Өтеген батыр кентінде Үлкен Алматы айналма жолын пайдалану тақырыбында брифинг өтті. Онда жол жүру ақысы қанша екендігі және оны қалай төлейтіні, сондай-ақ, қандай көліктердің қозғалысына рұқсат берілгені турасында қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Брифингке Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр мен «ҮАААЖ Инвестиция және операциялар» ЖШС пайдалану және техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұрланбек Өмірбаев келіп, халықпен кездесті.
Брифингте Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр:
– Біздің ел тарихында бірінші рет ҮАААЖ – инвестор арқылы жүзеге асырып отырған теңдессіз жоба. Бұл жоба 2000 жылдың басында жоспарланған. Бірақ экономикалық қаржылай жағдайға байланысты кейіңге қалдырылып, 2020 жылы қайта қолға алынды. Енді, міне, 2023 жылы маусымның екінші жартысында қолданылуға берілмек. ҮАААЖ ерекшелігі 16 жыл бойы жөндеу, сырлау, әрлеу жұмыстары осы жолды салған, түріктің «Alarko contracting group» пен кореялық «Makyol» компанияларының құзырында болмақ. Әрі ақылы жол болғандықтан инвестордың шыққан қаржысын қайтарып беру мақсатында келісім жасалып отыр. Жолдың ұзындығы 66 шақырым, алты жолақты немесе төрт жолақты болып келеді. 140 шақырым сағат жылдамдыққа есептелген. Жол Талғар, Іле, Қарасай аудандарын жалғап жатыр. Жол елді мекен тұрғындарымен ақылдасып, экологиялық жағдайды қарастыра отырып салынды. Тарифтерге келсек, алты санатты техника жүреді. Жеңіл көлік бір учаскеге бір сағатқа кіріп-шыққанға 242 теңге төлейді. Жергілікті тұрғындарға арналған абоненттік төлем болады, абоненттік төлем арқылы жолда бір ай жүре алады. Бұл ақылы жол инвестордың құйған қаржысын өзіне қайтарып беру негізінде экономикалық жағынан есептеліп қойылды, – деді.
Жол динамикалық таразы жүйесімен қамтылғандықтан қозғалыс тоқтаусыз болады, сондай-ақ, бейнебақылау камералары бар 24 бақылау аркаларын орнату жоспарланған. ҮАААЖ бойымен алдын ала төлем негізінде де, жүріп өткеннен кейін жеті күн ішінде төлеу негізінде де жүруге болады. Бұл мерзімнен асып кетсе, жүргізушіге әкімшілік шара қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар, егер көлік құралы рұқсат етілген габариттен асып кетсе, онда ақпарат Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне беріледі, онда рұқсат құжаттарының бар-жоғы тексеріледі, олар болмаса әкімшілік құқықбұзушылық болып есептеледі. Жол ақысына келер болсақ, жеңіл көліктерге 240 теңге, салмағы 2,5 тоннаға дейінгі жеңіл көліктерге 414 теңге, салмағы 5,5 тоннаға дейінгі жеңіл автокөліктерге 759 теңге, салмағы 10 тоннадан жоғары көліктерге 1 483 теңге, салмағы 15 тоннадан жоғарыларға 2484 теңге төленеді. Сондай-ақ, бір айға және бір жылға жазылу да қолжетімді. Онда, сәйкесінше, 1 725 және 20 700 теңгеден төлем алынады. «Абонементті ҮАААЖ жақын Алматы облысының Қарасай, Іле, Талғар ауданының тұрғындары сатып ала алады. Онда барлығы 300 мыңға жуық көлік тіркелген», – дейді спикер.
Преференция (бір жылға немесе бір айға абонемент) алу механизміне сәйкес ҮАААЖ өкілі әкімдікте немесе әр ауданның Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында отыратын болады, онда жолды пайдаланушы тұлға RFID-белгілерін (көлік туралы мәліметтерді оқу және есептеу жүйесі) алады. Егер абонемент ақысы дер кезінде төленбесе, тариф бойынша төлем алынады. Бұл жағдайда автокөлік артықшылықтарға ие аймақта тіркелуі керек.
Еске салайық, ҮАААЖ құрылысы 2018 жылы басталған болатын. Ол кезде жобаның құны 180 млрд теңгені құрады. Спикерлер ҮАААЖ биыл іске қосылатынын айтты.
Бағдат ШОЙБАСОВ,
Іле ауданы