Қонаев қаласында Алматы облысының түкпір-түкпірінен жиналған балуандардың белдесуі өтті. Нәтижесінде Қонаевтың балуаны Мәди Еділбаев жеңіске жетіп, «Алатау арланы» атанды.
27 балуан қатысқан жарыста 5 млн теңгені қанжығасына байлаған балуан белдесудің ақтық кезеңі ең қиын болғанын айтып, сезімімен бөлісті.
«Ақтық кезеңде Еңбекшіқазақ ауданының тумасы Нұрғали Жолтаевпен күрестім. Жарыстың ең қиын кезеңі де осы сәт болды. Бұған дейін Еңбекшіқазақ балуанымен бірнеше рет кездескенбіз және жалпы белдесулерде екеуміз бір-бірімізге есе жібермей, теңдей түсіп жүргенбіз. Сол үшін де бүгін өзімнің әккі қарсыласымды жеңу мен үшін маңызды болды. Алматы облысында алғаш рет өткен «Алатау арланы» жарысында басқаларды шаң қаптырып, оза шапқаным мақтаныш сезімін тудырып тұр. Жарысқа тыңғылықты дайындықпен келдім. «Қазақстан барысына» да осы күшті жоғалтпай барамын», – деді жеңімпаз балуан Мәди Еділбаев.
Республикалық «Қазақстан барысына» 2-орынды иеленген Нұрғали балуан да қатысады.
Alatau News