7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, Қонаев қаласындағы 32363 әскери бөлімінде салтанатты шара өтті. Отанды қорғап, ел іргесіндегі тыныштықтың кепілі болған Қорғаныс күштеріне арналған шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, сарбаздарды мерекемен құттықтады.
«Бұл күн – бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрлықта, теңізде қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген, Отанға деген шексіз мейірім-махаббаттың нышаны, туған жері мен өскен еліне қорған болатын жігерлі азаматтардың мерейлі мерекесі. Қадірлі Отан қорғаушылар, еліміздің тыныштығы мен болашағы сіздердің қолдарыңызда. Отанды қорғау – әрбір адамның қасиетті де азаматтық борышы», – деді өз сөзінде облыс әкімі.
Салтанатты шарада арнайы барлау жасағы қоян-қолтық ұрыстан қойылым көрсетті. Сонымен қатар, облыс әкімі Марат Елеусізұлына кіші әскери алаңда АКС-74, драгуновтың снайперлік винтовкасы, танкіге қарсы гранататқыш сынды қару-жарақтар мен киім нысанының үлгілері және «Хаммер», «БТР-60 КШМ» , «ГРАД 1», «АРЛАН» сияқты әскери техникалар таныстырылды.
Шара барасында Марат Сұлтанғазиев «Аламан» жауынгерлік даярлықты, «Қаладағы жекпе-жек» атты арнайы операциясын және Әуе десант кешенінде десантшылардың тікұшақта орналасуы, парашютпен секіруі сынды оқу-жаттығуларын тамашалады.