Қазақстанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту мақсатында «Парыз» конкурсы басталды. Конкурс аймақтық және республикалық деңгейде өтеді. Оған жеке кәсіпкерлер қатыса алады.
Конкурс жеңімпаздары үш категория арасында анықталады: шағын кәсіп субъектілері, орта кәсіп субъектілері жәее ірі кәсіп субъектілері. Конкурсқа қатысушы кәсіпкерлік субъектілері «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбек қорғаудағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық келісім» және «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациялары бойынша марапатталады. Конкурста «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» деп аталатын арнайы сыйлық тағайындалады.
Конкурсқа кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніне үш жыл толған, банкрот деп танылмаған, еңбек зағын бұзбаған, оның ішінде жұмысшылар алдында қандай да бір берешегі жоқ, ұжымдық еңбек дауына ұрынбаған, жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі 50 пайыздан аспайтын, Қазақстан аумағында саяси, кәсіподақ және діни ұйымдарды қолдау бағытындағы емес әлеуметтік және қайырымдылық қызметін көрсететін бизнес субъектілері қатыса алады.
Конкурсқа қатысу құжаттарын аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қабылдайды.
Елімізде “Парыз” конкурсы президенттің бастамасымен 2008 жылдан бастап өткізіліп келеді.