Қазіргі ақпараттық технологиялардың дамуы мен әлеуметтік желілердің жастар руханиятына ықпалы зор екені баршамызға белгілі. Жастар арасында қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың белең алуы зиялы қауымды алаңдатып отыр. 24 мамырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің оқытушылары Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Көктөбе орта мектебі мен Есік қаласындағы Р.Тоқатаев атындағы орта мектебінде оқушылармен «Жастар мәдениеті және рухани құндылықтары» тақырыбында рухани кездесу өткізді. Кездесуге Философия және саясаттану факультетінің мәдениеттанушы, дінтанушы, әлеуметтанушы, философ ғалым-оқытушылары Серғазы Құдайбергенов, Ерболат Қошқарбаев, Марғұлан Алпысбай, Бейбіт Аязбаева, Руслан Сарсембаев, Мәрия Майлықұтова барды. Кездесуде ғалымдар оқушылармен жастар руханияты мен рухани құндылықтары жайлы әңгімелесті. Әңгіме барысында ғалым Руслан Сарсембаев қазіргі технократтық дәуірде адамзатқа рухани құндылықтар ауадай қажеттігін түсіндірсе, Е. Қошқарбаев философиялық ойлау мәдениетін қалыптастырудың өмірдегі бірқатар мәселелерді шешуге көмектесетіні жайлы ойын ортаға салды.
Ғалым-оқытушы Серғазы Құдайбергенов «Мәдениеттану», «Исламтану», «Дінтану» мамандықтарының маңызы мен қоғамдағы рөлі туралы оқушыларға әңгімелеп берді. Ал, ғалым-оқытушы Мәрия Майлықұтова жастардың рухани және ақпараттық мәдениеті туралы ойларымен бөлісті. Философия және саясаттану факультетінің атынан Көктөбе орта мектебіның директоры А. Талқамбаеваға алғыс хат табысталды.
Кездесу нәтижесінде ғалымдардың, зиялы қауымның жастар арасында жиі болып, осындай кездесулер мен әңгімелесулер жиірек ұйымдастыру қажеттігін аңғардық.
Мәрия Майлықұтова,
ҚазҰУ Философия және саясаттану факультеті,
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының
аға оқытушысы