Алматы облысының аумағында жануарлардың 16 түрлі аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 5 556 093 бас мал егілді.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұртас Қиялбековтың айтуынша, бруцеллез ауруына 212 660 бас ірі қара мен 317 869 бас ұсақ мал зерттеліп, 229 бас ірі қара мен 72 бас ұсақ малдан ауру анықталған.
«Жыл басынан бері жануарлардың аса қауіпті ауруларының 3 ошағы тіркелді. Оның бірі Еңбекшіқазақ ауданында, екеуі Жамбыл ауданында анықталды. Қазіргі уақытта, 1 ошақ сауықтырылды, қалған ошақтарда сауықтыру шаралары жүргізілуде»,- Нұртас Қиялбеков.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, ауруға шалдыққан малдар қайта өңдеу орындарына санитарлық союға өткізіліп, мал иелеріне нарықтағы бағаның 30 пайызы көлемінде өтемақы төленді.
Бүгінгі күні облыста 707 мың бас мүйізді ірі қара, 2,9 млн бас ұсақ мүйізді мал, 231 мың бас жылқы, 7,8 мың бас түйе, 61,7 мың бас шошқа компьютерлік дерекқорға енгізілген. Мал басы жылдан жылға көбейіп келеді.