыр, тұтқындайды, өлтіреді екен, жер аударады екен сондықтан қолдан келер көмегіңді аямай, өзің қоныстанған аймақтан жер алып берсең» деп қолқа салады. Текес өзенінің арғы бетінде Көктерек сайындағы ұшы-қиыры жоқ алқапқа 1919-дың ерте көктемінде қырғыз досын көшіріп алады. Қазіргі уақыттағы ҚХР Шыңжаң өлкесі, Текес ауданы, Көктерек-Қырғыз автономиялық ауылы осылай пайда болған. Кейіннен болыстық қолдауына ризашылық танытқан қырғыз ағайын «ат мінгізсек аз болады, шапан деген түк емес, біз бір қызымызды сізге дайындап отырмыз» деп 12 қанат киіз үйі күтушілерімен, бір үйір жылқысымен Нақысбекке ризашылық ретінде Алмажанды қосады. Артынша, 1920 жылы содан Мәсімхан атты ұл өмір есігін ашып, Әкімхан, Нұрқадыр деген үш ұлдың ата-анасы атанады. Кейіннен ержеткен Мәсімхан да отау құрып, қос ұл дүниеге келеді. Бірінші әйелі босанар сәтте бақилық болған одан екі ұл тараған. Мәсімхан Дәмеш екеуі екі ұл мен екі қыз өмірге әкеліп, бағып-қаққан ардақты ата-ана. Әрине, өмірге келмекші бала саны бұдан да көп болған, сәбилердің шақалақ шағынан шетінеп, қамыққан көңілге осы төртеуі медет сыйлады. Кенже атанған ұлы біздің кейіпкеріміз Дүкен Мәсімханұлы еді.
Жастайынан таудай талабымен, тектілікті бойына сіңіріп, тәрбие жөнін ұғынып өскен ұлдың негізгі шығармашылық бұлағы сөзге шешен, ақын-жырау, жұртты аузына қаратар дарын иесі, атасы Нақысбектен тараса, дара дарынның бала бойына ана сүтімен дарығаны тағы бар. Дүкеннің нағашылары оқу, білімге құштар, билік басында болған, білікті азаматтар, ал шешесі жастайынан өлеңмен өмірі өрілген, айтыскер ақын болған. Міне, сондықтан да, ауыз әдебиеті, түрлі қисса-дастандарды, жыраулық өнерді жетік меңгерген анасы Дүкеннің дарынын нығайтты, өнерге сүйіспеншілігін оятты. Шыңжаң өлкесі, Текес ауданы, Шиліөзек ауылы, Ақши қыстағында дүние есігін ашқан Дүкен Мәсімханұлының азан шақырып қойған аты – Дулат.
Иә, өзінің әкесі болып келетін, бүкіл қыстақтың танымал азаматы, балаларға оқу оқытып, білім нәрін сіңірген мұғалімі, ауыл балаларын сүндетке отырғызатын молдасы Бәзілжан азан шақырып, Дүкеннің атын Дулат қойған. Кейіннен үйдің кенжесін өз атымен атамай, еркелете шақыратын ата-ана құжатқа да Дүкен деп мөрлеткен екен. Ана сүтімен тамырына таралған өлеңге деген сүйіспеншілік бала бойынан бір шықпай, есейген сайын елітіп әкетті. Сығырайған шамның түбіне барып, жазу көрсе бітті, оқи жөнелетін Дүкен үшін туған ағасы намыстануды шығарған. «Жұрттың інілері көшеге шығып, асық атып, доп тебеді. Ал сен болсаң күні-түні кітаптан көз алмай, көше балаларының алдында әбден ұятқа қалдырып біттің», – деп налитын.
Ойын баласы ойын жасында асыр салып, жүгіре-жарыса балалармен араласудың орнына, жата-жастана жазу оқитын. Тіпті, кешке ұйқыға жатарда анасының аузынан әдеби шығармаларды есту үшін күні бойы дамыл таппай күйбең тіршіліктің толқынына араласатын. Отын әкелу, пеш жағу, су тасу барлығы бала Дүкеннің мойнында. Барлығы қисса-дастан есту үшін жасалатын. Тіпті, Бәзілжан молданың ұлы Дәулет досының үйіне де достаса барып, молданың жазған, сызғандарын қарап, тыққан кітап, қағаздарын оқуды әдетке айналдырды. Сөзге, шешендік өнерге құмартқан ұл осы Бәзілжан молда мен анасының айтқанын тыңдап, қазақ жырларымен танысқан. Ал әріп тануға талпынтқан шыңжаңдық басылым беттері тек саяси жүйені дәріптейтін. Күніне бір дастан тыңдау үшін дағар тоқуды үйренген бала Дүкен алабота жағып, сабын шылаудың да нағыз маманына айналды. Иә, сөзге құштарлығы, өнерге қызығушылығы барлығын үйретіп, өзгеше өмірге жетектеді. Дәмеш анасы да айтысқа қатысқан уағында айтқандарын жатқа білетін. Үйренуге құштар ұл қысы-жазы тіршіліктен қол үзбеді.
Сол жылдары ауылға аты мәлім ақын Дүйсенбек Тұрлықожаның туындыларын тыңдауға құмартқан бала өскенде дәл сондай шабыт иесі болуды арман ететін. Қыстақ тұрғындары аса қадір тұтатын жыр дүлдүлінің әр басқан қадамына қызығушылық танытқан бала Дүкен ауыздан-ауызға тараған шығармаларын тауып, тіпті, жазып алып жаттауға ынтық еді. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап өзі де ұйқас қуалап, түрлі туындылар шығаруға талпыныс таныта бастады. Өкінішке қарай, сол заманда мектеп балаларын еңбекке жегу, қара жұмысшы ретінде қабылдау саясаты білім алуға келген оқушылардың ой-өрісін дамыту орнына таңнан-кешке тіршілікке араластырған. Ала таңнан дорбаны мойнына асынған ұл-қыздар кеш батқанша егістік алқабына қи тасып, көктемде жүгері шөптеп, қыста бидай орғызған. Оқу үйренсем, шығармашылық дарынымды арттырсам деген Дүкеннің әр күні ауыр тірлікке жалғасқан соң, қара тіршілік әбден қажытқан ұл мектептен шығуды қалайды. Тіпті, шығармашылық қызығушылығымен арасында жазбалар қарауға мұршасы келмей, табаны тозып, сабаққа, мектепке бармауды ойлайды.
Орта сыныпқа ауысар тұста Шиліөзек ауылындағы мектеп-интернатқа қабылданып, оқуын жалғайды. Ол жерде мектеп директоры кірпіш құю туралы хабар таратады. Бір бала 500 кірпіштен құю керектігі ескертіледі. Тек қана шикі батпақтан үйлестіріп, шұңқыр қазып, лай жасау мектеп жасындағы ұлға үлкен ауырлық тудырды. Мектептен орала салысымен оқымаймын, бармаймын деген бала сөзі қыстауда, мал шаруашылығын басты тіршілігі еткен ата-анаға да таптырмас сылтаудай көрінді. Қара жұмыстан қажыған соң, күн санап қой бағуды арман еткен жігіт қалауына жетеді. Әке-шеше, бауырларымен бірге малды ауылға, Қамыстыбұлақ қыстағына көш аударған соң қалам орнына қойшы таяғы бұйырып, тіршілік жалғасты. Өз ойында мал бағуды өзінше мәнді санаған балаға бар жауапкершілік жүктелді. Әкесі ұжымшар еңбегіне кетіп, ағасы қызметке орналасып үйдің бар жұмысы өзінің мойнына мінгенін түсінген бала Дүкен бір аптадан соң қораға беттеуге қиналатын. Дегенмен, кешқұрым анасынан бірді-екілі қиссаларды талғажау етіп, қанша қиналыс үстінде жүрсе де шығармашылықтан қол үзбеудің қамын іздеді. Қоғамның ақпараты, өңір жаңалығынан тіпті бейхабар болатын. Үйге қонақ келген күндері өңірдегі өзгерістерді біліп, саясаттағы ауыс-түйістерді аңғаратын.
Кешке қойды қораға қамап жатып, байлаулы тұрған қонақтың атына көзі түсіп, ерекше қуанған сәті әлі күнге көз алдында. Құдай төбеде деген түсінікпен таудың құзар биігіне шығып, «Құдай қойшылықтан құтқар» деп жалбарынған дұғасының қабыл болғаны да осы екен. Жанарынан шыққан тарам жастың да құрғайтын сәті келген көрінеді. Өміріне үлкен өзгеріс берген уақыт та осы сынды. Төрде отырған қонақ өзі оқыған мектеп-интернат директорының орынбасары екенін көргенде үстіне бір қарап, қойшылық бейнесінен қымсынған ұлға төрдегі қонақ жақсы жаңалықтың жайын ақтарады. Қазір өзге заман орнағанын тілге тиек еткен педагог оқушыларды еңбекке жеккендер жауапкершілікке тартылатынын айтады. Мұны естіген ұл мектепке аңсары ауады. «Оқығың келсе, қайтадан кел, қабылдаймыз» деген бірауыз сөзден медет алған жігітке ата-анасы да разылығын беріп, оқу орнына қайта оралады.
Нашар оқыса, қайта қораға жол бастайтынын сезініп, мал бағудың бейнетін жақсы білетін бала мектеп табалдырығын үздік бітіріп, тіпті, шығармашылық шабыты артып, облыстық басылымдарға мақала, өлеңдер жариялай бастады. Сәл босаңсыса, ауыр тіршілікті көз алдына келтіріп, үлкен азамат болуды арман етті. 1982 жылы ұлттық емтиханнан мүдірмей өтіп, сүрінбей жауап беріп, Пекиндегі орталық ұлттар университетіне қабылданады. Алғашқы рет Шыңжаң қазағы Пекинге оқуға жолдама алып, ауыл, аудан түгелімен қуанышқа бөленеді. Өкініштісі, кішкентайынан жанынан жырақтатпай өсірген ата-анасы ұлының мүмкіндігіне бірден қарсылық танытып, алып қалаға аттануға рұқсат бермейді. Аудан әкімі шаңырақтарына жиі бас сұғып, әкесінен қай-қайта рұқсат сұрау арқылы баланың болашағы деп біраз қиындықпен түбінде разылығын алады. Тіпті, «қит еткен қиыншылық болса, маған айтыңыз, көмектесемін, малды ауылға көмекші қойшы беремін» деп әрең көндіреді.
Пекинге аттанған арманшыл жігіттің алып қалаға үйренісіп кетуі оңай бола қоймаған. Бір қуантарлығы, саяси жүйе өзгергендіктен жер аударылған, түрмеге түскен ақын-жазушылардың бәрі бостандық алып, олардың жазған-сызғандарын оқу мүмкіндігі кеңейді. Пекинге «Социалистік Қазақстан», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Мәдениет және тұрмыс» басылымдарының ай сайын барып тұратындығы шығармашылыққа құштар ұлға үлкен қуаныш сыйлады. Бастапқы курстарда Сағат Әшімбаев, Ілияс Есенберлин, Қабдеш Жұмаділов сынды дара жазушылардың туындыларын тынбай оқып, әдебиет әлемінде тамаш дүниелерге қанықты. Жоғары курсқа көшкенде қытай тілін жетік меңгеріп, әлемдік классикаға ойысып үлгерген жігіт арманына біртабан жақындағанын жүрегі сезді. Ел үшін елеулі жағдай жасаудың да қамына кіріп, қытай тіліндегі маңызды ақпараттарды қазақ тіліне тәржімалап, алғашқы табысын да көре бастады. Өлең жазудан да қабілеті асқақтап, тіпті, Пекиндегі «Азаттық радиосынан» жырлары оқылды. Алғаш рет радио дыбыс ұлғайтқышынан өз атын естіген Мәсімхан қарияның да кеудесін шаттық кернеп, жігіт Дүкен туған өлкеге ақын ретінде таныла бастады. Жоғары оқу орнын үздік бағамен аяқтаған азаматты университетке қызметке алып қалуға аңсары ауғандар да жетерлік еді.
Пекиндегі білімгердің барлығы үлкен қалада қалуды қаласа, жігіт Дүкеннің жүрегі Ақши қыстағын аңсады. Туған жеріме қызметке барсам, өнерге, өлеңге өзіндік жол салсам деп жүрген шағында Үрімші қаласына жұмысқа аттанып, абыройлы маман атанады. Нағыз рухани орта, газет-журналдардың шоғырланған орны болған Үрімші Дүкен ақынға аса ауырлық танытпады. Қызмет бабында биік межелерді бағындырып, ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар академиясының әдебиет институтында ғылыми қызметкер атанды. 1989 жылы отау құрып, шаңырақ көтерді. Үрімшінің қайнаған тіршілігіне үйрене жүріп, өмірін жалғады. Әкеден асқақ тәрбие алған ұл өзі де әке атанып, 1990 жылы қызды болды. Мемлекеттік деңгейде түрлі марапат иеленіп, қазақ деген жүрегі Отанға аңсарын аударды. Егеменді, азат елдің азаматы болуды күні-түні тілегіне қосып, радиодан «Сүйінші, Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды!» – дегенді естігенде жүрегі жарылуға сәл-ақ қалған. Отанға оралуды ойлап, ол жақтағы бейбіт тіршілік көз алдынан жырақтамай, түсінде өз елін, жерін көре бастаған жігіт Қазақстанда қарымды қызметте болған нағашысы Жолдасбай Тұрлыбаев арқылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қызметке орналасу үшін Қытайдан сұраныс алдырды.
Ол жақта қазір жағдай нашар, жұмыс жалақысы тіпті төмен деген қамқор қытайлар үздік маманды бірден жібере қоймаған. Дегенмен, Отанға деген сүйіспеншілік шығармашылығы мығым азаматты шекара асырды. Қазақстандағы тұлғалы оқу орнына ұстаздық қызметке келген маман жатақханамен қамтылып, жұмысын жалғады. Әрине, Отанға аттанар алдында ата-ана разылығын алып қайтқан азамат Қазақстанда жүргенде әкесінің аяқ асты аурудан көз жұмғанын естіп, дер уақытында Қытай аса алмай, қырқына қатысып, отбасын көшіріп, анасын да жанына алған болатын. Бергі беттегі қиыншылық пен нағыз тоқырау заманына тап келген оларды жоқшылық жайы да айналып өтпеді. Тіпті, омырау ембеген қызына қажетті тамақ тауып, киіммен қамтудың өзі қиянатқа айналды. Тамақ тауып жеудің жөні қиындаған еді. Баршылық пен молшылыққа жаны үйренген жарына да мұндағы тіршілік оңайға соқпай, ақыр түбінде төркініне қайтады. Дегенмен, бала кезден жауапкершілікті жанымен сезінген азамат қызының өсіп-жетілуіне, оқып-тоқуына, тіпті, ұзатылуына дейін жанында болып, барын аямаған. Университет қабырғасындағы қызметінде аспирантурада білім алатын арумен жолығып, отау құрып, шаңырақ көтереді. Шаңырағында шаттық ұялап, үш қыз дүние есігін ашып, бақытқа кенеледі. Кейіннен қаланың тіршілігіне қатты қиналып, үйренісе алмай, Қытайға аттанған анасын, бауырларын қайта алдырып, Отанға толықтай көшіріп үлгерді. Қызметіндегі қадірі артып, көші-қон арқылы үй-жайлы атанып, жыр мен өлеңге ғашық азаматтың өмірі өзгеше өріле бастады.
Құралбек СӘБИТОВ