Сәрсенбінің сәтінде Бесағаш ауылындағы Мәдениет үйінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев талғарлықтармен кездесіп, келелі мәселелер түйінін тарқатты. Тұрғындарды елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси шаралардан хабардар еткен облыс басшысы алдағы міндеттер мен негізгі бағыттарды да айқындап берді. Алқалы жиында жеткен жетістіктермен қатар орын алған кемшіліктер де сөз болды.
Кездесудің күн тәртібі бойынша алдымен Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбековтің әлеуметтік-экономикалық өсім бойынша баяндамасы тыңдалды. Аудан әкімі өз сөзінде ауылшаруашылығында 8,5 млрд теңгенің жиынтық өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,9 пайыз құрағанын жеткізді. Көктемгі егіс науқанының жұмыс жоспарына сәйкес, биыл 9 555 га алқапта жер жырту жұмысы жоспарланған. Бүгінде іс-шаралар 100 пайыз орындалған. Аудандағы 10 жылыжай шаруашылығынан 157,3 тонна көкөніс алынып, өткен жылмен салыстырғанда өнім көлемі артқан.
Аудан басшысы денсаулық сақтау, өнеркәсіп, жұмысқа орналастыру, мал шаруашылығы, туризм, тұрғын үй, ауызсумен, газбен қамту, көші-қон, демография, білім саласында атқарылған игі істерге де тоқталып, сандарды сөйлетті. Оның ішінде халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер де баршылық. Соның бірі – қоғамдық көліктермен қамту жайы. Қазіргі кезде Талғар ауданында 11 ауданаралық бағыттар бойынша 32 автобус жүреді. Алматы мен Талғар арасындағы қоғамдық көлік мәселесі де өткір проблеманың бірі еді. Осы мәселені шешу мақсатында сәуір айынан бастап сыйымдылығы 30 орынды 22 жаңа автобус қызмет көрсетуде. Осындай келелі тақырыптарды қозғаған аудан әкімі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 2023-2025 жылдары 11 жаңа мектеп салу жоспарланғанын жеткізді.
Жиында белгілі болғандай, Қазақстан Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, аудан халқымен бүгінгі күнге өткен 15 кездесу кезінде 174 мәселе көтерілген. Көтерілген мәселелер негізінен алғанда инфрақұрылым бағытында болып отыр.
Бұдан әрі облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында есеп берді.
– Біздің алдыңғы есептік кездесуімізден бері 5 айға жуық уақыт өтті. Осы уақыт аралығында еліміз бен облыс өмірінде әділетті Қазақстанды құруға бағытталған тарихи өзгерістер болды. Біз бәріміз осы процестердің куәгерлері және белсенді қатысушыларымыз. Ең алдымен, саяси реформалар мемлекеттік басқару тетіктерін қайта өзгертуге мүмкіндік берді. Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізге бірқатар міндеттер қойды. Олардың орындалуы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді. Басты басымдық – халықтың әл-ауқатын арттырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, – деген облыс әкімі өткен жылғы экономикалық өсім қарқынын сақтау, тұрғындардың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту бойынша алға қойылған міндеттерді атады.
Облыс әкімінің баяндауынша, аймақта биылғы жылдың бірінші тоқсанында экономиканың барлық негізгі салаларында оң динамика бар. Сол себепті, жыл соңына дейін өсу қарқынын сақтаудың маңызы өте зор. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 11,7%-ға (402,4 млрд теңге), ауыл шаруашылығы – 1,2%-ға (97,1 млрд теңге), сауда – 23,1%-ға (286,3 млрд теңге), байланыс қызметтері – 18,7%-ға (3,5 млрд теңге) өскен. Сонымен қатар, 241,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген немесе өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 24,2%-ға ұлғайған.
Облыс экономикасына 20,4 пайыз өсіммен 94,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Мемлекеттік бюджетке түсімдер 177,6 млрд теңге көлемінде қамтамасыз етілді немесе 2022 жылдың сәйкес кезеңінде 110,5 пайыз, оның ішінде, жергілікті бюджетке 81,5 млрд теңге түскен. Жалпы, облыста 14,1 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. Бұл орайда Талғар ауданының рөлі және оның жалпы облыстық рейтингке қосқан үлесі өте маңызды. Сондықтан, шағын және орта кәсіпкерлік саласы, агроөнеркәсіп кешені, өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм индустриясы Талғар ауданы үшін серпінді бағыттарға айналуы тиіс.
– Талғар ауданы, бір жағынан, еңбек әлеуетін шоғырландыратын агломерацияның бөлігі ретінде, сонымен бірге, облыс орталығын қолдайтын тірек аудандардың бірі ретінде өз мәртебесін айқындауы керек. Бізге аудан мен облыс орталығы арасында еңбек ресурстарын дамыту маңызды, – деген Марат Елеусізұлы аудан әкіміне бәсекелестікті пайдалана отырып, экспортқа бағытталған кәсіпорындардың санын арттыруды міндеттеді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы аудан әкімімен бірлесіп, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағдарланған жаңа кәсіпорындарды ашу және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту жолымен өндірісті одан әрі ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін тапсырды.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, кейінгі жылдарда ауылды дамыту кезек күттірмес міндеттің бірі әрі аграрлық сектор отандық экономиканың жаңа локомотивіне айналуға тиіс. Бұл бағытта 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамытудың қабылданған жаңа тұжырымдамасы ауыл экономикасын дамытуға, жер қатынастарын реттеуге, сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқаруды, инфрақұрылымды және басқа да маңызды аспектілерді жаңғырту қажет. Осылай өз ойын өрбіткен облыс басшысы Талғар ауданының жеміс-жидек дақылдары бойынша әлеуеті өте зор екенін, инвесторларды тарта отырып, оларды өңдейтін өндірістер ашуды жолға қою қажеттігін тілге тиек етті.
Талғар өңірінде бүгінде 200-ге жуық шаруашылық бар. Оларға 1,5 млрд теңгеге қолдау көрсетіліп, биылғы көктемгі егіс жұмыстарына 755 тонна дизель отыны бөлінген. Жыл басынан бері 19,3 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталып, оның 10,3 гектардан астамы немесе 0,1 пайызы мемлекетке қайтарылған. Облыс әкімі бұл бағытта жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын іске асыру басталды. Оған ірі мал басы көп және ауыл шаруашылығы алқаптары бар 6 аудан іріктелген. «Жобаны Талғар ауданында іске асыру Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыруға мүмкіндік береді, сол арқылы облыс пен қала тұрғындарының азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі», – деді Марат Елеусізұлы.
– Аудан әкімі халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға өз ісін ашуға шағын несиелер мен гранттар беруді қамтамасыз етуі қажет. Жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру және халықтың төмен табысы бойынша мәселелерді кешенді шешу үшін Алматы облысында 2029 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру жөнінде өңірлік жоспар қабылданды, – деген облыс әкімі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламаларды, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармаларына аудан әкімдерімен бірлесіп, жоспардың сапалы іске асырылуын және көзделген көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуді міндеттеді.
Халықаралық туризмді дамыту да басты мәселе. Талғар ауданы Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым аумақтарының «ТОП-10» тізбесіне енгізілген. Сол себпті, «Ой-Қарагай – Лесная Сказка» тау шаңғысы курортын «Апорт» және «Ақтас» жобалары арқылы кеңейту 6 мыңға жуық қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. Бұл іс бюджетке түсетін түсімді жыл сайын 1,2 млрд теңгеге дейін арттырады деген болжам бар.
Жыл соңында Талғар қаласында 216 пәтерге арналған 3 кредиттік үй беріледі деп болжануда. Былтыр Талғар өңірінде тұрғын үй берілмеген. Облыс басшысы аудан әкіміне тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтуды және жеке тұрғын үй құрылысына қажетті инженерлік инфрақұрылымы бар дайын жерлер беру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Облыс әкімі аудандағы газдандыру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, мәдениет, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп, тізе берсек, әлеуметтің әлеуетін арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған салалар бойынша бірқатар мәселелерді жіліктей баяндады.
Алдын ала есепті кездесу өтетіндігінен құлағдар болған жұртшылықтың көптігі сонша, 260 орынды залға сыймай, тікесінен-тік тұрып тыңдағандар қарасы қалың болды. Түйдек-түйдек мәселесін облыс әкіміне тікелей жеткізсек деген тілекпен келген азаматтар кездесуде белсенділік танытты. Қойылған сұрақ пен оған берілген жауаптың көптігінен кездесу уақыты ұзаққа созылды. Залға қойылған үш микрофонға кезек алған тұрғындар бірінен соң бірі ұсыныс-тілектерін жеткізді. Қордаланған проблемалардың дені инфрақұрылым, ауызсу, жарық, жол мәселелеріне тірелді. Десе де, бұл күні бесағаштықтардың белсенділігі өте жоғары болғандығын атау ләзім. Әсіресе, осындағы саяжай тұрғындарының арыз-тілегі, ұсынысы көп болды. Тобымен келген тұрғындар саяжайға ауыл статусын беруді сұрады. Жылдар бойы жырға айналған ауызсу мәселесі де баса назар аударды.
Тұрғындар ұсынысын мұқият тыңдаған облыс әкімі әрбір сұраққа тұщымды жауап беріп, көтерілген барлық мәселе шешімін табатынын атап айтты. Кездесу соңында облыс әкімі тұрғындармен жеке қабылдау өткізді.
Ұлбосын ИСАБЕК,
Талғар ауданы