Алматы облысында жете зерттелмей жатқан тарихи орындар жетерлік. Өлке тарихы – ел тарихының бір бөлігі десек, облысымыздың Ұйғыр және Кеген аудандарында тарихи маңызы зор талай нысан бар. Олардың зерттеп, зерделенуі, дәріптелуі қандай деңгейде? Осы және басқа да мәселелер төңірегінде тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры Меңдігүл Ноғайбаевамен сұхбаттасқан едік.
– Алматы қаласындағы жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары жақында Алматы облысының Қарадала, Кеген аудандарына ғылыми-танымдық экспедициямен барып қайтқанын естідік. Оның құрамында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан өзіңіз де болыпсыз. Экспедицияның мақсаты туралы мәлімет бере аласыз ба?
– Қарадала мен Кеген өңіріндегі «Ұлы даланың ұлы есімдері» деп аталатын бұл экспедицияны Алматы облысы әкімдігінің Қоғамдық даму орталығы ұйымдастырды. Оның құрамында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдары да болды. Экспедицияның мақсаты – аталған аймақтардағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйін саралап, аудандардағы қоғамдық келісімді нығайту. Бізге ғалым ретінде қызғылықты болған нәрсе жергілікті жердің тарихы, сол жердегі ескерткіштердің жай-күйі, олардың зерттелуі, халыққа насихатталуы деген сияқты мәселелер болды. Сондықтан сапарымыз Қарадала өңірі деп аталатын қазіргі Ұйғыр ауданының аумағынан басталды. Жергілікті жердегі тарихи жадты сақтайтын орындар мұрағат, тарихи-өлкетану мұражайлары, кітапханалар, мұражайлар жұмысы мен аудандық мәдениет басқармасының атқарып жатқан іс-шараларымен танысу үшін арнайы уақыт бөлгенбіз. Өкінішке қарай, Ұйғыр ауданындағы бұған қатысты қазіргі жағдай мәз емес екен. Аудандық архивтің ұзақ уақыт ғимараты болмаған соң, ондағы тарихи құжаттардың бәрі облыстық архивке берілген. Онда тек қана аудан халқының тууы мен қайтыс болуына қатысты анықтамалар берумен ғана шектеледі. Бұл архив жұмысына үлкен сын деп ойладым. Тіпті, ХХ ғасырдың басындағы аймақ үшін маңызы бар құжаттардың көшірмелерін алдыруға болады ғой.
– Бұл жергілікті тарихқа деген көзқарастың да деңгейін көрсететін жағдай ғой?
– Рас айтасыз. Бұл тарихқа, мәдениетке жаны ашитын, оның маңызын түсінетін және жұмысты дұрыс ұйымдастыра білетін адамның ешкімнен нұсқау күтпей жасайтын жұмысы. Жергілікті жерден шыққан адамдардың жеке істері, тектік қорлары деген болады архивте. Мысалы, ауданнан шыққан адамдардың жеке тектік қорларын жинауға болады. Оның бәрі – жадымызды сақтауға болашақ үшін өте маңызды. Бұл жерде жеке тектік қордан 4-5 адамның ғана ісі бар. Одан басқа жеке іс жинау мүлде жүргізілмеген. Аудан көлемінде республикаға танымал қаншама ақын, жазушы, ғалымдар шықты. Мемлекет және қоғам қайраткерлері де аз емес. Солардың құжаттары жиналатын болса, тарих үшін сауапты іс қой. Мәселен, экспедицияның екінші жартысында Кеген ауданында болдық. Архиві өте жақсы. ХХ ғасырдың басындағы бүкіл құжаттар тұр. Тіпті, ұжымдастыруға қарсы шыққан адамдардың саны, олардың қаншасы Кеңес үкіметі тарапынан қудаланды, сотталды, олар кімдер, қанша отбасы Қытайға қарай көшіп кетті деген сияқты мәліметтер жинақталған құжаттар тұр. «Рухани жаңғыру», «Туған жер» деген сияқты мемлекеттік бағдарламалар болды бізде. Халықтың санасын, ұлттық рухын көтеру мақсатында жоғары жақтан негізгі бағыттар да беріледі. Жергілікті жердегі адамдардың сол істердің басы-қасында жүруі, жергілікті жердің тарихын көтеруі өте маңызды емес пе? Кегендік өлкетанушылар, шежіреші, мектептің тарих пәнінің оқытушылары архивке баратын болса, жақсы нәтиже шығаруға барлық мүмкіндік бар екен.
– Ұйғыр ауданында тарихи-өлкетану музейі жоқ қой?
– Аудан орталығында мұндай музейдің болмауы өте кемшін жағдай деп ойлаймын. Тарихи-өлкетану музейі болса, ондағы жағдай мүлде басқаша еді деген де ой келді. Кегенде тас дәуірінен бергі ауданның табиғатынан бастап, тарихын, этнографиясын, сол жерден шыққан адамдардың қызметін және өңірдің бүкіл тыныс-тіршілігін түгел көрсететін әдемі музей жұмыс істеп тұр. Қоры да өте жақсы. Ұйғыр ауданында дәл осындай музейді неге құрмасқа?! Себебі біздің тарихымыздың тас дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі бүкіл ескерткіштері аудан аумағында шоғырланған. Мысалы, Кетпен тауларының етегіндегі үңгірдің палеолит кезеңінде алғашқы адамдардың тұрағы болғаны анықталып отыр. ҚазҰУ-дың тарих факультетінде декан болып тұрғанымда археолог ғалымдарымен бірлескен зерттеу жұмысын үйлестірудің басы-қасында жүрдім. «Тас дәуірі кезеңіндегі Жібек жолы» деп аталатын бір халықаралық жоба бар. Алғашқы адамдар пайда болған кезеңдегі адамдардың қарым-қатынастарын зерттейді. Оны АҚШ-тың Нью-Йорк және Германиядағы Тюбинген университеттері мен біздің Астанадағы Ұлттық мұражай қызметкерлері жасаған. Соның басы-қасында жүрген шетелдік Раду Иовитца, археология ғылымдарының профессоры былтыр жазда жасалған экспедициясының нәтижесі бойынша бұл үңгірдің палеолит дәуірі кезеңінен адамдардың тұрақ қонысы болғаны анықталғанын, онда алғашқы адамдардың ізі барын айтты. Одан кейін Дардамты, Ардолайты деген ауылдар жақта жергілікті халық Асан таулары дейтін жерде қола дәуірінің петроглифтері бар.
– Бұлар Ұйғыр ауданының археологиялық және тарихи-мәдени ескеркіштерінің тізіміне енген бе?
– Палеолит дәуіріндегі үңгір де, қола дәуіріне жататын петроглифтер де кірмеген. Ұйғыр ауданының археологиялық және тарихи-мәдени ескеркіштерінің тізімі соңғы рет, жаңылмасам, 2009 жылы жасалған. Оның өзі толық емес. Қарадала өңірін машинамен ары-бері кезсеңіз, сақ-үйсін дәуіріне қатысты ескерткіштер толып жатыр. Шонжының минералды суларына кетіп бара жатқан жолда да олар төбе-төбе болып тұр. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден туристер көп барады. Қазір әлемде ежелгі обаларды музейге айналдырудың жақсы тәсілдері бар. Егер соны жасаса ауданның да бюджетіне қосымша қаржы түсетін және халықтың тарихы мен мәдениетімен де таныстыратын керемет дүние болушы еді. Мәселен, сондай обаның бірі жол бойында бүркіттің ескерткіші тұрған төбенің астында жатыр. Оған ешкім мән беріп жатқан жоқ. Төбесіне шығып, суретке түсіп, жұрт ары-бері секіріп жүр.
– Сүмбедегі ортағасырлық қаланың орнында да болдыңыздар ма?
– Жазба деректерде бұл қала Лабан деген атпен белгілі. Оны кезінде Кемел Ақышев пен Карл Байпақов зерттеген. К. Байпақовтың еңбектерінде аталған қала туралы көптеген қызғылықты мәліметтер бар. Лабан – Отырар, Сауран сияқты үлкен қала болмағанымен, өз заманында сауда жолының бойында тұрған ерекше маңызы үлкен қала. Себебі ортағасырлық деректерде аты аталып тұр. Маған кейде бұл Лабан емес, Албан шығар деген ой келеді. Бұл қаланың ұзындығы 230, ені 140 метрлік орнына жүргізілген қазба жұмысы кезінде құрылыс қабаттары IX-X және XI-XII ғасырларға тән екені анықталған. Өзіңіз де білесіз, ескерткіштерді жергілікті, республикалық, халықаралық маңызы бар деп жіктейді. ҚазҰУ студенттері қазып жүрген Ақтөбе деген осындай қалашық бүгінде ЮНЕСКО қорғауына алынды. Ал Лабан жергілікті мәні бар ескерткішке жатқызылған. Оның статусын қайта қарау керек деп ойлаймын. Қалаға барып, жүрегіміз ауырып кетті. Шетелде тарихқа қатысты кішкентай ескерткіш табылса музей салып, дәріптеп жатады. Бізде тұтас бір қала жатыр. Оның шашылып жатқан керамикасын қазудың да қажеті жоқ. Арасында халықаралық сауда байланыстарын көрсететін біздің жерімізде жасалмайтын мәрмар тастардың сынықтары да бар. Қаланың орны ешқандай қоршаусыз жатыр. Оның үстіне ауыл тұрғындары қала орнына қора-қопсысын, үйін салып, малын жайып жүр. Тағы 5-6 жылда ол мүлде жоқ болады. Кезінде осындай немқұрайдылықтан Сарайшықты да жоғалтып алдық қой. Өкінішке қарай, аудандық мәдениет басқармасындағы адамдарды ортағасырлық қаланың тағдыры алаңдатпайтын сияқты. Өз тәжірибемнен білемін, әрбір ескерткіштің артынан бір адам жүгіруі керек. Кейде ортағасырлық кейбір ескерткіштердің артынан археологтердің өзі жүгіреді. Өйткені олар оны өмір бойы қазады. Ал мына ескерткішті К.Байпақов қазғаннан кейін ешкім жалғастырмаған. Зерттеуді жалғастыратын адамдар да жоқ.
– Марқұм Арнабай Нұржанов Қазақстан аумағында ортағасырлық 400 қала бар деп еді.
– Қазақстанның археологиясында ортағасырмен айналысатын мамандар саны өте аз. Бүкіл Қазақстанға жетеді деу мүмкін емес. Сондықтан мұндай құнды ескерткіштерді сақтап қалу үшін аудандық, облыстық мәдениет басқармалары мен аудан, облыс әкімдіктерінен не істеп отырғанын сұрау керек. Олардың қызметі жасыратыны жоқ, жиын-той, концерт қойғаннан аса алмай жүр. Қажетті дүниелерді ең алдымен солар жасауы керек қой. Мұнда ары қарай үй-жай салуға, мал жаюға болмайды деген нұсқаулар беріп, қоршап, ерекше қорғау аймағына алу керек. Археологиялық қазба жұмыстарын қайта жалғастыруға бастамашылық жасауы тиіс. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ұзақ жылдар бойы аймақтағы археологиялық зерттеулерге бюджетінен қомақты қаржы бөліп, Даниал Ахметов ағамыз ғалымдармен бірге оның жай-күйін жіті бақылап отырғанын көпшілік біледі. Аймақта республикалық маңызы бар мұражайлар бас көтеріп, тіпті енді ауыл көлемінде де ашылып жатыр. Біздің Лабаннан табылған жәдігерлердің кейбір заттары Сүмбе мектебінде тұр екен. Ол мектепте емес, музейде тұруы керек қой. Ақпараттық-танымдық, насихат жұмыстары жүргізілмегендіктен Сүмбенің төмен жағындағы ауылдардың тұрғындары онда ІХ-ХІІ ғасырлардағы керемет ескерткіш жатқанын мүлде білмейді. Дәл осындай қала не қала қоныстары орындары Шарыннан ары қарай Ақтеріскен жерінде де бар. Бала кезімізде ата-аналарымыз, ағаларымыз керамиканың қалдықтарын жинап әкелетін. Ұйғыр ауданының археологиялық және тарихи-мәдени ескеркіштерінің тізімінде олар да жоқ.
– Ауданның тарихы да, табиғаты да өте керемет, тіпті, бірегей деуге болады ғой?
– Иә. Бұл – Әмір Темірдің шапқыншылығы өткен жер. Бүкіл деректерде Шарын бойы, Темірлік бойындағы шайқастар кезігеді. Шоқан Уәлиханов та Қашқарияға сапарын осы жерден жасап, атақты Шетен тоғайына тоқтағаны туралы жазбалары бар. Ауданда екінің бірі мұндай мәліметтерді біле бермейді. Мұнда Жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі қаншама оқиғалар, батырлар өтті! Кейбір батырларға ескерткіш енді орнатылып жатыр. Оның өзі аудан, облыс әкімшілігінің қолдауымен істеліп жатқан дүние емес. Жергілікті халықтың бастамасымен қойылып жатыр. Солардың басын қосып, тұжырымдамасын жасау керек. Мысалы, биыл республика көлемінде Аңырақай шайқасының 300 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Ал ауданымыздың аумағында халықтың есінде қалған «Қарадала шайқасы» деген бар. Сол шайқас туралы мәлімет аз. Егер, жергілікті тарихи-өлкетану музейі болса, осы мәселелердің бәрін түгел көрсетуге болар еді. Одан кейін патша үкіметінің отарлау саясатының салдарлары, ХІХ ғасырдың екінші жартысында өзге этнос өкілдері – сарттардың, тараншылардың, дүнгендердің қалай, қанша адам көшіп келгені, 1916 жылғы көтеріліс, кеңестік әкімшілік басқару жүйесінің құрылуы архив құжаттарында тұр. Солардың барлығын шығарып, ауданның этникалық құрамының бірте-бірте өзгеруі мен бүгінгі тыныс-тіршілігін көрсетсе, өте жақсы жұмыс болатын еді. Жергілікті халықтың тарихын, мәдениетін кешенді түрде қарастырса, өлкенің осындай ерекшелікке ие болуының себептері нақты көрінетін еді. Бұл жерге мектеп оқушылары ғана емес, сырттан саяхатшылар экспедицияға келетін еді. Ауданның тарихына арналған ғылыми-танымдық дүниелердің басын қосып, кітапшалар шығару, тарату ісі де өте маңызды. Экспедицияның нәтижесінде біз қоғамдық даму орталығына әрқайсымыз өз пікірімізді жазып бердік. Бізді бастап барған Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов ағамыз аудан тарихына қатысты жазылатын кітаптың мазмұнын көрсетіп берді. Онда бұл кітап қандай болуы керек, оны институтта кім жаза алады деген мәселені де қозғап, бұл жұмысқа ғалымдар дайын екенін айтты. Тек оған облыс әкімшілігі тарапынан қолдау болса болды. Ұсыныстардың ішінде өлкетану музейін ашу, ауданның тарихи-мәдени ескерткіштерінің тізімін қайта жасау, Сүмбедегі ортағасырлық қаланы қорғаудың статусын шұғыл түрде өзгерту де бар. Сондай-ақ ауданда ұлттық құндылықтарға негізделген, халықтың ұлттық рухын көтеретін және этносаралық татулық пен бірлікті насихаттайтын іс-шараларды қолға алудың маңыздылығы туралы пікірлерімізбен бөлістік.
– Қарадала шайқасы жоңғарларға қарсы ең соңғы ірі шайқастың бірі болған деген қаншалықты рас?
– Жетісу жерінде жоңғарларға қарсы соңғы шайқастардың жүруі заңды. Ол кезде жерді жаудан тазарту, елді толық азат ету үшін азаттық күресінің соңғы ұрыстары осында жүріп жатты ғой. Дегенмен соңғы деп айту үшін нақты дерекке сүйенуіміз керек. Қолымызда нақты құжат болмаған соң мен соңғы шайқас деп айта алмаймын. Оны әлі қарау керек, зерттеу керек. Мысалы, Орбұлақ шайқасына қатысты біліміміз енді ғана толығып, кітапқа, оқулыққа енетін дәрежеге жетті. Қарадалы шайқасы дәл осыны күтуде. Ол жергілікті халықтың арасында айтылып жүргенімен, ғылыми тұрғыдан әлі толық мән берілмеген, қарастырылмаған дүние болып тұр.
– «Рухани даму», «Туған жерге тағзым» деген сияқты бағдарламалар аясында әр адам өзінің туып-өскен жерінің тарихына үлес қосуы керек қой. Бұл ауданнан шыққан тарихшылар, ақын-жазушылар ауыл, аудан тарихын жазуға неге белсенді түрде атсалыспай жатыр?
– Сол ауданнан шыққан тарихшылар арасында өзімізге ұстаз болған, марқұм, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәйден Жолдасбайұлы, Кеңес Қожахметұлы ағаларымыз болды. Сәйден ағаның Жетісу тарихына, соның ішінде жергілікті халықтың қала салу ісі, қоныстары мен мекендеріндегі ерекше жылыту жүйесі – кәң жүйесі туралы зерттеулері маңызды. Дегенмен, қазір бұл зерттеулердегі ғылыми тұжырымдар көпшілікке таныс емес. Бұл жаңалықтың басты ерекшелігі жергілікті Жетісу халқының отырықшы егіншілік мәдениетінің өзіндік ерекшеліктерін көрсеткенінде жатыр еді. Аталған ғалымдардан кейінгі жас буын өкілдері де аз емес. Бірақ әр тарихшы ғылымизерттеу жұмыстарымен айналысқан кезде өзінің таңдап алған бағыты болады ғой. Менің бағытым – ортағасырлардағы Алтын орда, Моғолстан тарихы. Сол жерде осы аймақта өткен, Қамарадиннің Әмір Темірге қарсы және өзге де шайқастары туралы мәліметтер бар. Менің ол туралы мақалаларым да шықты. Ал ауданның ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихын жазу бір тарихшының қолынан келмейді. Тарихшылар белгілі бір кезеңге маманданады. Жергілікті тарихтың тағы бір ерекшелігі, бұл өлкетанушылардың еңбектерінің негізінде де жазылады. Қазіргі біздің жалпы тарих ғылымындағы бір олқылық – жергілікті тарихқа жете көңіл бөлінбей жатыр. Тарихшылар былай көп көрінгенімен әр кезең, әр сала бойынша осы осыны жазады, зерттейді-ау деп қарасаңыз мамандар саусақпен санарлық боп қалады. Тарих факультетінде білім алғандардың бәрі тарихшы бола бермейді.
– Сұхбатыңызға рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болып, ұсыныстарыңыздың қолдау табуына тілектеспін.
Сұхбаттасқан Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ