Облысымызда есімі елімізге танымал қаламгерлер аз емес. Бүгін белгілі сыншы, жазушы, «Айбоз» тұңғыш ұлттық әдеби сыйлығының иегері, Халықаралық Алаш, Қасым Аманжолов, «Алтын қалам» сыйлықтарының, көптеген республикалық әдеби конкурстардың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі Бекен Ыбырайыммен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Бекен аға, осыдан жарты ғасыр бұрын сіз ҚазМУ-дің ф и л о л о г и я ф а к у л ь т е т і н бітіргеннен кейін Алматы облыстық «Жетісу» газетінде еңбек еткеніңізді білеміз. Соны еске алсаңыз.
– Ол кезде басылымдар санаулы ғана еді. Алматыда жұмысқа орналасу өте қиын. Өнеркәсіп бөлімінде бір орын бос, соған адам іздеп жатыр дегенді естіп бардым. Бөлім меңгерушісі Оразхан Көкебаев деген үлкен кісі екен. «Жұмысымыз зауыт, фабрикалармен, жұмысшылармен байланысты. Орысшасы тәуір журналист керек. Бес-алты жігіт келіп жүр. Осы салада қайсың жақсы мақала жазып әкелсең, соны қызметке аламын», – деді. Құдай оңдап, атақты «Поршень» заводы туралы жазып әкелген мақалам ұнап, 1973 жылы күзде қызметке орналастым. Сол кезде секретариатта Тұрлыбек Мәмесейітов, Рахымжан Өтегенов, Марат Тоқашбаев, Жақыпжан Нұрғожаев сияқты өзім құралпылас жастар, иткөйлекті бұрынырақ тоздырған Қаржаубай Омаров – Қаржау Айтолқын істейтін. Кейін барлығының да белгілі қаламгерлерге айналуына олардың ізденгіштігі, қарым-қабілеті ғана емес, газеттің қайнап жатқан қара жұмысына жегіліп, шынығуы да ықпал етсе керек. Өзің айтпақшы, елу жыл зымырап өте шықты. Қайран уақыт!
– Жарты ғасырдан аса уақыт бойы сіз әдебиетіміз бен әдебиеттануымыздың алуан салаларына араласып келесіз. Алыптар тобын да, одан кейінгі айтулы буын өкілдерін де көрдіңіз. Бұл орайда айтатын әңгіме-сырларыңыз да аз болмаса керек. Ол жайында кейін де әңгімелесерміз. Бұл жолы оқырмандарымыздың білгісі келетіні – қай жерде тудыңыз, әдебиетке келуіңізге кім әсер еткені.
– «Елу жылда ел жаңа» деп тегін айтылмаған ғой. Алматы облысының Қаскелең ауданына қарайтын Ленин атындағы ұжымшарда, қазір Қаратөбе деп аталады, 1949 жылы қараша айының 11-і күні жарық дүниеге келіппін. Туу туралы куәлікті кейінірек алғандықтан, 1950 жылғы наурыздың 10-ы күні деп жазылып жүр. Әкемнің ақындығы бар, (аудандық ақындар айтысының жеңімпазы) өзіне ұйқастырып, атымды Бекболат деп қойған. Бірақ апам Баянды өзі иемденіп, Бекен деп еркелеткен соң, солай қалыптасып кеткен. Сол адуын әжем табан астынан ұйқастырып, өлеңді суырып салатын. Бірақ мән беріп, машық етпеген. Оның шешесі Салтанат деген ақын қыз болған екен. Кегендегі Албан, оның ішінде Қызылбөріктен шыққан. Әкесі ақын қызының қалыңмалына қырық жылқы алғанын ел аузында қалған бір ауыз өлеңінен біліп қалдық. Аттанатын кезде әкесі: «Ал, қызым, кетіп барасың, мына қалып бара жатқан ел-жұртыңа не айтасың?» – дегенде, Салтанат апамыз:
Қырық жылқы, қырылғырдың қылдың маған,
Алғаның ас болмасын, әкем, саған.
Көрісіп сендерменен не бітеді,
Ел-жұртым, қала бергін есен-аман! – деп, астындағы атын қамшымен бір тартып, кете берген екен. 1916 жылғы Қарқара қырғыны салдарынан әжем Алматы жаққа қоныс аударған шығар. Бала кезде сұрау ойда болмапты. Нағашысына тартса керек, әкем үйге қонақ келген сайын әрқайсысына арнап, әзілдеп суырып салып өлең айтқанда, бір мүдірмейтін. Басқа үйлерге қонаққа барғанда, той-думанда жиналған кісілер кеу-кеулеп, әкеме қолқа салатын. Табан астында суырып салған өлеңдерден басқа, Түбек пен Құлмамбет айтысын үш түрлі әуенмен айтып, Қаншайым-Наурызбай дастанын жырлайтын. Кезінде жас музыка зерттеушісі, марқұм Б.Мүптекеев сол әуеннің бірін менен жазып алып, нотаға түсірген. «Анығын әкемнен білейік» дегенмін, бірақ оның қолы тимеді ме, аяқсыз қалды. Кейін Құлмамбеттің жинағында соның әуені сияқты болып кетіпті. Әкемнен сұрағанымда, Тәжекеңнің – тәуіп, ақын, композитор Тәжібай Байбағысұлының «Замандас» деген әнімен айтып жүрмін деген. Алдағы уақытта бұл қате түзелуі тиіс.
Әкемді ауыл-аймақта Бекмұрат деп өз атымен емес, жеңгелерінің желпуімен Теке деп атайтын. Оны бозбала кезінде көріп қалған әйгілі әнші Манарбек Ержанов менің әкемді және сонымен шамалас Жұмалы деген күйші баланы алып кетіпті. Бірақ әртістердің өмірін бұрын көрмеген, көндіге алмаған екеуі қашып шығыпты.
Тоқ етері, біз бала кезімізде радио, теледидар, электр жоқ ауылда тұрдық. Кешке қарай батырлар жыры мақамдап оқылады, қонақ келсе, әндер шырқалады, қайым айтыстарға кезек беріледі. Талай-талай кешіміз өзінше бір ән-жыр думаны сияқты есімде қалыпты. Соларды тыңдап, көріп өстік.
– Суырып салма ақындарды зерттейтін орталыққа басшылық жасағаныңызда бала кезде көргеніңіз кәдеге жараған шығар?
– Әрине. Жалпы, сөз қадірін, импровизациялық өнер туындысы қалай жаралатынын көріп, куә болу, әкемнің ақындығы, сөзге шешендігі, халық әдебиеті мұраларын көп білуі менің әдебиетке келуіме басты әсер етті. Өткен дәуірлердегі ақындардың тұлғасы, қызметі мен қазіргі ақындардың арасында ұқсастықтар мол, сонымен бірге айырмашылықтар да аз емес.
Бірақ бір әттеген-ай – үйде жалғыз кітап болатын: Абайдың 1945 жылғы толық шығармалар жинағы. Ақынның өлеңдерін жатқа білетін әкем «сен де соны түгел жаттап ал. Мұхтар Әуезов те жатқа білген» дегенде, мен небәрі он жаста болатынмын. Түгел жаттай алмадым.
Мен мектепке барардың алдында Елтайға көшіп келдік. Мұнда неше түрлі ұлттар бар екенін көріп қайран қалғам. Әсіресе Қарқараның қанды сойқанынан әзер аман қалған әжем кішкене күнімде «орыс келе жатыр» деп қорқытатын. Елтайда әзірбайжан, түрік, орыс, татар, шешен, балқар, неміс, тағы басқа ұлттардың балаларын көрдім. Бәрі де әйбәт балалар екен, асық, ләңгі, жасырынбақ ойнап, достасып кеттік. Сосын күндердің күнінде елпектеп электр келді, даңғырлап радио әуеледі, жұтынып теледидар жетті. Солар да еліктіре бастады. Әрине, бәрінен де әкемнің ықпалы айрықша екені талассыз.
– Алғашқы шығармаларыңыз қашан жазылды? Қайда, қашан жарияланды? –
Төртінші сыныпта оқып жүргенде, шамамен 1960 жыл шығар, «Балдырған» журналына оқушы дәптеріне жазған өлеңдерімді жолдағам. Мектепте оқитынымды жазбасам керек, журнал қызметкері Қ.Алтынбаевтан «Құрметті Б. Ыбырайымов жолдас! Сіз жіберген өлеңдердің қисын жағы келіңкіремеді» деген жауап алғаным есімде. Содан кейін жоғары сыныптарда тиіп-қашып қана түртіп жүрдім. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде жазған алғашқы жұмбағым «Балдырғанның» 1966 жылғы 9-санында жарық көрді. Содан кейін «Обал-ай» деген балаларға арналған өлеңім 1967 жылы «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жарияланды. КазГУ-дың филология факультетінің студенті кезімде «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Жетісу» газеттері мен «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Жұлдыз» журналдарында бірлі-жарым өлеңдерім шыға бастады. «Алатау» деген өлеңімді «Жұлдызда» айтулы ақын Мұқағали Мақатаев жариялаған. 1973 жылы «Алма» деген алғашқы әңгімем «Қазақстан пионері» газетінде, сол жылы тұңғыш рецензиям «Қазақ әдебиеті» газетінде, қай туынды екенін қазір ұмытып отырмын, 1975 жылы «Ана тілі» оқулығында да жарық көрді.
– Студент кезіңізде сын жазып көрмедіңіз бе?
– Жоқ, ойыма да келген жоқ. Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың тапсырмасымен жаңағы пікірді жаздым. Бірақ әбден қысқарып кетіпті. Оқушы дәптерімен 6 бет еді, шыққаны соның үштен бірі ғана.
– Естуімізше, сол кезде-ақ сын, зерттеуге бейіміңіз байқалған екен.
– Ол енді ұстаздарымыз қойған талапқа мүмкіндігімше ұялмайтындай жауап беруге талаптанудың нәтижесі шығар. Екінші курста мұғалімдеріміздің бірі – филология ғылымдарының докторы Ханғали Сүйіншәлиев ағамыз курстық жұмысқа «Сұлтанмахмұт шығармаларының тілі» деген тақырып ұсынды. Содан жатпай-тұрмай, теңеуі қайсы, метафорасы, метонимиясы, түк қалдырмай түгендеуге кірістім. Шамам келгенше, тізіп шығып, сол кездегі қалың дәптерді толтырдым. Курстас достар бірауыздан мақтап шықты. Сөзін «Ақынның тілін зерттеу деген қарайған жұмыс» деп бастаған ұстазымыз курстық жұмыстың мақсатына жеткенін айрықша атап айта келіп, «беске» бағалағанда, қыруар еңбегімнің босқа кетпегеніне қуанғаным есімде.
– Бесінші курсты бітірерде «Қазақ өлең құрылысының зерттелуі» атты дипломдық жұмысыңызда ол кезде көзі тірі, атақты жазушы-академик Сәбит Мұқановқа, сол тұстағы түркітанушы ғалымдардың ішіндегі ең жасы, филология ғылымдарының докторы әрі өзіңіз тапсыратын мемлекеттік емтихан комиссиясының докторы Мұрат Хамраевқа қаймықпай, қарсы пікір айтқаныңыз рас па?
– «Ел құлағы – елу» деген осы, бүгінге де жеткен екен, анығын айтайын. Диплом жұмысында студент басыммен басқаға сын айту, өзгенің пікіріне қарсы шығу, балалық шағымда өзім қызыға оқыған жазушыдан, сол сияқты бұрын көрмегеніммен, ғылыми зерттеуін құрметпен оқыған ғалымнан сескену деген ойыма да келген жоқ. Шәкірт үшін ұстаздың айтқаны – заң. Қазақтың көрнекті ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың сол кезде маған ықпалы зор болды. «Ешкімнің атақ-абыройына қарама, жан-жағыңа жалтақтама. Тек шындықты айт. Айтатын пікіріңді дәлелдеп шық», – деген тапсырма-сөзін әрі кеңес, әрі бұйрық ретінде қабылдадым.
Қазақ әдебиетінің көптеген мәліметтері әлі толық жиналмай жатқан сонау 1935 жылы «Социалды Қазақстанда» қазақ өлеңінің түрлері туралы әйгілі жазушы Сәбит Мұқановтың жазған пікірлері мен 1973 жылға дейін жиналған қазақ поэзиясының кейінгі үлгілері үйлесе бермейтін. Ал дарынды ғалым-түрколог Мұрат ағаның «Очерки теории тюркского стиха» деген зерттеуінде (1968) Сәбеңнің ертеректе жазылған сол тұжырымына сүйенуіне келісе алмайтынымды жазғанмын. «Бекен сыпыра сынап шығыпты», – деп Тұрсынбек ағамның әрі күліп, әрі қолдап айтқанын курстас достарымнан кейін естідім. Сонау жылғы әңгіменің бүгінге жеткені қызық екен. Студент баланың пікірі Сәбеңе жетті ме, жоқ па, білмеймін. Ал Мұрат аға оқыды ма, жоқ па, одан да бейхабармын. Алда-жалда оқыса да, жымиып қана қойған шығар, кім біледі?! Диплом қорғағанда көрдім, өте сыпайы, мейірімді кісі екен, ләм деген жоқ.
– Зерттеу жұмысына, сынға бейіміңіз сол кезде-ақ байқалған екен, неге бірден сол салаға араласпай, журналистикаға, өлеңге «кетіп» қалдыңыз?
– Диплом жұмысына риза болған ғылыми жетекшім Тұрсынбек Кәкішев те, Зейнолла Қабдолов та лайықты бағалады. Тұрсынбек ағай диплом жұмысының негізінде кандидаттық диссертация жазуды ұсынды. Бірақ ол кезде мен өлеңнің «тұтқынында» едім. Соның «кесірі» шығар, алғашқы кітапшам жыр жинағы болды.
Оқу бітірген соң, түрлі баспалардан, әдеби басылымдардан, басқа газет-журналдардан да жұмыс таба алмадым. Оларға жас ақын емес, журналист керек екен. Ал мен – филологпын. «Жетісу» газетіне, Қазақ радиосына репортаждар, суреттемелер, очерктер жазып, мәжбүрліктен журналистердің қарасын көбейткен шығармын.
Айтпақшы, жұмыс таба алмай, қиналып жүргенде, кімнің кеңес бергені есімде жоқ, «Қазақфильмге», мультфильм маманы Әмен Хайдаровқа да бардым. Барлап қарайтын кісі екен, мектеп қабырғасынан бастап жазып келе жатқанымды, өлеңдерім мен жұмбақтарымды көріп: «Редакторлыққа алар едім. Бірақ бір күні әдебиетіңе кетіп қаласың ғой», – деді. Еріксіз ойлануға тура келді, расында да ол кісінің күдігі орынды, мүмкіндік туғанда, кетіп қалатыным анық. Екі сөйлеп, өтірікші болмайын деп, жұмыссыз қиналып жүрсем де, бас тарттым. Әкем бала кезімнен құлағыма құйып, сүйегіме сіңіріп тастаған сөзі – «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені».
Күндердің күнінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына орналаса алмай, жұмыссыз қиналып жүргенімді көрген белгілі фольклоршы ғалым, аяулы Оразгүл Нұрмағамбетова апай Қазақ ССР мемлекеттік кітап палатасына орналастырды. Ол апайымыздың жастарға қамқорлығы керемет еді. Саяжайын сая еткен сол кездегі жас ғалымдар бүгінде есімдері елге белгілі ғылым қайраткерлері болып, апайдың сенімін ақтады.
Сонымен, қатардағы библиограф болып жүріп жаттым. Жалақы аз, дегенмен мүлдем жұмыссыз жүргеннен гөрі жақсы. Қабырға газетінде шыққан өлеңдерімді палата директоры, белгілі ақын Қабдыкәрім аға Ыдырысов оқып, «өлеңдерің жақсы екен, жаза бер» деп, қолдау білдіріп, жалақымды көбейтіп, «лауазымымды» өсіріп отырды.
Ол кезде комсомол дүрілдеп тұрған, Фрунзе (қазіргі Медеу) аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары В.Кутовой шақыртып алды. Қайдан, кімнен естігенін білмеймін, «Журналист екенсің, біздің аудандағы насихатшылар туралы жаз» деп, тапсырма берді. Сонымен, Алматы мехкомбинатында істейтін, ұмытпасам, аты-жөні Арыстан Саламатов болуы керек, сол туралы «Талап тас жарады» деген очерк жазып, «Лениншіл жас» газетіне ұсындым. Сол кезде аты шыға бастаған, дарынды жас журналист Әшірбек Көпішев жариялады. Сөйтсем, Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті мен «Лениншіл жас» газеті бірлесіп, конкурс ұйымдастырған екен. Ол жағында шаруам шамалы. «Тапсырмадан» әйтеуір құтылғаныма көңілім тоқ.
1976 жылдың көктемі ғой деймін, сол конкурстың ынталандыру сыйлығына ие болғаныма сенер-сенбесімді білмей жүрген едім. Жүлдегерлердің есімдері газетте шыққаннан кейін ғана көңілім орнықты. Палата ұжымы бірауыздан құттықтап, Қабдыкәрім ағаның қамқорлығы күшейе түсті. Әйтсе де мерзімді басылымдардағы мәліметтерді тіркеп отыратын библиографтық жұмыс жан қинайтындай ауыр болмаса да, бірсарындылығымен ығыр қылды, бала күнімнен өзіне баурап, тәнті еткен тылсым дүние – әдебиет айдыны қызықтыра берді. Анадайда жарқыраған айдын көлге баруға именіп, алыстан телміріп қарап тұрғандай күй кешіп, жіпсіз байланып жүріп жаттым. Жетелейтін жан жоқ, «былай ет» деп, кеңес беретін ақылшы жоқ, жаз деп қамшылайтын жанашыр аға жоқ, іштей қапамын. Жалғыз кеңістігім – ақ қағаз, жалғыз сырласым – өлең.
Сондай күндерде ұшқан ұясын қия алмай, айналып соға беретін бала құстай өзімнің КазГУ-ыма ешкімге көрінбей келіп кетемін. Іштей мұң шаққандай жабырқап қараймын, не үйім жоқ, не жарқырап жүретіндей күйім жоқ, кілең қыз-келіншектер істейтін мекемеде намысқа булығып жүріп жатырмын. Бұл қашанға созыла бермекші? Тұрсынбек ағайымның әрі тапсырма, әрі қамшылауы секілді сөзі есіме түседі. «Әне, Сағатты көрдің бе, қалай жазып жүр? Сен де солай жаз», – дейді сенім білдіріп. Әрі байсалды әрі өткір сындарымен қатарынан суырыла озып шыққан Сағат Әшімбаев біздің КазГУ-дың филфагын бітіргендіктен, атын естігенімізбен, сөйлесіп көрмеген басқа қаламгерлердің барлығынан да жақын көрінеді әрі біздің факультеттен шыққан жігіттің өндіртіп жазып жүргені баршамызға үлгі-өнеге.
Баспасөздегі басқа да авторлардың сындарын оқып байқаймын, іштей біразына келісемін, талайына көңілім толмайды. Ақыры ептеп-ептеп сын жаза бастадым. Орыс ғалымдарының зерттеулерін оқи бастағанда, біздің әдебиеттанудың деңгейіне көңілім толмай, «Әдебиет теориясы бөлімі ашылса» деген пікірімді ұсынып едім, «Қазақ әдебиеті» газеті 1975 жылы шілдеде жариялады. «Лениншіл жаста», «Жалын» журналында бірлі-жарым рецензияларым шыға бастады. Баспалардан шыққан су жаңа кітаптарды насихаттайтын «Кітап жаршысы» деген газет болатын, тапсырма бере бастады.
Бірде автобуста «Қазақ әдебиеті» газетінде шыққан көлемді сын мақаланы түрегеп тұрған күйі оқып келе жатқанымды көрген бір кісі барлай қарап алды да, сұрақ қоя бастады. Сөйтіп, кездейсоқ танысып қалған Қадірбек Уәлиев көкеміз сөйлесе келе, сұрақтарды жаудырып, «әуселемді» байқаса керек, рецензия, мақалаға тапсырыс берді. «Жұлдыз» журналы сын бөлімінің меңгерушісі Сағат Әшімбаев та көлемді рецензиямды жариялады. Сол алғашқы сындарымды оқыған белгілі жазушы, «Қазақ әдебиеті» газеті сын бөлімінің меңгерушісі Оразбек Сәрсенбаев қызметке шақырды. Қысқасы, 1977 жылдың қаңтарында жұмысқа қабылдаған, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Сырағаң – қазақ поэзиясы асқарларының бірі Сырбай Мәуленов айтқандай, «әдебиеттің қайнап жатқан қазанына» келгенге дейін әдебиеттің сиқырлы әлеміне араласа алмай, сыртта тұрып, көзі талғанша қызыға қарай берген әуесқойлардың бірі болған сияқтымын. Солардың қатарында қара көбейтсем де, әліме қарамай, әдебиетіміздің жетістігіне қуанып, кемшілігіне қынжылатынмын. Авторға немесе шығармаға кіжініп, тіс қайрау емес, жан ашу, қалай етсек, арыламыз деген алаңдаушылық ой-пікірлерді ортаға салуға мәжбүр етті. Оның үстіне бағыттаған – анау-мынау емес, қазақ әдебиеттануының көрнекті тұлғалары – Тұрсынбек Кәкішев пен дипломдық жұмыстың оппоненті, әрі өлеңдерімді де оқып, өзіме жылы пікірлерін айтқан Зейнолла Қабдолов.
– Ақындыққа талпынып жүріп, проза сынына ойысып кеткеніңіз қалай?
– Сырбай Мәуленовтен кейін газетке бас редакторлыққа Орталық Комитеттен келген дарынды жазушы Сайын Мұратбековтің талабы бойынша, газетке бүгінгі әдеби процестегі көркемдік ізденістер ағысын барлауға мүмкіндік беретін жаңа прозалық шығармалар туралы мақалалар керек болды. Бұған дейін жас прозашылар туралы жекелеген ғана рецензиялар, мақалалар жариялаған едім, енді түгелдей «жегілуге» тура келді. Әрине, проза маған мүлдем бейтаныс сала емес, мектепте ертегі жазып көргем, өз көңілімнен шықпағаннан кейін баспасөзге ұсынбадым.
– Демек, өлең де, проза да жазып байқаған немесе жинаған тәжірибеңіз әдеби сын жазуға да «көмегін» тигізген болар?
– Әрине. Жаңылмасам, Горькийдің Цвейгке жазған хатында ғой деймін, «жазушыны жазушы жақсырақ түсінеді» дейтіні. Бұл шындыққа талай рет көзім жеткен. Айталық, «таза» сыншы немесе сыншы-ғалым, ғалым-әдебиетшілер көркем шығарманың мазмұнын, идеясын, концепцияларын, образдар галереясын, оқиға-сюжетін, құрылымын көре алады. «Әңгімесі» үнемі сол төңіректе. Алайда шеберлік тереңіне, құпияларына бойлай алмайды. Жазушы немесе ақынның сөз саптау, суреттеу шеберлігі, сөз байлығын, бейнелеу мүмкіндіктерін пайдалану тәсілдері, ырғағының «аяқ алысы» мен көркемдік қажеттілікке қарай құбылу кілтипандары, баяндау мен суреттеу, оқиға, ситуация өрбіту, көзге көрінбейтін, тек эстетикалық-эмотивтік түйсікпен ғана сезінуге болатын көркемдік иірімдер ағысын, психологиялық процестер динамикасының сипатын, сөз қолдану мен сөйлемді пайдалану пластикасы, ішкі тынысы, сөз дауысын құбылта білуі, болмысты көру ерекшелігі мен бейнелеу айрықшалығына мәтіннен нақты мысалдар келтіруі қиынға соғады. Соның салдарынан ортақол шығарма да, ортанқолдай шығарма да бір дәрежеде бағаланып, қаламгерлердің наразылығын, кекесінін немесе мүсіркеуін тудырады.
– Деректерге зер салсақ, сіздің замандастарыңыздың ішінде сол кездегі одақтық басылымдарда мақалаларын жариялағандар сирек екен. Әсіресе, балалар әдебиеті жоққа тән. Неге?
– Неге екенін жаңа аздап айтқан сияқтымын. Ол кезде қазақ балалар әдебиеті кенжелеп дамыған деген олқысыну ғылыми ортада да, одақтық сында да басым болатын. Ауызға алуға лайықты жалғыз шығарма – Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым Қожасы» ғана еді.
Алпысыншы жылдардың аяғы, жетпісінші жылдардың басында Қазақ ССР баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақстан Жазушылар одағы, республикалық «Жалын» баспасы бірлесіп, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларға бәйге жариялады. Сол байқау арқылы көптеген жаңа, жас талап қаламгерлер танылды, балалар әдебиетінде бұрын көріне қоймаған, өз кезінің өзекті шындығына назар аударған проблемалық шығармалар жазылды, детективті, таңғажайып оқиғалы туындылар дүниеге келді, қыруар тың характерлер, образдар жасалды. Идеялық рупорға айналған, кілең ұнамды кейіпкерлерден тұратын, тартыстары да, оқиғалары да жасанды, селт еткізбейтін, арзан дидактиканы талғажау еткен туындылар күрт азайды. Енді жаңа кезеңнің биік талабына жауап беруге ден қойған шығармалар көптеп жариялана бастады.
Осылардың кейбірін болмаса, көпшілігін бүкілодақтық оқырман біле қоймайтын. Сондықтан Мәскеуде 1982, 1985, 1988 жылдары өткен балалар әдебиеті сыншыларының Бүкілодақтық семинарларында, СССР Жазушылар одағы балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің 1990 жылы қазан айының 6-7 күндері «Мектепке дейінгі және жеткіншектерге арналған көпұлтты совет әдебиеті. Мәселелер. Даму жолдары» деген тақырып бойынша өткізген пленумында, ең соңында балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жазушыларының 1991 жылы 11 қыркүйекте Мәскеуде болған Бүкілодақтық Ассоциациясының конференциясында қазақ балалар әдебиетінің жай-күйі, көркемдік құбылыстары жайында баяндама жасауыма тура келді. Ұшақта ұшып бара жатқанда қатар отырған Тұмағаңа – Тұманбай Молдағалиевқа «Аға, маған да сөз беріп қалса, мынаны оқып шықсам, қалай болар екен? Сіз талай съезд, пленумдарға қатысып жүрсіз, білесіз ғой, қораш көрініп қалмаймыз ба?» деп, орысшалатып алған баяндама-сөзімді ұсындым. Тұмағам асықпай, қадалып оқып шықты. «Мынауың тұлпар сөз болады» деп, дем берді. Сол кездегі белгілі, беделді журналдар – «Вопросы литературы» мен «Детская литература» сұрап, жариялауды жоспарлағанда, Совет одағының тарап кетуі кедергі жасады.
– Семинарларда жасалған барлық баяндамаларды жариялаушы ма еді?
– Жоқ, таңдаулыларын ғана. Мәселен, Мәскеуге сол кездегі одақтас 15 республикадан іріктеліп, кем дегенде, отыз шақты әдебиетші келеді. Оған Мәскеу, Ленинградтан, автономиялық республикалардан келетіндерді қосыңыз. Додаға түскендей боласың. Жалпы мәжілістен кейін топтарға бөлініп, сол талқы лауда сыннан өткен баяндамаларды топ жетекшілері Жазушылар одағы басқармасының балалар әдебиеті жөніндегі кеңесінің қолдауы арқылы журналға ұсынады.
Журналда алдымен редакция қызметкерлері, басшылары қарап, редакция алқасы мүшелері мақұлдаса, жарыққа шығаруға ұсынады. Бүкілодақтық «Детская литература» журналында мақалаларымның шығу себебі осындай.
– Дегенмен, қазақ балалар әдебиетін шет елдерде насихаттау ойдағыдай емес қой.
– Насихаттау үшін дүниежүзілік классикалық әдебиеттің көлеңкесінде қылжиып, бүрісіп жататын әлжуаз шығармалар емес, айыз қандырып, ауыз толтырып айтатын келісті туындылар қажет. Әрі соларды шет тілдерге аудару қажет. Біздегідей қазанның қасында жүргендерді тәржімалауға ұсыну ең алдымен өзімізге абырой әпермейді. Балалар әдебиетінің алуан мәселелері туралы келелі кеңес өткізу, жанрлардың дамуына арналған монографиялық зерттеулер жүргізу, заманның, қоғамның ықпалын әлеуметтік сауалнамалар арқылы пайымдау, көркемдік деңгейі, шеберлік жайы туралы әңгімені бір ғана Қазақстан Жазушылар одағына ысырып тастау мүлдем дұрыс емес. Мемлекеттік тұрғыдан мән беріліп, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері айрықша назар аударуы, мемлекеттік гранттар бөліп, балалар әдебиетіне жаны ашитын, әрі білікті маман әдебиетшілерді жұмылдыруы қажет. Осыдан-ақ біздің қаншалықты кешеуілдеп жатқанымызды, коррупция мен дүмбілездіктің экономикаға, ғылым-білімге, балаларымызға қаншалықты салқынын тигізіп жатқанын шамалау қиын емес. Басқаны айтпағанда, балалар әдебиетіне арналған баяғы және кейінгі жабық, ашық конкурстарда да қандай «қамқорлықтар» жасалғанын арада жылдар өткеннен кейін ғана біліп отырмыз.
– Қашанғы солай бола береді?
– «Төзім – жақсы қасиет. Бірақ ұзақ төзуге өмір қысқа» деген Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің сөзі еске түседі. Шыдам таусылған күні «міне» деп, тізіп тұрып айтармыз. Осыдан-ақ байқалмай ма, балалар әдебиеті туралы көзқарастың басқа түгіл өзімізде қандай екені? Демек, шетел түгіл, өзімізде де оңып жатқан жоқ. ЮНЕСКО-ның қолдауымен 1997 жылы 8-11 мамыр күндері «Балаларға арналған кітаптарды шығарудың жаңа стратегиясы және бүгінгі Шығыс және Орталық Еуропадағы кітап оқу мәселелері» деген тақырып бойынша Венада өткен IBBY халықаралық семинарында қазақ балалар әдебиеті туралы айттым. Әлемнің 60- тан аса елінен келген делегаттардың барлығы да балалардың кітап оқуға деген ынтасы азайып бара жатқанына айрықша назар аударды. Сөз алған Австрияның Мәдениет министріне, аты есімде қалмапты, компьютер мен ақпарат құралдарының балаларға ықпалы туралы сұрақ қойып едім, зияны жоқ дегенді айтты. Жапония мен Италия ғалымдарының социологиялық деректерін тілге тиек ете отырып, бұл пікірмен келісе алмайтынымды білдірдім. Семинар қызу да қызықты өткен еді. Одан бері қаншама жыл жылжып жылыстап кетті, шетелде не болып, не қойып жатқанынан мәліметіміз там-тұм ғана.
Еуропа елдерінде балалар әдебиетіне керемет көңіл бөлініп, зор қамқорлық жасалады. Мәселен, Австрияда Г.Андерсен атындағы сыйлықтың лауреаты Кристина Нестлингерді ұлт батыры сияқты керемет әспеттейді. Өз кезінде Совет одағы арнайы шығарған «Детская литература» деген журналдың бас редакторының орынбасары болған П.Френкель оның белгілеген 20 минуттың орнына бақандай екі сағат бөлгенін айтып масаттанғанда, шетел жазушыларының уақыты алтыннан да қымбат бағаланатынына сүйсіндім. Ал бізде ше? Қайран уақыт, қайта оралмайтын жалған дүние!
– Алтын уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге көп рахмет. Мәселелер мен міндеттер көп, әрине. Әдебиет жайындағы әңгімеге алдағы уақытта да шақырсақ, келісіміңізді берерсіз деп үміттенеміз.
– Рахмет. Көрерміз.
Әңгімелескен – Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ