Алматы облысы әкімдігінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі өңірлік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Жиында 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күнін атап өту бойынша ұйымдастырылатын шаралар және аудандардағы рәміздерге қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізованың мәліметінше, биыл облыста мереке кең көлемде атап өтіледі. Ол үшін арнайы кешенді жоспар бекітілген.
«2 маусымнан бастап «Менің туым – менің мақтанышым» онлайн челленджі барлық аудан, қалаларда өтуі қажет. 4 мамыр күні Астана сағатымен 10.00-де Мемлекеттік туды көтеру рәсімі мен гимн ойнатылады. Елдімекендерде стендтер, баннерлер ілініп, безендіру жұмыстары жүргізіледі», – деді басқарма басшысы.
Бота Елеусізова Ұйғыр ауданындағы әкімдік аппаратында ілініп тұрған тудың жыртылып, ескіргенін, жарықтандырылмағанын да айтты. Осы ауданда орналасқан мектептер мен балабақшаларда ту орнатылмаған және оларды ауыстыру мен жою туралы аудан басшылығынан тапсырма түспеген.
Комиссияның келесі отырысында Райымбек, Ұйғыр аудандары мен Қонаев қаласындағы мәселелер бүге-шүгесіне дейін қаралады.
Ал жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым мерекеге орай өтетін шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қажет екенін атап өтті.
Alatau News