Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінне қарасты автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр айтты.
Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) осы жылдың екінші тоқсанында, маусымның ортасына қарай пайдалануға беріледі.
Айтуынша, ұзындығы 66 шақырымға созылған I-А санатты жолдың екі бағытында үш жолақтан бар. Жалпы саны алты жолақ болатын ақылы автомобиль трассасында сағатына 120 шақырыммен жүруге рұқсат етілген.
«ҮАААЖ-да ақы алудың ашық жүйесі қарастырылған. Яғни, бұл жүйеде айналма жолға шығар тұста және кіреберісінде шлагбаум қоюдың қажеті болмайды», – деді ол. Есесіне жол бойында 24 бақылау аркасы мен 100-ден астам камера орнатылып, көліктерді тіркеп отырады. Аталған жолда жүру ақысын жол жүргеннен кейінгі жеті тәуліктің ішінде немесе жолға шықпас бұрын көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі бойынша банк қосымшалары арқылы алдын ала төлеуге болады.
Сондай-ақ ол жобаның қолайлығы мен артықшылықтарына да тоқталды.
«Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы негізгі магистралдарды босату және жол желісінің өткізу қабілетін жақсарту арқылы Алматы қаласындағы көлік ағынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде кептелістерді азайтып, жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары үшін көлік қолжетімділігін жақсартады», – деді спикер.
«БАКАД Инвестиции и Операции» ЖШС-нің пайдалану және техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұрланбек Өмірбаев ҮАААЖ құрылысы барысында жоғары сапалы жабынға қол жеткізу үшін асфальтті бетон төсеудің заманауи технологиялары мен әдістері қолданылатынын атап өтті.
«Жол құрылысына жоғарғы сапалы материалдар мен жүк көліктерінің салмағын еш қиындықсыз көтере алатын асфальт жабындылары қолданылды. Бұл автомобильдердің тозуын азайтуға және оларды оңай басқаруға көмектеседі», – деді Нұрланбек Өмірбаев.