Сәуірде тұтыну бағаларының индексі айлық мәнде 0,9% құрап, көрсеткіш наурыздағы деңгейінде сақталды деп хабарлады Ұлттық статистика бюрсосы. Индекс құрылымында азық-түлік емес тауарлардың бағасы 1,3%-ға, азық-түлік тауарлары – 0,9%-ға, ақылы қызметтер – 0,4%-ға өсті.
Азық-түлік емес тауарлардың ішінде сәуірде бағасы ең көп қымбаттағаны жанармай болды. Дизель отыны – 16,1%, бензин – 9,7% қымбааттады. Наурыз айымен салыстырғанда жуу және тазалау құралдары 1,4%, жеке гигиена құралдары 1,1%, ыдыс-аяқ 1%, тұрмыстық техника 0,9% өсті.
Азық-түлік тауарлары арасында жеміс пен көкөніс бағасы едәуір өскен, сәуірде қырыққабат 4,7%, қызанақ 4,1%, жүзім 3%, алма 2,6%, алмұрт 2,4% қымбаттаған. Күріш бағасы – 2,7%, салқындатылған сусындар – 2,5%, ультрапастерленген сүт – 2,4%, салқындатылған балық – 2,2%, пастерленген сүт, макарон өнімдерінің әрқайсысының бағасы 2,1% өсті. Ал қияр – 11,4%, қарақұмық жармасы – 3,7%, күнбағыс майы 2,6%-ға арзандады.
Қызмет көрсету бойынша бағалардың өсуі жолаушылар әуе көлігінде байқалды, бір айдың ішінде ұшу қызметі 17,7% қымбаттады. Шаштараз бен сұлулық салондарында баға – 1,5%, жерлеуге байланысты салт-жора жасау қызметтерінде – 1% көтерілді. Санаторий қызметтері – 1,1%, денсаулық сақтау қызметтері 0,9% қымбаттаған.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Абай және Ұлытау облыстарында – әрқайсысында 1,4%-дан (орташа республикалық деңгейден 0,5 п.т. жоғары), ең төменгі Астана қаласында тіркелді – 0,5%.
Өңірлер бойынша азық-түлік тауарлары бағасының ең жоғары өсімі Батыс Қазақстан облысында – 1,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша Алматы облысында – 3%, ақылы қызметтерде Түркістан облысында – 2,3%.
Жылдық мәнде инфляция деңгейі қатарынан екінші ай баялауп келеді: 2023 жылғы сәуірде – 16,8%, 2023 ж. наурызда – 18,1%, 2023 ж. ақпанда – 21,3%. Жылдық мәнде азық-түлік тауарларының бағасы 17,9%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 18,2%, ақылы қызметтер 13,7% өсті.
2022 жылғы сәуірмен салыстырғанда кеңсе тауарлары – 68,5%, кір сабын – 59,3%, шақпақ қант – 51,7%, ыдысты жууға арналған құралдар – 51,6%, қияр – 50,9%, балалар сабыны – 49,6%, күріш – 43,9%, кір жуу ұнтағы – 43%, дәретхана қағазы 42,7%-ға қымбаттады. Жылдық мәнде, керісінше, қырыққабат – 53,4%, сәбіз 19,2% арзандады.
«Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Тұтыну бағаларының индексін есептеу кезінде пайдаланылатын тауарлар мен қызметтер себеті 508 тауар мен қызметтен тұрады, мұнда 160 – азық-түлік тауарлары, 243 – азық-түлікке жатпайтын тауарлар және 105 – ақылы қызметтер. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарында әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі», – деп түсіндірді Бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.
2023 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық-түлік тауарларының үлесі – 41,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 29,6%, ақылы қызметтер 28,6% құрады.