Оқу-ағарту министрлігі жемқорлардан тәркіленген қаражатқа биыл салынатын мектептердің тізімін жариялады.
Құжатта 62 жобаның тізімі берілген. Өңірлер арасында Алматы облысы мен Астана қаласында осы қаражат есебінен салынатын немесе кеңейтілетін мектептердің саны өзгелерден бірнеше есе басым. Нақтырақ айтсақ, Алматы облысында 10, Астана қаласында 10 мектептің жобасы жоспарланған. Одан кейінгі орында 9 жобамен Түркістан облысы тұр.
Осылайша биыл жемқорлардан түскен 96 млрд 495 млн теңгеге 62 жоба іске асырылмақ. Оның ішінде ескірген мектептің орнына жаңа мектеп салу, жаңадан мектеп салу және орын тапшылығы бар білім мекемесінің жанынан қосымша ғимарат салу жобалары бар.
Мектептер тізімін және әрқайсысына қанша қаражат бөлу жоспарланғанын мына сілтемеден көруге болады.
Бұл тізімдегі жоба саны таяуда Республикалық бюджет комиссиясы қолдаған жобадан аз. Комиссия сәуірдің соңында 106,7 млрд теңгеге 72 мектеп жобасын қолдаған еді.
Еске салсақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы халыққа Жолдауында “жемқорлық айыбымен істі болғандардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуы керектігі” айтылған болатын.