Қонаев қалалық көпбейінді ауруханасында тікелей бейнетрансляция арқылы хирургиядағы, гинекологиядағы және урологиядағы лапароскопия жөнінде шеберлік сыныбы өтті.
«А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ асқазан-ішек жолдарының, эндокриндік мүшелер мен гинекология хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты хирург-дәрігер Әділ Шөкебаев, медицина ғылымдарының кандидаты, Еуропалық гинеколог-онкологтар қоғамының және Қазақстан онкологтары қоғамының мүшесі, Қазақ ОжРҒЗИ онкогинекология орталығының жоғары санатты онкогинеколог дәрігері Орынбасар Бертілеуов және Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-ы онкоурология орталығының басшысы, Ресей онколог-урологтары қоғамының, Еуропа және Америка урологтар қоғамдарының мүшесі Хусан Өмірзақов сынды айтулы мамандар өздерінің жылдар бойы жинаған тәжірибелерімен бөлісті.
Дәрігерлер гастроэзофагеалды үдемелі асқазан дертіне ұзақмерзімді консервативті ем тиімсіз болғанда ғана ота жасау қажет екендігін атап көрсетті. Мұндай жағдайда Ниссен әдісі бойынша лапароскопиялық фундопликация жақсы әсер ететіндігі дәлелденген. Шеберлік сыныбында аталған отаны дәрігер Әділ Шоқабаев жасады.
Бұдан кейін лапароскопиялық әдіспен жатырды алып тастаудағы жарақат көлемінің аз болуы да айтылды. Бұл жайында жоғары санатты акушер-гинеколог Айман Рақышева баяндап, лапароскопияның артықшылығын іс жүзінде көрсетті. Мұндай әдіс қатерлі ісікті алып тастауда айналасын қатты зақымдамайды. Асқыну тәуекелі төмен болады. Науқас тез оңалады. Жараның орнында қалатын тыртық та онша үлкен болмайды.
Қонаев қалалық ауруханасы дәрігерлерінің лапароскопияны қолданып жүргендеріне он жылдан асқан. Шеберлік сыныбы дәрігерлердің біліктілігін арттыруда өзіндік үлес қосты. Ақ халаттылар еліміздің жетекші ғылыми орталықтарының мамандарымен өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін тағы да шыңдай түсті.
Бейбіт Мекеев,
Қонаев қаласы