Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметке қатысты заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіп жатыр. Жастарға оның тиімділігі туралы көптеген шаралар, кездесулер ұйымдастырылып келеді. Осы орайда «Алатау арайы» газеті Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша басқарма басшысы Жадыра Иманғалиевамен сұхбаттасып, Мемлекеттік қызметтің дамуы мен болашағы, мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыруда қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы әңгімелесті.
– Мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа тетіктері туралы айтып берсеңіз?
– Департаменттің басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметте жұмыс істей алатын дарынды жастарды іріктеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және одан «шығу» тәртібін жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізді. Енді оқу орнын мемлекеттік грантпен үздік бітірген, оқуда жоғары көрсеткіштерге (GPA 3,33-ден жоғары) жеткен түлектер аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алады.
– Алматы облысындағы мемлекеттік қызметкерлердің сапалық құрамы қандай?
– Бұл жас мамандардың ел өңірлеріне оралып, оның дамуына үлес қосуына жол ашады. Қазіргі таңда Алматы облысының аумағында 371 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Облыстың мемлекеттік қызметшілерінің штат саны 4146 бірлікті құрайды. Ал, нақты 3709 мемлекеттік қызметші бар. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің 50%-ы әйелдер, орта жасы – 40 жас, жоғары білімі барлар – 94%. Жалпы мемлекеттік қызметтегілердің 15%-ы, яғни 567-сі 21-29 жаста. Болашақта бұл көрсеткіштер өседі деп жоспарлап отырмыз.
– Агенттіктің мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстары туралы айтып өтсеңіз?
– Президенттің жастар кадр резервіне үшінші іріктеу өткізіледі. Қазіргі таңда әр облыста Өңірлік жастар кадр резервтері құрылып жатыр. Бұл – жас буын өкілдерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалып отырған игі бастама. Агенттік мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау тәртібін толық цифрландыру арқылы конкурстың ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге онлайн режимде, кез-келген уақытта және әлемнің кез- келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, облыстарда жастарды мемлекеттік қызметке дайындау мақсатында оларға қызметтің ерекшеліктерін түсіндіру және ынталандыру жұмыстарын жүргізетін «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жұмыс істейді. Бұл – жас буын өкілдерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалып отырған игі бастама. Осы ретте білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артамыз.
– Мемлекеттік қызметтің несімен тартымды екенін айтсаңыз?
– Мемлекеттік қызмет атқарушыға қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіріледі. Мемлекеттік қызметші болу зор жауапкершілікті, абыройлы міндетті жүктейтіні сырт қараған адамға байқала бермейтіні рас. Оған лайық болуы үшін қызметшінің бойында кәсіби біліктілігінен бөлек адами құндылығы да жоғары болуы тиіс.
Мемлекеттік қызмет атқарудың бірнеше тартымды тұсы бар. Атап айтсақ, тұрақтылық пен әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы, беделділігі мен мансаптық өсуі, Қазақстан президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына түсу мүмкіндігі, тәлімгерлік, түрлі тағылымдамалар, соның ішінде шетелде тағылымдамалардан өту, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы.
– Сұхбатыңызға рахмет!