Бұл туралы Бесағаш ауылының Мәдениет үйінде Талғар ауданы тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев айтты.
«Экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі – шағын және орта бизнесті дамыту. Облыста 125,8 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, оның ішінде 19 мыңнан астамы Талғар ауданында. Мұнда 38 мың адам қызмет етеді және облыста 3-орында тұр», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімінің мәліметінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде ауданның 41 кәсіпкеріне мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Дегенмен, Талғар ауданында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі жоғары (28,7%), ал жұмыссыздар саны – 5,6 мың адам. Осыған орай, облыс әкімі аудан әкіміне халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп, аталған санаттағы азаматтарға өз ісін ашу үшін шағын несиелер мен гранттар беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ ол халықты жұмыспен қамтып, жұртшылықтың төмен табысы мәселелерін кешенді шешу үшін «Алматы облысының 2029 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру» жөніндегі өңірлік жоспары қабылданғанын айтты. Әкім сонымен қатар тиісті басқарма басшыларына осы жоспардың сапалы іске асырылуын және көзделген көрсеткіштерге қол жеткізуді тапсырды.
Alatau News