Еліміздің оңтүстік өлкелерінде халық саны еселеп артып, тіршілікке қажетті жер тарылып бара жатса, солтүстік облыстарымыз қаңырап бос қалып, құнарлы өлке құлазып жатқаны жасырын емес. Алматы қаласының маңындағы аудандарда халықтың саны 250-300 мыңнан асып жығылса, солтүстікте бір ауданда тұрғындар 30-40 мыңнын әр жақ, бер жағында. Осы бос жатқан жерлерге көзінің сұғын қадап отырған көршілеріміздің күңкіл сөздерін күнара естіп жүргеніміз де ақиқат. Сондықтан, солтүстіктегі жерлерге халықты қоныстандырып, оларды еңбекпен қамтып, жұртшылықтың әлеуметтік мәселелерін шешумен қатар, бос жатқан жерлерге халықты қондыру арқылы елдің қорғаныс қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиялық маңызы бар мәселе. Осыған байланысты жуырда Қарасай ауданына Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері келіп кетсе, енді Павлодар облысының өкілетті адамдары ат басын тіреп, тұрғындармен кездесу өткізді.
Қаскелең қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде өткізілген алқалы жиынды аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Абылай Зуайда ашып, жүргізіп отырды. Ал, солтүстіктен келген қонағымыз, Павлодар облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің жетекшісі Нұрдан Әшімов аталған бағдарлама мен облыстың бүгінгі жай-күйі жайлы жан-жақты әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, осы бағдарлама қолға алынғаннан бері Алматы облысынан Кереку өлкесіне 3,5 мың адам көшіп барған. Олардың барлығы бүгінгі күні баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілген. Ал, алдағы уақытта солтүстікке қоныс аударамын деушілерге қиындық тудырмау үшін барлық жағдай ойластырылып қойылған. Атап айтқанда, келушілер жағдаймен танысып, қай жерге баратыны жайлы шешім шығарғанынша Павлодар қаласында тұрақтап, тегін жатақханға тоқтауына болады.
Бағдарлама қоныс аударушылар үшін өте оңтайлы жасалғанын айта кету керек. Атап айтқанда, мұндай отбасының әр мүшесіне 241 500 теңге көтерме ақы төленеді. Сонымен қатар үй сатып аламын деушілерге пәтер құнының 50 пайызын мемлекет өз мойнына алмақшы. Мысалы, пәтер 6 млн. теңге болса, оның 3 миллионын мемлекет төлейді. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша барған жастарға да жасалатын жеңілдіктер көп.
Қонақтардың айтуынша, ерлі-зайыпты адамдардың бірінде жоғары білімі жөніндегі диплом болғаны жақсы. Ал, кәсіпкерлікпен айналысып, өз бизнестерін ашуды жобалағандардан диплом талап етілмейді, оларда тек жеке кәсіпкерлік туралы құжаттары болса жеткілікті. Бұл жақта бизнеспен айналысамын деушілерге үлкен мүмкіндіктер бар. Атап айтқанда, бір гектарға дейін жер телімін алып мал ұстауға, жеміс жидек немесе мал азығын өсіруге болады. Облыста қызмет көрсету саласы кенже дамығандықтан, қоғамдық тамақтандыру орындарын, сұлулық салондары мен кондитерлік цехтар, көлік жөндеу орталықтарын ашу өте тиімді әрі табысты.
Екібастұз қаласы әкімінің кеңесшісі Сансызбай Төлеубаевтың айтуынша, өз еркімен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы 2027 жылға дйін жүзеге асырылатын болады. Осылайша оңтүстіктегі жер тапшылығын азайтып, солтүстіктің стратегиялық мәселелерін шешу көзделген. Бір ғана мәліметке жүгініп көрейік: Қарасай ауданында ғана 320 мыңға жуық адам тұратын болса, бүкіл Павлодар облысындағы халықтың саны 760 мыңнан аспайды. Бұл өз кезегінде, жұмыс күшінің жетіспеушілігі мен өңірдің тұрғындар санының азайып кету қаупін тудырады. Осыған байланысты солтүстік аймақтарға өзге жерлерден халықты көшіру өте маңызды. Бүгінде қалада Сәтбаев атындағы каналда ғана 100 жұмыс орны бос тұр. Осындай мамандарды қажет ететін мекемелер мұнда жеткілікті. Демек, қоныс аударушылар жұмыссыз қалмасы анық.
Жиында өлкедегі Ақтоғай, Павлодар, Железинский аудандары жайлы да мәліметтер айтылды. Облыс орталығының айналасында орналасқан Павлодар ауданында өнеркәсіп жақсы дамыған. Демек, жұмысшы мамандар қажет. Ал, өзге аудандарда аграрлық сала басымдыққа ие. Өңірдің барлық елді мекендері дәрігер, мұғалім, бухгалтер, жүргізуші сияқты мамандарға аса зәру. Осы аталған мамандық иелері тартынбастан солтүстікке аттанып, жаңа тіршілік бастай беруіне болады.
Бүгінде облыста 56 білім беру мекемесі жұмыс жасайды екен. Кейбір ауылдардағы бір кездері салынған үш қабатты мектеп ғимараттары бүгінде жартылай бос тұр. Бұл қоныс аударған отбасы балалары үшін де өте қолайлы болатыны сөзсіз.
Керекулік қонақтардың ұсыныстарын қарасайлықтар қызығушылықпен тыңдады. Олар көші-қон мәселелері жайлы өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, кейбір мәселелерді анықтап алуға талпынды. Мысалы төрт баланың анасы Жәзира Жиянова бұл жақта тәжірибе жинақтағандықтан Павлодар өлкесінде кекілік асыраудың мүмкіндіктері жайлы, жұбайы тау-кен саласының маманы болғандықтан оңтайлы кәсіп табылатыны жөнінде білгісі келді. Халықты солтүстік өңірлерге өз еркімен қоныстандыру бағдарламасы жан-жақты ойластырылып, жақсы дайындалғаны қарасайлықтардың қызығушылығын тудырды. Жиынға қатысушыларға осы жерде Павлодар облысы мен аудандары жайлы толық мәліметтер жазылған кітапшалар мен байланыс нөмірлері табыс етілді. Сонымен қатар, бағдарлмаға қызығушылық танытқандар Шамалған ауылындағы аудандық еңбекпен қамту орталығынан толық мәліметтер ала алады. Ендеше, Кереку өңіріне барып ол өлкені қазақыландырамын, еңбек етіп, мемлекетімді көркейтемін деушілерге мол мүмкіндіктер туып отыр.
Қуат Әбіл,
Қарасай ауданы