Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады. Мәжіліс баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде спикер президентке Мәжілістің қызметі туралы мәлімет берді. VIII сайланған парламенттің төменгі палатасы қызметін бастағаннан бері депутаттар қарауына 75 заң жобасы түсіп, оның 14-і қабылданып, Сенатқа жолданған.
Қазіргі уақытта депутаттар қарауында онлайн-платформалар, заңсыз сатып алынған активтерді қайтару, «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру, қоғамдық бақылау, Тұрғын үй қатынастарын жетілдіру туралы заң жобалары бар.
Кездесуде Ерлан Қошанов сайлаушылармен жұмыс күшейтілгенін, азаматтарды қабылдау, комитеттердің салалық және көшпелі отырыстары тұрақты өткізіліп тұратынын, депутаттар халықтың өзекті мәселелеріне қатысты ссауалдарды жиі жолдай бастағанын айтты.
Мәжіліс спикері сонымен қатар президентке жуырда өтетін 2022 жылғы республикалық бюджеттің жұмсалуы туралы Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның есебіне қатысты қоғамдық тыңдалымға дайындық барысы туралы баяндады.