Қос мереке қарсаңында Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының 60 тұрғынына баспана кілті берілді. Тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген, сатып алу құқығынсыз жалға беріледі.
Жылдар бойғы арманы орындалған ауыл халқын облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым қуанышымен құттықтап, үйдің кілтін табыстады.
«Бүгін мерекеге орай, Шелек ауылында пәтер кілттері беріліп жатыр. Бұл бұқара үшін асқан қуаныш. Елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар жағдай жасалуда. Соның бірі – халықты тұрғын үймен қамту. Осы күнге дейін, Шелекте 2019 жылы көпбалалы отбасыларға 2, 2020 жылы медицина қызметкерлеріне 15 үй сатып алынып, қолданысқа берілді», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым.
Айтулы күні балалар ұйінің 19 тәрбиеленушісі, 12 әлеуметтік аз қамтылған отбасы, 5 мемлекеттік қызметкер қоныс тойын тойлады. Солардың бірі, 12 жыл бойы кезекте тұрған Алима Сейілханова.
«Мен жетім бала санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрдым. Өзім үш баланың анасымын. Бүлдіршіндерімнің бағына орай үш бөлмелі пәтер берілді. Қуанышымда шек жоқ», – деп ағынан жарылды Алима Сейілханова.
Еске салайық, ауыл халқының 5-еуі бір бөлмелі, 28-і үш, 27-сі төрт бөлмелі пәтердің иесі атанды. Айта кетейік, таяуда Есік қаласында 120 пәтерлік тұрғын үй қолданысқа өтеді. Сонымен қатар, Шелек ауылында 60 пәтерлі, Есік қаласында барлығы 30 пәтерлі 4 тұрғын үй салынады деп жоспарланып отыр.