«Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде.
Жігерлен, сілкін,
Қайраттан, беркін
Деп насихат бергенде.
Ұятсыз, арсыз салтынан,
Қалғып кетер артынан», – деп күйінген екен ұлы Абай. Ал бізде қайнайтын қан да қалмай барады. Ашитын жан да сүйелденіп, сезімнен айырылды.
Шалғай аудан, ауыл мәдениеті, онда қызмет атқаратын өнерпаздар бұл күнде босағадан аттай алмас күй кешіп, келім-кетім қонақтың көңілін аулайтын кезде күндіз шам алып іздеу салып, соңынан алғыс түгілі мейірімге толы бірауыз сөзге зәру болып, ашқұрсақ, шалажансар кете береді. Тіпті, аудандық Мәдениет үйлері өз ғимаратын толық өзі мекендеуге құқығы жоқ. Ұйғыр, Райымбек, Қарасай аудандық Мәдениет үйлерінің бір емес, бірнеше бөлмесін тілдерді дамыту мекемесі жаулап алған. Өткен жолы Іле аудандық Мәдениет үйінің түгелдей екінші қабатын архив ұжымы мекендеп отырғанын көрдім. Мен атын атаған аудандар ғана емес, еліміздегі көптеген Мәдениет үйлері солай. Бұрын кең бір бөлмені «Нұр Отан» деген келмеске кеткен партия алып алған еді. Ол жерге бір партия мүшесінің отырғанын көрмедім. Үнемі есігі жабық. Іші керемет, қымбат жиһаз. Өздері жоқ. «Ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» болатын. Ендігісі мынау.
Қазір облыстағы барлық Мәдениет үйлерінде халық аспаптар оркестрі немесе ансамбль, би, домбырашылар үйірмесі, жыр-терме кластары, театрлар ашылып, өнерпаздар бас сұғатын орын таппай, қамығып жүр. Аудан әкімдеріне, тіл басқармасына: «Бөлмені босатып беріңіздер, өзіміз сыймай жатырмыз», – десек: «Сендер немене, тілге қарсысыңдар ма?!» – деп өзіңе қарсы шабуылға шығатын болды. Оу, сонда ұлттық өнерге сендер қарсысыңдар ма? Ұлттық идеологияның үлкен бір бөлімі, сансыз сарбазы өнерпаз бен спортшылар емес пе? Халықаралық додаға алдымен өнерді, спортты алға қойып, үйіне келгенде босаға сығалата қоярлықтай не жазды олар сендерге?!
«Ауылдағының аузы сасық» дегендей, күнде той-томалақта көріп, көз үйреніп кеткен өнерпаздың мінезін, қыр-сырын білгендіктен көзге ілгілерің келмейтін шығар?! Оның дарыны мен қабілеті өзгенің бойында жоқ қой! Оны қайтеміз?
Аудандағы тілдерді дамыту мекемелерінің де талай өтірік фото-видео есептерін көріп жүрміз. Жасыратыны жоқ, бір-екі өтірік суретіне, жалған қойылымына өзім де қатыстым. Ал бөлмені босат дегеніміз үшін бізді тілге қарсы топ санайтын, «бүгін бәленше деген тақырыпта жиын, семинар, сабақ өтті, оған осынша адам қатысып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болды» деп өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай қылатын мекеменікі – қай қылық?!
Республикалық мәдениет қызметкерлерінің күні жақын қалды. Өткен жылы бір-екі ауданның аталмыш мерекесіне қатысып, сөз сөйледім. Аудан әкімі отырған соң залда сол аудандағы барлық мекеме басшылары түгел отырды. «Осы бүгін Мәдениет күнінде де мәдениет қызметкерлері өздеріне-өздері концерт қойып, өздерін-өздері құттықтап жатыр. Осы залда аудандағы барлық мекеме басшылары отырсыздар. Жыл он екі ай осылар сіздерге қызмет атқарады. Біріңнің мерекеңе атсалысып, концертін қойып, біріңе дыбыс аппаратурасын тасып, біріңнің келген комиссияңды күтіп, біріңнің жоғарыдан келген бастықтарыңның алдында сайқымазақ болып, аянбай жүгіріп жүреді. Бүгін осылардың мерекесінде ауданның әр мекеме басшысы бір шоқ гүлін, тым болмаса бір жапырақ Алғыс хатын табыстаса қолдарыңа жара шығып, тағыңнан түсіп қалар ма едіңдер?!» – дедім. Сілтідей тыныштық орнады. Биыл содан қорытынды шығарар ма екен? Әй, қайдам.
Жоғары лауазым иелерінің құлағына жетер деген оймен жазуға отырдым. Ауыл мәдениетінің көптеген түйіні шешілмеген мәселерінің бірі осы екенін көпшілік біліп жүрсін деген ойым бұл. Мені қара тізімге кіргізіп, әкімшілік ғимаратынан аластап жіберсеңіздер де айтарым осы. Көндік, төздік, шыдадық. Қазақтың төзімі мен шыдамы – әлемнің сегізінші кереметі! Естеріңізде болса, оған дейінгі кереметтердің көбі жер бетінде қалған жоқ. Қазақтың шыдамын сақтай аласыздар ма? Көрейік.
Асқар НАЙМАНТАЕВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, режиссер, актер