Алматы облысында қоқысты қайта өңдеп, кәдеге жарату ісі жүйелі жолға қойылмаған. Себебі, өңірдегі 7 заңды қоқыс полигонының тек екеуінде ғана қалдықтар сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл туралы Жетісу телеарнасы хабарлады.
Қалған бес полигонда жиналған қайталама шикізат текке өртеліп, күлге айналып жатыр. Өңірдегі барлық полигонға жылына 429 мың тонна қалдық келіп түседі. Оның небәрі 22 пайызы ғана қайта өңделеді.
Ал облыс орталығында мемлекет меншігіндегі бір заңды қоқыс полигоны жұмыс істейді. Ол «Қарлығаш» саяжайының маңында орналасқан. Мұнда күніне 15 көлік қалдық әкелінеді. Олардың 10 пайызы өңдеуге жарамды. Алайда, жиылған қоқыс ешқайда өткізілмейді. Бір де бір бөтелке, шыны ыдыстар қайта өңделмейді. Себебі, полигон ішінде сұрыптау цехы әлдеқашан істен шыққан. Нысанға жауаптылардың айтуынша, жақын маңдағы елдімекен тұрғындары келіп пластиктерді қаппен алып кетеді. Жауаптылар ешкімге тосқауыл болмайтынын айтады.
«Бұл полигон жабылуы тиіс. Себебі, қалаға тым жақын маңда орналасқан. Қазіргі таңда жаңа полигонға жер дайындалып, қоқыс сұрыптауға арнайы желі жасау үшін жоба-сметалық құжаты әзірленіп жатыр», – деді қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Дархан Қарағонысов.
Естеріңізге сала кетейік, облыста қоқыс өңдейтін 12 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олардың жылдық қуаты 120 мың тонна.