Еліміздің оңтүстігінен солтүстік аймақтарға тұрғындарды өз еркімен көшіру жұмысы жалғасуда. Бұл – халқы тығыз орналасқан жерлерден тұрғындары сиреп қалған өлкелерге ел қондырып, жұмыссыз жүрген азаматтарды еңбекпен қамтумен бірге, шекаралық аймақтарға халықты қоныстандыру арқылы ел қауіпсіздігін нығайтуға да үлес қосатын маңызды бағдарлама.
Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл және Ақжар аудандарының өкілдері Қарасай ауданы тұрғындарымен жүздесіп, көші-қон мәселесін ортаға салды. Кездесу Шамалған ауылдық Мәдениет үйінде өтті. Қарасай аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Абылай Зуайданың төрағалығымен өткен басқосуда қонақтар бағдарламаның артықшылықтары жайлы әңгімелеп, залдан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Жалпы, осы бағдарлама аясында 2021 жылы Қарасай ауданынан еліміздің солтүстігі мен шығысына 40 отбасы, ал 2022 жылы 49 отбасы қоныс аударған екен. Бұл үрдіс бүгін де жалғасын тауып отыр.
Қонақтардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында ғана қоныс аударушыларға арналып 72 үй жаңадан салынған, қазір солардың бесеуі ғана бос тұр. Айта кетерлігі, солтүстіктегі жердің құнарлылығы мен топырағының сапасы өте жоғары . Бұл егін шаруашылығымен, мал өсірумен айналысамын деушілерге өте қолайлы. Демек, аймаққа механизатор, жүргізуші, агроном мен мал дәрігері мамандары керек-ақ. Сол сияқты, балабақша тәрбиешілері мен мұғалімдерге де жұмыс табылады.
Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы жағдайды аудан әкімінің орынбасары Санат Әубәкіров пен Мирный ауылдық округінің әкімі Ринат Сыздықов айтып берді. Аудан облыстың солтүстік шығысында, Петропавл қаласынан 140 шақырым жерде орналасқан. Бір жағында Қостанай облысымен және Ресейдің Қорған облысымен шектеседі. Жер көлемі 7,47 мың шаршы шақырымды құраса, халқының саны 22,5 мыңға жетіп жығылады. Жамбыл ауданының құрамына 48 елдімекен кіреді. Ал, Ақжар ауданы жайлы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бауыржан Барманов әңгімелеп берді. Ресейдің Омбы облысымен іргелес жатқан ауданда 12 ауылдық округ, 24 елдімекен орналасқан. Ауданға оңтүстік өлкеден көшіп келген бір отбасы аздаған жылда ірі қара басын 200-ге жеткізіпті. Б.Барманов соны мысалға келтіре отырып, бұл өлкеде мал және егін шаруашылығын дамытуға қажетті жер жеткілікті екеніне тоқталды.
Кездесу барысында қоныс аударудың оңтайлы тұстары мен еңбек адамдары үшін тиімді ұсыныстар айтылып, көшіп барған отбасыларына берілетін көтерме қаржының мәселесі де талқыға салынды. Бүгінде ол қаржының мөлшері әр адамға 241 мың 500 теңгені құрайды. Квотаны алғаннан кейін сол аймақта 5 жыл тұру міндеттеледі. Айта кетерлігі, қоныс аударушылар алдымен аудандармен танысып, содан кейін ғана қай жерде тұратыны жайлы шешім қабылдайды. Қоныстанушыларға тұрғын үй мәселесін шешуге, көмірмен, отынмен, жем-шөппен қамтамасыз етуге, жұмысқа орналасып, бөбектерін балабақшаға орналастыруға көмек көрсетіледі.
Осы бағдарлама арқылы солтүстікке көшіп барып, қазақ мектебінің жабылуына байланысты қайтып келген Қарасай ауданының тұрғыны Маржан Әсімбаева мемлекет тарапынан осы бағытта жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Павлодар облысынан оралған отбасы енді Солтүстік Қазақстан облысына барып, бағын сынап көрмекші екен. Ол жақтың ауа райы мен табиғатын ұнатып, мал шаруашылығымен айналысуға белді бекем буып отырған көрінеді. Жиынды қорытындылаған Абылай Жұмабекұлы Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударам деушілер болса, аудандық жұмыспен қамту орталығына хабарласуын немесе сол өлкеден келген өкілдермен тікелей байланысқа шығуға болатынын жеткізді. Сол сияқты қоныс аударуға ниет білдіргендердің бірден көшіп бармай, алдымен сол жаққа барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтуына да кеңес берілді. Сонда көңілі толмай, кері қайтатындардың қатары әлдеқайда азаяры анық. Қалай дегенмен де, әлеуметтік-экономикалық тиімділігімен бірге, еліміз үшін аса маңызды стратегиялық мәселені халық болып шешуге осы бағдарламаның қосары көп екені түсінікті.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,
Қарасай ауданы