Қонаев қаласында 9 мамыр – Жеңіс күнін мерекелеу Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою шарасынан басталды.
Соғыс ардагерлерінің рухына тағзым еткен жұрт бір минут үнсіздік жариялады. Аталған рәсімнен соң халық біртіндеп орталық алаңға қарай беттеді. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз алып, жұртшылықты мерекемен құттықтап, бірқатар деректермен бөлісті.
«ІІ Дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының халқы үлкен батылдық пен төзімділіктің ерекше үлгісін көрсетті. Жылдан-жылға алыстағанымен, Отан қорғаушылардың жасаған ерліктері мәңгілік және ол уақыт ағысымен жоғалып кетпейді. Біз әрқашан да Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ Марат Сұлтанғазиев Кеңес Одағы қарулы күштерінің құрамында 1 миллионнан астам қазақстандық болғанын еске алды.
«Өкінішке орай, ардагерлеріміздің қатары күннен-күнге сиреп, азайып барады. Бүгінгі күні Жеңіс күні мерекесін облыс бойынша 10 соғыс ардагері ғана қарсы алып отыр. Ұлы Жеңістің арқасында бiздiң аспанымыз ашық болып, тыныштықта бейбiт өмiр сүрiп, алаңсыз еңбек етiп келемiз. Ардагерлерді моральдік қолдауға, әлеуметтік және материалдық көтермелеуге жеке назар аударылып жатыр. Ол үшін биыл бюджеттен 222 млн теңгеден астам қаржы бөлінді», – деді облыс әкімі.
Марат Сұлтанғазиев халық әрбір соғыс ардагеріне қамқор болып, олардың өшпес ерлігіне құрмет көрсетуі, адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталуын ұрпақтар жадында қастерлеп сақтауы тиіс екенін айтты.
Бұдан соң орталық алаңда шағын концерттік бағдарлама қойылып, әскери көліктер мен халық шығармашылығынан көрме ұйымдастырылды.
Alatau News