Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ІІ сессиясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, облыс әкімінің аппарат басшысы Төлеген Сәрсембаев, облыстық басқармалардың басшылары, аудан, қала әкімдері мен мәслихат төрағалары, депутаттар қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Байеділов жүргізді.
Сессияның күн тәртібінде бірқатар мәселе қаралды. Соның негізгісі – облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 13 желтоқсандағы № 31-147 «Алматы облысының 2023- 2025 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» және «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізу бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз баяндама жасады.
“Облыстық бюджет шығыстары 8,7 млрд теңгеге ұлғайып отыр. Оның негізгі көздері – өткен жылдан қалған бюджеттің игерілмеген 8,1 млрд теңге қаржысы және 600 млн теңге бұрын бюджеттен алынған несиелердің қайтарылымы. Яғни, салықтық кірістер еш өзгеріссіз жыл басында бекітілген көлемде қалды. Осы қосымша қаражаттан бөлек, бюджеттік бағдарлама әкімшілері арасында 12,6 млрд теңге қайта бөлінді. Бірқатар басқармалардан қаражат көлемдері азайтылып, неғұрлым басым бағыттарға қайта бөлінді”, – деді Асылан Ораз.
Атап айтар болсақ, құрылыс басқармасына қосымша 5,996 млрд теңге бағытталды. Оның 4,9 млрд теңгесі 74 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары мен жоба-сметалық құжаттарды аяқтауға және 1,1 млрд теңгесі 44 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттардың басталуына жұмсалмақ. Облыстағы маңызды мәселелердің бірі – елді мекендерді сумен, газбен, жылумен қамтамасыз ету және электр жабдықтау желілерінің жай-күйі. Осыған байланысты энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қосымша 4,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл ретте 1,7 млрд теңге 63 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттарын аяқтауға, 2,8 млрд теңге 82 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттарды бастауға бағытталмақ.
«Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» Ұлттық жобасына сәйкес, 2025 жылға қарай елді мекендерді сумен қамту көрсеткішін 100 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған. Биылғы көрсеткіш – 94 пайыз. Осы орайда Балқаш ауданы Жиделі, Ұйғыр ауданының Қалжат, Райымбек ауданының Тегістік ауылдарында және Қонаев қаласының «Гүлдер», «Қарлығаш» шағынаудандарында сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, Жамбыл ауданы Ұзынағаш және Мыңбаев ауылдарын сумен қамту, кәріз жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары бастау алады. Облыс бойынша газдандырылған ауылдардың үлес салмағы 50 пайызды құрайды. Өңірдің Даму стратегиясына сәйкес, 2025 жылға дейін 189 елді мекен газдандырылып, көрсеткіш 64,3 пайызға жетуі тиіс. Осыған байланысты Жамбыл және Талғар аудандарының 6 елді мекенінде басталған жұмыстарды аяқтау және 37 елді мекен бойынша сметалық құжаттарды әзірлеу жоспарлануда.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 2,8 млрд теңге бағытталмақ. Бұл орайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Есік қаласы мен Шелек ауылында 14 блокты-модульді қазандық салуға, Талғар ауданының елдімекендерінде көше жарығын, аялдамаларды орнату және электр беру желілерін жөндеуге, «Гейт Ситиде» салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді жылу қазандықтарымен қамтамасыз етуге, индустриялық аймақтарды басқарушы компанияның қызметтерін дамытуға басымдық берілуде. Тұрғындарды жайлы жолаушылар тасымалымен қамтамасыз ету үшін облыстық муниципалды автобус паркі құрылған. Ол үшін жалпы сомасы 15 млрд теңгені құрайтын қаржылық-экономикалық негіздеме әзірленген. Бастапқы кезеңде 850 млн теңге қарастыру жоспарланып отыр. Алматы қаласының маңында Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының құрылысы жүргізілуде. Оған Абай, Сайын, Тілендиев, Ақын Сара, Рысқұлов және Солтүстік айналым көшелері бойынша 6 қоспа жол қосылмақ. Олардың құрылысына республикалық бюджеттен 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Осы көшелерге негізгі тармақтан кіріп-шығатын жолдардың айырбастарын салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қосымша қаражат көзделіп отыр.
Бүгінгі таңда қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлес салмағы – 90 пайыз. Оны жақсарту үшін қосымша 2 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Осыған орай мектептерге, туристік нысандарға, саяжай массивтеріне кірме жолдар жөндеуден өткізіледі және бірқатар елді мекендердің көшелері жөнделеді. Ең өзекті мәселенің бірі – саяжайларда елді мекен мәртебесінің болмауына бай¬ланысты қажетті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеуі. Облыста 674 саяжай алабы бар. Онда 182,5 мың адам тұрады. Оларға жайлы жағдай жасау үшін жақын маңдағы елді мекендерге саяжайларды қосу керек. Бұл жұмыстың бастамасына 325 млн теңге бөлу көзделген.
Сондай-ақ, Қонаев қаласын дамыту аясында қаланың топографиялық түсірілімін жүргізуге 300 млн теңге бағыттау жоспарланған. 1-4 сыныптың 113,2 мың оқушысын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 1 млрд теңге бағытталмақ. Жалпы барлық қажеттілік 4,5 млрд теңгені құрайды. Қалған қаражат келесі нақтылау шарасында қарастырылмақ. Сессия барысында бұдан басқа да облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің, жастар істері жөніндегі кеңестің құрамын бекіту, облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 30 наурыздағы № 29-153 «Алматы облыстық мәслихаты аппаратының «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту туралы» шешімінің күші жойылды деп тану туралы мәселелері қаралды. Бұл турасында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізова өз ұсынысын жеткізді. Айтылған ұсыныстар депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов бұл жолғы енгізілген бюджеттік өзгерістерде елдің ең басты қажеттіліктері ескерілгенін айтып, Қонаев қаласының кешенді жоспарын дамытуға да барынша көңіл бөлінгенін жеткізді.
Алма ЕСЕНБАЙ,
Қонаев қаласы