Отан – отбасынан басталады. Тәуелсіз еліміздің босағасын берік, шаңырағын биіктете түсуде бір-бір уық боп бекіп жатқан жас отбасылардың ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ата-дәстүр, салт-сананы ұрпақ бойына сіңірудегі еңбектері мен ізденістерін, жетістіктерін жалпақ жұртқа жария ету жолында тәлім аларлық іс-шаралар жібін үзбей жалғасып келеді десек, соның бірі – тамыры тереңдей түскен «Үлгілі отбасы» байқауы.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Берекелі әрі бақытты отбасы – қуатты елдің тірегі» деуі отбасы институтының маңыздылығын айшықтай түсуде. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген тәмсілге сай, отбасының тірегіне айналған асқар таудың аласармай, бастауынан мейір қандырып, ұрпағын өсіріп, биік бәйтерекке айналуға қадам басқан жас отбасылардың ынтымақ-бірлігі мен тынымсыз тіршіліктері көңіл сүйсінтеді. Махаббат атты ұлы сезімге кір шалдырмай, шаңырағын шуақтандырып, түтінін түтетіп отырған жас отбасылардың арасында түз бен үйдің тізгінін тең ұстап, жарасымды жұп ретінде танылып, көптің ықыласына бөленіп жүргендері аз еместігін ауыл, аудан деңгейінде өткен сындарлы байқаулар нәтижесі аңғартқан. Еселі еңбек пен өміршең өнерді бойға сіңірген олардың ортасынан оза шапқандары облыстық байқауға жолдама алған болатын.
Бүгінгі – Халықаралық отбасы күніне орай, Алатаудың баурайындағы «Ғұндар» деп аталатын этноауылда облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Үлгілі отбасы» атты жас отбасылардың байқауы өтті. Оған өңірдің 9 ауданы мен Қонаев қаласы бойынша 10 отбасы қатысып, өздерінің отбасылық құндылықтары мен шығармашылық шеберліктерін көпшіліктің назарына ұсынды.
– Отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде есігін айқара ашып енетін ортасы, өсіп, тәрбие алатын қасиетті алтын бесігі. Халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа отбасылық дәстүр арқылы беріледі. Отанды сүю, оған қамқорлық көрсету – отбасында қалыптасады. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Алматы облысы бірлігі бекем, татулық пен достықты ту еткен отбасыларымен ерекше мақтанады. Осыған лайық өнегелі отбасылар еліміздің өркендеуі мен қоғам дамуына өз үлестерін қосып келеді, – деген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізова байқауға қатысушы отбасыларға сәттілік тіледі.
Тағылымы мен тәлімі мол «Үлгілі отбасы» байқауына қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынасты. Байқау шымылдығы «Өнерлінің өрісі кең» деген тақырыпта ашылды, яғни өздерін таныстыра отырып, отбасының өнерлерін паш етті. Балқаш ауданынан келген Абылай Даткердің отбасы алғашқы боп сөз бастаса, екінші болып Еңбекшіқазақ ауданынан келген үміткер Ерасыл Қанафиянов, әрі қарай кезек-кезегімен байқау шарттарына сай додалы жарыс жалғасын тауып жатты. Жырсүйер халқымызға қара өлеңнен оңайы жоқ десек қателеспейміз. Мұны өздерін таныстыруда төгілткен жыр түйдектерінен анық аңғардық. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, жас отбасылар ұлттық өнерден де құрыалақан емес екенін паш етті. Бірі дөңгелене би билей жүріп ән салса, енді бірі суретші, тағы бірі спортшы, тіпті қолөнер шебері екенін де сүт пісірім уақытта-ақ танытып жатты. Алғашқы кезеңінде Жамбыл ауданынан келген Күйшібаев Қуаттың, Қарасай ауданынан келген Лаубаев Талғаттың, талғарлық Қазбек Әділдің өнерлері айрықша көзге түскенін атау абзал.
Салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спорттың дамуында да бұл отбасылардың қосып жүрген үлесі аз еместігін байқаудың ІІ- «Толағай» спорттық кезеңі толық танытты. Бұл жарыста Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Қарасай аудандарының қатысушылары бала-шағаларымен белсенділік танытты.
Ал, шаңыраққа жылу сыйлап, отбасының берекесін кіргізер сәт сыналған ІІІ-кезең «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» кезеңінде отбасының тіреуі – әкелер қошқар көтеру, ат ерттеу, қол күрестіруден күш сынасса, аналар қамыр илеу, бауырсақ пісіру, құрт жасау сынды үй шаруасындағы шеберліктерін көрсетті. Он саусағынан өнер тамған шеберлік сынында да сүрініп қалғаны жоқ. Ыстық бауырсақ пісіріп, қамыр илеп, құрт жасауда ақ жаулықты аналар алдарына жан салмады, бірінен бірі озғаны анық.
Байқауда бақ сынасқан Кеген, Райымбек аудандарының үлгілі отбасылары Дәлелхан Кемелханұлы мен Досбол Майсаұлының өнерлері көңіл хошын көтерсе, Іле мен Ұйғыр аудандарының намысын қорғаған Қайрат Нұржаубаев пен Аян Қатаев, Қонаев қаласынан қатысқан Бауыржан Құрманғазиевтер халықтық өнерге қаныққан отбасы екендіктерін көрсете білді.
Ата салтқа адалдық танытып, ағайын-туыстың алтын арқауына айналумен қатар, қоғам дамуына сүбелі үлес қосып жүрген босағасы берік, шаңырағы биік отбасылардың өнері мен ерен еңбектеріне әділқазылар алқасы оң бағасын берді. Алатаудың баурайын дүбірлеткен байқау қорытындысы бойынша Ұйғыр ауданынан қатысқан Аян Жанасбекұлының отбасы бас жүлдені иеленіп, 300 мың теңгені қанжығаға байлады, 2-орын Қарасай ауданынан келген Талғат Лаубаевтың еншісіне бұйырды, ақшалай сыйлық қоры 200 мың теңге. Ал, жүлделі 3-орынға Еңбекшіқазақ ауданынан қатысқан Ерасыл Қанафиянов тұрақтап, 100 мың теңгенің сертификатын иеленді. Байқауға қатысушылардың қалғандарына түгел 40 мың теңгеден және балаларға жекелеген сыйлықтар табыс етілді.
Байқау жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары Нұржан Кеңесұлы құттықтап, олардың алдағы өмірлерінің мәнді де сәнді, табысты әрі бақытты болуына тілектестігін білдірді.
Байқауға қатысушылар мен қонақтар құрметіне этноауылдың ат құлағында ойнайтын қыз-жігіттері өз өнерлерін ұсынып, таң-тамаша күйге бөледі.
Ұлбосын Исабекова,
Талғар ауданы