Тәуелсіздік, әділеттілік жолында мың өліп, мың тірілген халқымыздың ХХ ғасырдағы сұрқай саясаттың құрбанына айналып, баудай қырылуының себеп-салдары зерттеліп, жазықсыз жапа шеккендерді толық ақтау жұмыстары жалғасуда. Жуырда С.Демирел атындағы университетте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығын іске асыру барысында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтау бойынша архивтік жұмыстар» атты облыстық ғылыми-теориялық семинар өтті.Онда саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихты зерделеу мен архивтік зерттеулер жүргізу жөніндегі кешенді жұмыстар таныстырылды. Архив қызметкерлері мен комиссия мүшелерінің зерттеу жұмыстары жайында тарқатқан ойларын назарларыңызға ұсынамыз.
СОЛАҚАЙ САЯСАТ
Гүлмира АСЫЛХАНОВА, Алматы облысының мемлекеттік архивінің құжаттарды мемлекеттік есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жетінші отырысының хаттамасына сәйкес: Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығын іске асыру барысында Алматы облысы әкімдігінің жанынан саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде 7 жұмыс тобы құрылған, топ мүшелері Алматы облысының мемлекеттік архивінде, архив қызметкерлерімен бірлесіп методологиялық әдістемеде көрсетілген статьяларға сәйкес зерделеу және анықтау жұмыстарын атқарды. Жалпы саны 2003 іс, 4291 адам толық ақтауға жататындығы расталды.
«Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің жабық қорларында сақтаудағы екі қорға 2021 жылдың шілде және тамыз айларында екі кезеңмен құпиясыздандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, № 685 Алматы облыстық басқару комитеті, № 408 «Алматы облысының прокуратурасы» қорындағы құпия құжаттарына қор құрушы мекемелермен бірлескен комиссия құрылып құпиясыздандыру жұмыстары жүргізілді. Құпиясыздандырылған құжаттар құрамында қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар жайлы құжаттар анықталды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу мақсатында тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар Алматы облысының мемлекеттік архивінің және оның аудандардағы филиалдарының оқу залдарына келіп, архив сақтауындағы қор құжаттарын зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Қуғын-сүргіннің бірінші кезеңі 1918-1922 жылдар аралығында болды. Бұл кезеңде патша үкіметінің бұрынғы шенеуніктері, әскери адамдары, большевиктердің саяси қарсыластары, ақгвардияшылдар, алашордашылар, имамдар, ірі саудагерлер, фабрикант-байлар қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл кезең большевиктік «Қызыл террор» деп аталды.
Қуғын-сүргіннің екінші кезеңі 1927-1933 жылдар аралығында болды. Бұл кезеңде «Ұжымдастыру» саясатына қарсы», – деген айыппен көптеген ірі байлар мен орташалар сотталып, мал-мүлкі тартып алынды. Бұл кездері ашаршылықтан қырылған халықтың саны 1-1,5 млн аралығында деп көрсетіледі және тағы сол шамалас адам шетелдерге босып кеткен.
Қуғын-сүргіннің үшінші кезеңі 1936-1938 жылдар аралығында болды. Бұл кезеңді тарихшылар сталиндік «Үлкен террор» деп атады. Бұл кезеңде негізінен «халық жауы» деп айып тағылған партия мүшелері, интеллигенция өкілдері, шаруалар қуғын-сүргінге ұшырады. НКВД үштігі құрылып, жалған айып тағылған адамдар сот үкімінсіз атылды. Сталиндік қуғын-сүргін мұнымен тоқтаған жоқ. Сталиннің өліміне дейін, яғни, 1953 жылға дейін жалғасты. Қазақ халқының көзі ашық, көкірегі ояу асыл азаматтары солақай саясат әсерінен үлкен зардап шекті.
ТАМЫЗ ЗАҢЫНЫҢ ТАУҚЫМЕТІ
Құралай БИҒАШЕВА, Алматы облыстық архивінің қойма меңгерушісі:
– Комиссия мүшелерінің алдына халықаралық стандарттар мен құндылықтар негізінде саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділдікке қол жеткізу, олардың адал және игі есімдерін халық пен ұрпақтарына қайтару міндеті қойылды. Архив қызметкерлері 1932 жылғы 7 тамыз заңы бойынша 691 іс, 2551 адам саны ақталмағанын анықтады. Партияның арнайы және жергілікті өкілдері өздері жіберілген аймақтарда аталған 107-баппен соттау, түрмеге қамау әрекеттерін кеңінен қолданды. Ал 1932-1933 жылдары астық пен ет дайындау барысындағы жазалау шараларын одан әрі қатаңдатқан, көп жылға қамау және ату жазасын белгілеген бірнеше Заң ережелері қабылданды. Сондай-ақ, осы жылдары егіннің шықпай қалуы және жұттың орын алуы туралы көзқарастың бастауында Ф.И.Голощекиннің өзі тұрды. Ол қазақ даласында орын алған ашаршылықтың басты себебін осыдан іздеген болатын.
Алматы облысының мемлекеттік архивінде сақтауда тұрған № 830 қордың, 1-тізімдемесінің 29-ісі бойынша айтар болсақ: Фаис Абдрахманов, Адыхалим Атамбаев, Жүніс Бекжолдасов, Тәуірбек Асылбеков ұжымшар мүлкіне қол салғандары үшін 1932 жылғы 7 тамыз Заңымен сотталып, ату жазасын өзгертіп, 10 жылға бас бостандығынан айырып, мал мүліктері тәркіленді. 94-ші істе Қоңырбай Қожахметов, Асылбай Наурызбай, Мұжағұл Қаламбайұлы, Сынтемір Қасқарайұлы, Қайдарқұл Биманқұлұлы, Биманалы Құланбайұлы колхоз астығын ұрлағаны үшін 1932 жылғы 7-ші тамыз заңымен сотталып, 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру жазасы берілді. Осы қорда қалыптасқан барлық істерде, «колхоз мүлкіне қол салды» деген айыппен айыпталғандарды кездестіруге болады. Аталған қордың құжаттарында қазақ, кириллица, латын және төте жазумен жазылған жазбаларды көруге болады.
Халқымызға ғаламат қайғы-қасірет әкелген бұл зобалаңның біз білмейтін, бірақ білуге тиіс астарлары мен қатпарларын зерттеп анықтау алдағы күндердің үлесінде.
ИТ ТЕРІСІНЕ ДЕ САЛЫҚ САЛҒАН
Рашид ОРАЗОВ, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері:
– 1 9 1 6 жылы патша өкіметі шенеуніктері тарапынан қолдау мен қорғауға ие болған орыс қоныс аударушылары қарулы топтар құрып, қазақ пен қырғызды қырып жатты. Кінәлі ме, жоқ па деп қарап жатпай атып кету, өлтіріп тастау, тіпті, бала-шағасымен қырып жіберу жиі орын алуына орай бас сауғалаған 300 мыңға жуық адамды құрайтын жетісулық қазақтар мен қырғыздар Қытай жеріне асты.
Жантүршігерлік алапат босқыншылықтың енді бірі 1930-33 жылдардағы көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшыландыру және күшпен ұжымдастыру барысында орын алды. Бұл кезеңде жаппай ашаршылықтан аман қалған босқындар саны 1 млн 150 мың адамға жуық болған. Олардың ішінде Қытайға, Иранға, Ауғанстанға өтіп кеткен босқындар 100 мыңға жуықтаған. Сонымен қатар, көрші кеңестік республикаға 300 мыңнан астам босқын бытырап кеткен.
Ашаршылық әу баста ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеуден басталды. Кеңестік билік бірте-бірте орта шаруалардың да, тіпті, кедейлердің де малын күштеп тартып алды. Бұл Кеңес өкіметі орнағанға дейін елді қамқорлығына алып, бағып отырған қазақ байларының көзін жойып, бұлардың бәрі «тап күресі» деген ұранмен сұрқия саясат жүргізіп отырған биліктің зұлымдығы еді.
Байлар кеңестік биліктің өздеріне деген саясатын алдын ала біліп, тәркілеуден жасырып қалған төрт түлігін айналасындағы туған-туысқандарына, кедейлерге таратып берген. Ал жарлы-жақыбайлардың жаңа үкіметке сенгені соншалықты, қолына тегін келген малды өсірудің орнына, сойып-жеп отырған. Олар «Кеңес өкіметі аштан өлтірмейтін болды» деп, біртіндеп келе жатқан ашаршылықтан сақтануға ешқандай әрекет жасамады. Келесі бір науқанда жергілікті шолақ белсенділер бай-кедей деп қарамай, үйлерді тінтіп, елдің бірлі-жарым малына да ауыз салған. Көшпелі және жартылай көшпелі елдің негізгі күнкөріс көзі – мал өнімдері болғандықтан, малдан айырылған қазақтар 1931-1933 жылдары жаппай аштыққа ұшырады. Сол кездегі газеттер ашаршылық апаты туралы тіс жармады.
Халықтан алынатын салықтың мынадай түрлері болған: ет салығы, жүн салығы, май салығы, тері салығы, сүйек-мүйіз салығы, тіпті ит терісінің салығы да болған. Осылардың бәрін мемлекетке өткізуді ғана ойлаған билік өкілдері халықты қысымға алып, есінен тандырады. Халық ауылдарынан безіп, жан-жаққа босып кетті, үй-іші түгелдей аштан қырылды, азынаған аязда қатып қалды, ауруға шалдықты.
1933 жылы Қытай мен көршілес мемлекеттерге ауа көшкендердің қатарында кеңестік билікке қызмет етіп жүрген белсенді партия мүшелері де болды. Осы жылғы мәлімет бойынша, Алматы облысына қарасты 12 ауданнан 120 коммунистік партияға мүше мен үміткерлер өзге елдерге көшіп кетсе, тек қана 47 адам Кеген ауданынан Қытайға қоныс аударды. 24 қарашада Есекартқан ауылынан партия ұйымының басшысы Өмірәлиев, колхоз төрағасы, партияға үміткер Қотырбеков, колхоз хатшысы, комсомол мүшесі Дақсанов, партияға үміткер, бригадир Қали мен ауылдық кеңес хатшысы Өміралиевтың ұйымдастыруымен 24 шаруашылық Қытайға көшкен.
Сай-саланың баурайында, жол біткеннің бәрінде ісіп-кеуіп өліп жатқан адамдарға қараған ешкім болмады. Жаяу-жалпылап, кішкентай сәбилерін арқалап, жүруге жарайтын балаларын қолдарынан жетектеп босып бара жатқан жандарды милиция немесе қызыл әскер қуып жетіп «Кеңес өкіметіне қарсы шықтыңдар, қашып бара жатырсыңдар!» деп кері қайтарған, көп жағдайда бораған оқтың астына алып қырып салған. Босқынға ұшырап, көршілес елдерге ауған қазақтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, сол жердегі басқару орындарына хаттар түсірген Тұрар Рысқұловтың еңбегін ерекше атап өткен орынды.
Қорыта айтқанда, 1928 жылы тәркілеу науқанымен басталған аласапыран 1933 жылдарға дейін жалғасып, шекаралық аймақта қоныстанған халықтың жаппай Батыс Қытай жеріне қоныс аударуға мәжбүр еткенін архив құжаттары айғақтай түседі. Міне, 1931-1933 жылдары қазақ даласында орын алған алапат аштықты сипаттаған деректерді мүмкіндігінше сөйлетуге тырыстық. Бұл құжаттар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві мен Президент архиві қорларында сақтаулы.
ОРАЗА ҰСТАТПАҒАН
Еркін СТАМШАЛОВ, Алматы облысы өңірлік комиссия жұмыс тобының жетекшісі, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының PhD докторы:
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысы есептік кезеңіне таяды. Жобалық кеңес комиссия жұмыс топтарының негізгі 11 бағытқа жұмылдырылып, өңірлік комиссиялар зерттеулері соған байланысты ұйымдастырылғаны белгілі.
20-30 жылдарда Жетісу өңірінде болған халық көтерілістері ауқымы жағынан үлкен, әлеуметтік жағынан күрделі. Большевиктік билік орныққан соң, бас көтерген халық наразылығына 1920-жылдардағы астық жинау отрядтары, 1928 жылдан екпінді жүргізілген астық дайындау, мал дайындау науқандары, түрлі салықтар, тұқым қорын жинау, 1929-дан басталған күштеп ұжымдастыру себеп болды. Мысал үшін Алматы округінің Іле ауданында Құрманбаев атты уәкіл Большевиктік ұғымдағы «бай» деген түсініктің айқындамасы да жыл өткен сайын түрленіп тұрды. 1928 жылғы тәркілеу туралы декрет бойынша Алматы округінде байлар санатына көшпелі аудандарда 400, жартылай көшпелі аудандарда 300 ірі қарасы бар шаруалар жатқызылса, 1930 жылғы О.Жандосов комиссиясының Іле және Шу өзендері бойындағы көшпелі аудандарды тексергенінде 40-50 ірі қарасы барлардың өзі бай есебінде тәркіленгенін анықтаған. Егіншілікпен айналыспайтын, бар тіршілігі малға байланысты болған шаруалардың қолында 1 ат, 1 түйе, 10-ға жетпейтін қой қалдырылды. 1928 жылдан ерекше қаталдықпен жүргізілген дінге қарсы науқан да шаруалардың ширығуына түрткі болады. «Егер диқандар ораза ұстайтын болса, бидай алымын салатынын, ұжымдастыру мен дін бір бола алмайтынын» ескерткен. Егінші қауым оразаларын бұзуға мәжбүр болған.
Жетісу өңіріндегі халық көтерілістері тарихының зерттелуіне округтің бірқатар аудандарының «шекаралық» саналуы қиындатты. Алматы округінің Алакөл, Лепсі, Октябрь, Жаркент, Кеген, Талдықорған, Ақсу сияқты 7 аудан Қытаймен шектесетін. Осы себептен ОГПУ ақпарларында бас көтерген көтерілісшілер топтары «ішкі банда», «шетелдік банда» деп жіктелді. «Шетелдік бандыларға» Қытай жерінен шекара бұзып келіп, жергілікті өкімет орындарымен қақтығысқа түскен көтерілісшілердің қарулы топтары жатты. Қастек, Қордай, Кеген аудандарының босқындар толқуы Қырғызстанға бағытталды. 1928 жылдың өзінде-ақ, Қарқара болыстығының ірі байлары Сырт тауларына жақынырақ қонып, тәркілеу басталған жағдайда осындағы Қақпақ тауларында жүрген қырғыз Жантай Омаровтың көмегімен Қытайға өтуді ойластырады. Шекара басқармасы мәліметінде Қытайдың Жаркент уезімен, Сырт тауларымен шектесетін аймағында жүрген Жантайдың Қырғызстан АССР-інің Қарақол ауданында танымал әрі беделді тұлға және ақсүйек тұқымы екені айтылған. «ОГПУ-дің Орта Азиядағы өкілетті өкілдігінің мәліметіне қарағанда Жантай, өзінің беделіне сүйеніп, осы жылдың мамыр айында елді Қытайға көшуге үгіттеді, соңынан қарулы адамдарымен Қарақол ауданының өздерімен бірге 300-ге жуық ірі қара, 1000 ұсақ жандықты айдап кеткен 30-дай жанұясын шекарадан өтуіне көмектесті. Жантай үгітінің ұраны: «Салықтар мен малды алудан құтылу». Осы мәліметтерге қарағанда, Жантайдың банды тобы Сырт тауларына жақын жерде жүруі Қарқара болыстығының осы маңдағы байларының онымен қосылуын жеңілдетеді», – делінген ақпарда.
1928, 1930, 1931 жылдардағы Жетісу өңірінің Бүйен, Ақсу, Қапал, Қызылағаш, Балқаш, Қастек, Қордай, Шелек, Жаркент аудандарын қамтыған көтерілістердің ұйымдасу деңгейі, басқарушы тұлғалары, жаншылу жолдары күрделілігімен ерекшеленеді. Ауылшаруашылық статистикасынан 1928 жылдан бастап Жетісудағы мал басының күрт кемігенін көруге болады. «Жетісудің шерлі тарихы», «Жетісу тарихы: жаңа көзқарас» жобалары аясында Кеген, Райымбек, Ескелді, Көксу, Кербұлақ, Панфилов, Ұйғыр, Алакөл, Қабанбай, Ақсу, Қаратал, Жамбыл аудандарына арнайы экспедициялар барысында естеліктер, жергілікті архивтер материалдары жинастырылып, өлкетанушылармен кездесулер өткізілді. Аудандық архивтерден зерттеушілер назарына ілінбеген тың тарихи құжаттар табылуда.
ҮРЕЙЛІ «ҮШТІК»
Мейіржан МҰСАБАЕВ, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі:
– Қазақ даласында Кеңес үкіметі орнаған күннен бастап, құлаған уақытына дейін саяси қуғын-сүргін тоқтаусыз жүріп отырған. Большевиктер билікті басып алған алғашқы күндерден бастап, 1917 жылдың қазанынан 1920 жылдардың ортасына дейін ұлттық партиялардың қызметімен байланысты ұлттық интеллигенцияға қатысты («Алаш», «Шура-и-Исламие» және басқа) және ұлттық автономиялардың үкіметіне («Алаш-Орда», «Түркістан Мухтариаты») қатысты репрессиялар жүргізілді. Ұлттық элита өкілдері биліктен «ығыстырылды», олар мәдениет саласына – білімге, ғылымға ойысуға мәжбүр болды. Бір-екі жылдан кейін билік ұлттық интеллигенцияның қызмет аясының өзгеруі (саясаттан мәдениет саласына) ойлау кейпіне, ойлау еркіндігіне әсер етпейтінін түсінді. Содан кейін келесі қадам – оқшаулау, әлеуметтік ортадан «ығыстыру» – үйқамақ, жер аудару, түрмеге қамау басталды.
20-жылдардың ортасына қарай ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақтың санасы мен көңіл күйіне неғұрлым елеулі әсер еткен ескі ұлттық интеллигенция қоғамнан шеттетілді. Белгілі адамдар, көбінесе ел, өңір, аудан тұрғындары арасында үлкен беделге ие адамдар жүйенің «қысымына» ұшырай бастады. Қуғын-сүргін механизмі, ереже бойынша, өз көзқарасын, жеке басын қорғай алатын көрнекті, бастамашыл, өзіндік позициясы бар адамдарды қамтыды. Яғни, репрессияға іліндіру үшін мінез-құлқы мен ойлау үлгісі жүйе «сызып берген» шеңберден шықса, қоғамда тартымды болса, жеткілікті еді. Билікке «қарсы шыққан» тұлғалар неғұрлым танымал болса, оларға соғұрлым ойға қонымсыз айып тағылатын. Сот органы ретіндегі «үштіктер» ОГПУ-дің 1929 жылғы 29 қазандағы циркулярымен құрылған болатын. Оларға істерді тергеуге және сот отырыстарына дейін алдын ала қарау тапсырылды. Ал 1937 жылдың 5 шілдесінен бастап бұл топ өзі өлім жазасын тағайындай беретін құқыққа ие болды. «Үштіктің» құрамына НКВД-ның облыстық немесе өлкелік басшылары, облыстық немесе өлкелік прокурорлар, өлкелік немесе облыстық партия комитеттерінің хатшылары кірді. Репрессия құрбандарын екі категория бойынша соттаған, біріншісі – ату жазасы, екіншісі – лагерьлерге, еңбекпен түзету колонияларына қамау.
1921 жылы Пішпекте, Алматыда, Жаркентте, Каракөл, Лепсіде еңбекпен түзету колониялары ұйымдастырылды. Осылардың ішінде бүгінгі күнге дейін сол зұлмат жылдардың көрінісі ретінде Жаркент қаласындағы түрме сақталып тұр.
Алма-Ата округіне қарасты ЕТК-ның басшысының колониялар жұмысы мен жағдайына байланысты жасаған баяндамасы (1926-1928) бойынша Жаркент түрмесі округтегі басқа колониялармен салыстырғанда техникалық жабдықталған, бірақ қосымша тағы ғимарат салу керек екендігі айтылған, себебі шекаралық аймақта босқындардың көп болуымен түрмеде отырған тұтқындар саны артқан.
1928 жылғы ұжымдастыру байларды тәркілеу кезінде шекаралық аймақтағы барлық байларды осы түрмеге қамап, «үштіктің» ықпалымен ату жазасына кесілгендерді сол түрмеде атып, Өсек өзенінің жағасына тастап отырған. Біздің ендігі мақсатымыз – осы тарихи жылдар оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін жаңғырту, оларды мәңгі есте сақтау.
ТҮЙІН ОРНЫНА: Семинарға қатысқан тарихшы, генеалог Нұржан Сәдірбекұлы Алматы облысына депортация жасалған азаматтардың адам құқықтарының шектелуі бойынша жан-жақты баяндады. Сондай-ақ, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Аман Күнекеев жер аударылған шаруалар тізімін зерделей келе, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының цифрланған, толық, бірыңғай деректер базасын құру мақсатында барлық жабылған қорларды толығымен құпиясыздандыру, олардағы құжаттарды ғылыми айналымға енгізу жөнінде ұсыныстар дайындау – қазіргі таңда маңызды мәселелердің бірі деген ойымен бөлісті. Қорыта келе, тарихтың қаралы қатпарына айналған саяси қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жапа шеккен жандардың толық ақталуы – Тәуелсіздігіміздің жемісі болмақ.
Ұлбосын БӨРІБАЙҚЫЗЫ