Алматы облысының әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыста ауыл шаруашылығын дамыту жайы талқыланды.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің мәліметінше, Алматы облысы республикада ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі бойынша 12 пайыздық үлеспен екінші орында тұр. Бірінші орында – Түркістан облысы.
«Жүгері, ет өндіру, құс саны бойынша республикада алдыңғы орында, күріш, соя, картоп, жеміс-жидек және жүзім өндіруден – екінші, қой мен ешкі санынан – үшінші орындамыз. Бұл экспорттық әлеуетті арттыруға зор мүмкіндік беріп отыр. Қазірдің өзінде Таяу Шығыс, Еуропа, Орталық және Шығыс Азия елдерімен белсенді қарым-қатынас жүргізіліп жатыр», – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Алайда, облыс басшысы осы саланы дамытуда мәселе туындап отырғанын да атап өтті.
«Мәселен, 2022 жылы ауылшаруашылық өнімінің нақты көлем индексі небәрі 100,1%-ды құрады. Басты себебі – өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру төмендеп, индексі 98,3%-ды құрады немесе республикада 17-орын болды. Ал, биылғы жылдың бірінші тоқсанында өсім 101,2% құрап, 15-ші орындамыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Alatau News