Алматы облысы әкімдігінің бүгін өткен отырысында өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев Рустам Исатаевтың облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалғанын мәлімдеді.
«Қазақстан Президенті Әкімшілігінің келісімімен және менің бүгін шығарған өкіміммен Рустам Маратұлы Исатаев Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Рустам Маратұлы 1986 жылы туған, білімі жоғары. 2008 жылы Ұлыбританияның Дарэм университетінде «экономика», 2021 жылы АҚШ-тың Гарвард университетінде «Мемлекеттік басқару магистрі» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2008 жылы Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі макроэкономикалық талдау және жоспарлау департаментінің бас сарапшысы болып бастаған.
Әр жылдары Премьер-министрдің кеңесшісі, Қазақстан Президенті Әкімшілігінің сыртқы саясат орталығының консультанты, Президент Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және территориалдық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестициялар комитетінің төрағасы, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС вице-президенті қызметтерін атқарған.
2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Алматы облысы әкімінің кеңесшісі лауазымын атқарған.
Alatau News