Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыстық мәслихаттың кезекті III сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, басқарма басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Байеділов жүргізді.
Күн тәртібінде бірқатар мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша Алматы облысының 2022 жылға арналған бюджетінің атқарылуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Ұзақова баяндама жасады.
– Өткен жылы экономика секторының барлық бағытында өсу байқалды. Облыстың жалпы өңірлік өнімі 2022 жылдың 9 айында 2538,5 млрд теңгені, жан басына шаққанда 1 706,3 млн теңгені құрады. Өнеркәсіпте өңдеуші сектордың 8,7 пайызға ұлғаюы есебінен өндіріс көлемі 8,9 пайызға артып, 1,5 трлн теңгеден асты.
Ауыл шаруашылығында жалпы өнім 736,5 млрд теңгеге жетті немесе 2021 жылмен салыстырғанда 100,1 пайызға орындалды. Оның ішінде, мал шаруашылығы өнімінің өндірісі 2,3 пайызға өсті. Жалпы АӨК-ні қолдауға 34,1 млрд теңге, оның ішінде субсидияларға 31 млрд теңге бағытталды. 15 мыңға жуық шаруа қожалығына қолдау көрсетілді.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 28,4 пайызға артып, 306,5 млрд теңгені құрады. 790 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді және 2021 жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға ұлғайды. Шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны 116,6 мың бірлікті құрады. Облыс экономикасына 609 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, өсім 14,1 пайызды құрады. Өткен жылы сауда көлемі 1,4 трлн теңгеге жетті және 8,4 пайызға ұлғайды, биыл 1,6 трлн теңге болды. Мемлекеттік бюджет жоспары 105 пайызға орындалды, жоспар бойынша 743,2 млрд теңге болса, 780,1 млрд теңге түсті, бұл 2021 жылдан 17,6 пайызға артық (2021 жылы-663,4 млрд. теңге). Республикалық бюджетке 384,0 млрд теңге, жергілікті бюджетке 396,1 млрд теңге түсті, – деді басқарма басшысы.
Бұдан ары қарайғы сөзінде баяндамашы есепті кезеңде әкімдік 30 бюджеттік даму бағдарламасын іске асырғанын, оның 6-уы бойынша тікелей нәтижеге қол жеткізілгенін, 20 бағдарлама әлі аяқталмағанын және 4 бағдарлама күткен нәтиже бермегенін айтты. Өткен жылы Алматы облысының даму бюджеті бойынша 44 құрылыс нысанын тапсыру жоспарланған, белгіленген мерзімде 29 нысан тапсырылған, 6-уы мерзімінен кешіктіріліп берілген және 9-ы биылға ауыстырылған.
Айта кету керек, өткен жылғы бюджеттің шамамен 50,1 пайызы әлеуметтік шығыстарға, яғни, білім беру, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру саласына және 49,9 пайызы нақты секторға және басқа да шығыстарға – тұрғын үй-коммуналдық, ауыл шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, көлік және коммуникация, құрылыс қызметіне бағытталған. Осы мәселе бойынша облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Мейрам Мұсаев қосымша баяндама жасады.
Келесі кезекте облыстық экокомика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Аслан Ораз «2018 жылға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» 2018 жылғы 18 сәуірдегі №30-161 Алматы облыстық мәслихатының шешіміне өзгеріс енгізу жайын баян етті. Сондай-ақ, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Күнесбаев Қонаев қаласының бас жоспарының жобасын мақұлдау және 2-ші жартылай айналмалы автомобиль жолына дейін ҮАААЖ сыртында орналасқан Алматы облысы аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын бекіту туралы сөз етті.
Жиын соңында «Алматы облыстық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесі бекітілді. Күн тәртібінде көтерілген барлық мәселе депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі өз кезегінде депутаттарға алғысын жеткізіп, өңірдің дамуы үшін ынтымақтастықта жұмыс істей беретіндіктеріне сенім білдірді.
– Жалпы, 2022 жылы жергілікті бюджеттің атқарылуы бюджеттің басым бағыттары бойынша жүзеге асырылғанын және экономикалық өсуді ынталандыруға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге бағдарланғанын және бюджет шығыстарының тиімді жүйесін қалыптастыратынын атап өткім келеді. Облыс бюджетінің шығыстары 82,7 пайызға орындалды (жоспар 852,9 млрд теңге, нақты игеру 705,6 млрд теңге). Жоспардың негізгі орындалмауы Жетісу облысына 143,3 млрд теңге мөлшерінде субвенция беруге байланысты болды. Сондай-ақ шамамен 41 млрд теңге шығыстардың жекелеген бағыттары қаржыландырылды. Бұл ретте, субвенцияны есепке алмағанда, облыстық бюджеттің атқарылуын атап өту қажет деп санаймын, жоспар бойынша 672,5 млрд теңге немесе 99,4 пайыз болған кезде 668,6 млрд теңгені құрады.
Білім беру саласына 312 млрд теңге бөлінді, нақты түсім 311,4 млрд теңге немесе 99,8 пайыз игерілді. 4 білім беру нысаны пайдалануға берілді. 13 мектеп пен 4 білім ошағына қосымша нысан салынып жатыр.
Денсаулық сақтау саласы бойынша 4 нысан пайдалануға беріліп, 5 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгінгі таңда медициналық жабдықтармен жарақтандыру 91,4 пайызға, санитарлық автокөлікпен және компьютерлермен жарақтандыру 100 пайызға жетті. Жалпы облыс бойынша 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді, – деді облыс әкімі.
Облыс басшысы сөз түйінінде көпшілікті алаңдатар жайттардың бірі – газ, су, саяжай мәселесі екеніне айрықша тоқталып, мұның кезең-кезеңімен шешілетінін, Қонаев қаласының бас жоспарының бекітілуімен «Жаңа Іле» бағытында облыс орталығы көркейе түсетінін, өңірдің гүлденуімен халықтың тұрмыс-тіршілігі де жақсаратынын жеткізді.
Алма ЕСЕНБАЙ