Алматы облысының жедел жәрдем станциясы мамандырылған реанимациялық бригадасының фельдшері Өміржан Қуаныш, аталмыш салаға кейінгі 9 жыл өмірін арнаған. Оның айтуынша, мамандыққа ең алдымен жауапкершілікпен қарау керек. Өйткені адам тағдырына қатысты шешуші сәтте әр минут санаулы, әр секунд қымбат.
Өміржан 2014 жылы оқу бітірген соң еңбек жолын Іле аудандық орталық ауруханасында бастаған. Кейін медициналық жедел жәрдем көрсету станциясында фельдшер болып жұмыс атқарған. «Жалпы фельдшер мамандығы қызық. Ал қиындығын жедел жәрдемде істейтін адамдар ғана түсінеді. Көбісі бағаламайды. Науқастың жағдайына дер кезінде баға беру үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап етеді»,- дейді Өміржан Қуаныш.
Маманның айтуынша, жұмыс барысында қоғамға қауіпті саналатын пациенттерден де шақырту түседі.
«Көктем кезінде психикалық ауытқуы бар науқастардан жиі шақыртулар түсіп тұрады. Ондай кезде біз 102 қызметімен бірге барып көмек көрсетіп, тиісті органға жеткіземіз. Өйткені олар қоғамға, басқа ортаға қауіпті болып саналады»,- дейді Өміржан Қуаныш.
Сонымен қатар, ол өліммен бетпе-бет келетін кездер болатынын жасырмады. Айтуынша, арнайы бригада болғандықтан адам есінен танып, жүрек соғысы тоқтап қалатын жол апаты сынды жерлерге шақыртуға барады.
«Әр фельдшер жұмыс барысында түрлі жағдайларды көріп, қатаяды. Бастапқы кезде өте қиын болады. Науқас қолыңда жан тапсырған кезде, өзімді кінәлі санаған кезім болды. Өйткені қанша көмек көрсеткенмен, кейде пациенттің жүрек соғысын қалпына келтіру мүмкін болмай қалады», – деп толықтырды Өміржан Қуаныш.
Сондай-ақ, ол сегіз жыл бұрын болған оқиға қанша уақыт өтсе де, есінде мәңгі сақталып қалғанын атап өтті. Айтуынша, жаны қалаған жұмыстың әр сәті жадында жатталып қалуы заңдылық.